АҚШ билігіне Трамп келген күннен бастап Украйна мен Ресей арасындағы соғысты тоқтату, бейбіт келісім жасау мәселесін қолға алып, білек сыбана әрекет жасап жатыр. Халықаралық Гаага соты қылмыскер деп танып, сырттай соттаған Путинмен Трамп Альяскада кездесіп, бейбіт келісімге келу жайын талқылады. Трамптың бұл әрекетінен қандай нәтиже шығарын уақыт көрсетеді, дегенмен де мына нәрсе қазір айқын: Украина президенті Владимир Зеленскии де, Ресей президенті Владимир Путин де соғысты тоқтатып, бейбіт келісімге келуге қарсы емес. Яғни, соғыстың тоқтайтын уақыты жақын қалды деп айтуға болады.
Ресей соғысты қай бағытта жалғастырады?
Соғыс тоқтап, бітімгершілік келісім жасалды дейік, содан кейін не болмақ? Өз тарихында көрші елдердің бәрімен соғысқан және соғыссыз отыра алмайтын Ресейдің бейбіт келісімнен кейін толайым бейбітшілікке көшуі екіталай. Ол туралы сарапшылар айтып, жазып жатыр. Экономикасы түгел соғысқа байланған Ресей үшін соғысты тоқтату тиімсіз ғана емес, қатерлі де. Сондықтан да, Путин қалай болғанда да соғысты одан әрі жалғастуыруға тырысары анық. Мәселе мынада: ендігі арада Ресей аттың басын қай бағытқа бұрмақ?
Әхзірбайжанмен арадаға қатынастың соңғы кезде қатты шиеленісуіне байланысты бірқатар сарапшылар Ресей Әзірбайжанға шабуал жасайды деп айтып, жазуда. Енді біреулер әскер саны аз, қарулы күшінің қауқары жетімсіз Қазақстан Ресейдің келесі құрбаны болады дейді. Ресей басқыншылығына ұшыраған Украйнаның қазіргі жайын көріп, біліп отырған біздер ондай соғыстың бетін аулақ қылсын деп тілейміз.
Бейбіт келісім туралы алғашқы қадамдар жасалып, әлем елдеріне әмірін жүргізетін алпауыт АҚШ-тың президенті осы мәселемен тікелей айналысып жатқандықтан, келісімнің ерте ме, кеш пе бір жасалатыны анық болып отыр. Осыған орай, Ресеймен іргелес елдер арасында келесі құрбандық кім болар екен деген алаңдаушылық туатыны белгілі. Қазақстанның солтүстік облыстарын біздің атақонысымыз деп үнемі айтып жүретін ресейліктердің ендігі басқыншылық нысаны біздің еліміз болуы мүмкін екендігін теріске шығаруға болмайды. Десе де, дәл қазіргі жағдайда Путин қазақ еліне шабуыл жасайды деуге оншалықты негіз жоқ. Оған себеп болатын біраз жайлар бар.
Ең алдымен, алып көрші Қытай мемлекеті, оның қазіргі басшысы Си Цзин Пин биік мінберлерден әлденеше рет Қазақстанның аумақтық тұтастығы мен тәуелсіздігін қамтамасыз етуге мүдделі екендіктерін ашық айтты. Соңғы рет Қытайда өткен Шанхай қауымдастығының форумында Қытай басшысының еліміздің президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ерекше ілтипат көрсетуі Путиннің назарынан тыс қалмағаны анық. Яғни, мұның астарында да Қытай басшысының Путинге қазақ елінде шаруаң болмасын деген емеуріні жатқаны белгілі. Қытайдың Қазақстанға былайша ықылас танытуының себептері бар. Ең алдымен, ол экономикалық мүддеге байланысты. Қытайдың нарығында үлкен орны бар Батыс елдеріне құрлық арқылы тасылатын тауар транзитінің 85 пайызы қазақ жерінен өтеді екен. Оған қоса, Қытай Қазақстаннан мұнай өнімдері, астық, басқа да шикізаттар алады. Сонымен бірге, екі елдің бірлескен көптеген кәсіпорындары біздің еліміздің аумағында жұмыс жасауда. Осы жайлардың бәрі Қытай үшін Қазақстан тиімді әріптес екендігін көрсетеді.
Қазақстанның тәуелсіздігі мен тұтастығына мүдделі тағы бір ел — Түркия. Ел президенті Ердоған да биік мінберлерден әлденеше рет қазақ еліне өзге мемлекеттер тарапынан басқыншылық бола қалса, достық көмек беретінін ашық мәлімдеді. Бұның бәрі де Путиннің назарынан тыс қалмағаны анық.
Еуроодақ елдері соғысқа дайындалуда
Күні кеше Белорусь аумағында Польшамен шекарада өткен Ресей мен Белорусь қарулы күштерінің біріккен оқу-жаттығуы НАТО елдерін қатты алаңдатқаны ақпарат құралдарының хабарларынан анық байқалды. Ядролық жарылғыштар тасымалдайтын ракеталық қондырғылар қатысқан оқу-жаттығудың кімге қарсы бағытталғаны айтпаса да түсінікті.
Осының алдында ғана Ресейдің 19 дронының Польша аумағына өткені Батыс елдері тарапынан үлкен пікір туғызған болатын. НАТО күштері сонша дронның тек үшеуін ғана атып түсірген. Бұл оқиға кездейсоқ болмағаны, Путиннің НАТО күштерінің дайындығын тексеру мақсатында жасалғаны айтылып, жазылуда. Қалай десе де, осы оқиға НАТО қорғанысының әлсіздігін көрсетіп берді. Бұның өзі Путиннің соғыс біткен соң әскерін қай бағытқа бұратынын айқындауға көмектеседі деп айтуға негіз бар.
Белорусь жеріндегі оқу-жаттығуға қатысқан Ресей әскері мен әскери техникалары Польша шекарасында қалып қойды. Оған қоса, Латвия шекарасында да Ресейдің үлкен қарулы әскері тұр. 2022 жылы Украинаға басқыншылық соғыс қарсаңында сол елдің шекарасына әскер шоғырландырылғаны белгілі. Ресейдің қазіргі әрекеті де соны еске салады.
Осы жайлар Батыс елдерін үрейлендіріп, үлкен соғысқа дайындалуға итермелеуде. АҚШ президенті Трамп НАТО-ны қаржыландыруды тоқтататынын, Батыстан өз қарулы күштерін әкететінін әлденеше рет мәлімдеді. Бұның өзі Батыс елдерін өздерін қорғауды АҚШ-сыз өз күштерімен жүзеге асыруға тура келетінін түсінуге мәжбүрлеуде.
Әлеуметтік желілерде жүрген бірқатар видеолардан Германияда соңғы кезде бомба жарылысынан қорғанатын орындардың қалпына келтіріліп, медициналық мекемелерде жараланған адамдарды жедел қабылдау оқу-жаттығулары көп өткізіліп жатқанын білдік. Финляндия Ресеймен шекарасын тарс жауып тастады. Польша тіпті, Белорусь арқылы өз жерінен өтетін пойыздарды тоқтатты. Еуропа елдеріне осы жол арқылы тауар шығаратын Қытайдың жолды ашу туралы ұсынысын Польша үкіметі қабылдамады.
Батыс елдері соңғы жылдары қорғаныс мақсатына бөлетін қаржы көлемін еселеп арттырған. Бұл елдер қазір жанталасып қаруланып жатыр. Германия соғыс бола қалған жағдайда әскерге жедел шақыру шараларын пысықтап, дайындық жұмыстарын жүргізуде. Норвегия әскер санын көбейтіп, қазіргі заманғы соғыс техникаларымен жабдықтауды күшейткен.
Болашақты дәл болжап ешкім де айта алмайды. Бірақ та, қалыптасқан жағдайларға талдау жасай отырып, жақын болашақты болжайтын сарапшы мамандар бар және олардың болжамдарының көбі нақты өмірде жүзеге асып жатады. Қазіргі сарапшылардың болжамдарынша, адамзат баласы өткен ғасырдағы сияқты жахандық үлкен соңғыс қарсаңында тұр. Милиондаған адамның өмірін жалмап, айтып жеткізгісіз қайғы-қасыретке ұшырататын қанды соғысты болдырмауға мүмкіндіктер де бар. Ол үшін саясаткерлер эмоцияға берілмей елдің болашағы үшін бейбіт келісімдер жасаудың барлық мүмкіндіктерін пайдаланулары керек.
Қалкөз Жүсіп.