Ресми дерек бойынша соңғы бір жылдың ішінде елімізде 208 мың орта және шағын кәсіпкерлік нысандары жабылған. Бұл бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш дейді сарапшылар. Шағын кәсіпкерлердің жаппай жабылып жатуының бірқатар себептері бар. Сол себептердің бірі өткен жылы қабылданған салық кодексіне енгізілген өзгерістер. Ол өзгерістердің бастысы: қосымша құн салығы мөлшерлемесінің өсуі. Бұның өзі бұрын да қалт-құлт етіп әзер күнін көріп отырған кәсіпкерлерді мүлде тұралатып тастаған.
208 мың кәсіпкерлік нысандарының жабылуы ел экономикасына ғана емес, халықтың әлеуметтік жағдайына да айтарлықтай кері әсерін тигізеді. Әрине, шағын кәсіпкерлердің бәрі өндіріспен айналысатын еліміздің экономикалық көрсеткіштеріне елеулі үлес қосып отырған ұйымдар емес. Олардың дені саудамен, қызмет көрсетумен айналысатындар. Соған орай, жүздеген мың кәсіпкерлердің жұмысын тоқтатуы өндіріске анау айтқандай кері әсерін тигізе қоймас, дегенмен де, халықтың тұрмыс жағдайына айтарлық әсер етері сөзсіз. Өз кәсіптерін жапқан кәсіпкерлер енді күнкөрістік жұмыс іздейтіні белгілі. Бұның өзі жұмыссыздық деңгейін көтеріп, халықтың тұрмысына елеулі кері ықпалын тигізбек. Сондай-ақ, кәсіпкерлерден бюджетке салық ретінде түсетін түсім көлемі азайып, бұл да халықтың әлеуметтік жағдайына залалын келтіретіні анық.
Бұл арада «неге бұлай болды, кім кінәлі?» деп айыптыны іздеудің қажеті болмас. Шындығында, нарық жағдайында шағын кәсіпкерлерді алып компаниялардың жұтып қоюы заңды құбылыс болып саналады. Ал салық кодексіне енгізілген өзгерістер және басқа да бұған әсерін тигізген жайлар негізгі себеп болып табылмайды. Нарықтық қоғам дамыған сайын ақырындап шағын және орта кәсіпкерлердің үлесі азайып, бәсекеге төтеп беретін ірі кәсіпорындар ғана қалатынын өмір шындығы көрсетіп отыр. Бұндай өзгерістерден барлық капиталистік мемлекеттер өткен. Қазақстанда да сондай құбылыс жүріп жатыр. Соңғы бір жылда 208 мың шағын кәсіпкерлердің өз жұмысын тоқтатуы осындай құбылыстың салдары екені даусыз.
Сөйтіп, нарық талабына жауап бере алмаған шағын және орта кәсіпкерлер ақырындап нарықтан кетіп жатыр. Бұл үдерістің жылдамдауына соңғы кезде пайда болған интернет бизнес аталатын бизнестің жаңа саласы да үлкен ықпалын жасады. Дамыған бақуатты елдерде бизнес негізінен интернетке еніп, ғаламтор арқылы жүргізілетін болған. Бұл құбылыс соңғы жылдарда бізге де жетіп, ақырындап классикалық байырғы кәсіпкерлікті ығыстыруда.
Интернет бизнестің тиімділігі неде? Онда аудитория шексіз және шекара деген жоқ. Сіз Қазақстанда отырып Қытайдың, не Американың атақты компаниясының өніміне интернет арқылы тапсырыс беріп, ала аласыз. Бұл арзан және сапалы тауарға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Жыл өткен сайын интернет арқылы жасалатын сауда көлемі артып, ол дүкен немесе базарда сауда жасайтын сатушылардың қызметіне деген сұранысты кемітуде.
Базардан орын алып, сауда жасайтын саудагер Қытайдан немесе басқа алыс-жақын шет елдерден тауар әкеледі. Оған барып-келуге қыруар ақшасын жұмсайды. Базардағы орынға төлейтін ақыны қоссаң, шығын көлемі одан да көбейеді. Міне, сол шығындарын жауап, оның үстінен пайда табу үшін сатушы амал жоқ тауарға екі, одан да көп есе баға қосыда. Осылайша, базарда немесе шағын дүкендерде сатылатын тауар бағасы шарықтап өседі. Ал өз өнімдерін интернет арқылы саудалайтын ірі компаниялар тауарға бағаны онша көп қоспайды. Сондықтан, олар ұсынған тауар бағасы базар нарығынан көп төмен болады. Бұның өзі қарапайым халықтың интернет магазиндердің өнімін алуға деген ынтасын арттырады.
Мен тұратын үйдің маңындағы шағын дүкендердің біразы жабылып қалды. Ал Sulpak, Inmart сияқты дүкендер желілері бар ірі сауда компаниялары қалыпты жұмыс жасап тұр. Яғни, қазіргі нарық бәсекесі оларға анау айтқандай залалын тигізбеген. Егер де, бұл компаниялар саудаларын уақыт талабына сай бейімдеп, интернет саудасына көбірек ден қоятын болса, әлі де ұзақ жылдар нарықта жемісті жұмыс істейтіндері даусыз. Дегенмен де, қазір мемлекеттік шекара атаулыны білмейтін трансұлттық Амазон, Алибаба сияқты интернет компаниялармен бәсекеге түсу үшін білім де, біліктілік те қажет болады.
«Заманды өзгерту қолыңнан келмесе, соған қарай бейімдел» деген екен бір ғұлама. Заман талабына бейімделе алмаған еліміздегі бұрын табысты жұмыс жасап келген 208 мың шағын және орта кәсіпкерлік нысандары жабылғанын жоғарыда айттық. Бұл жоғары технологияға негізделген нарық қоғамының алғашқы құрбандары. Ондай құрбандар алдағы уақытта көбеймесе, азаймасы анық. Неге десеңіз, қазір жасанды интелектке негізделген цифрлық технология көптеген мамандықтарды мүлдем қажетсіз етуде.
Қытайда үлкен бір порт адамның қатысуынсыз жасанды интелект арқылы жұмыс жасайды екен. Онда онға тарта адам ғана қызмет көрсету жұмыстарымен айналысады, басқа жұмыс түгелімен жасанды интелектінің көмегімен орындалады. Күн сайын ондаған кеме келіп, мыңдаған тонна заттар түсіріліп, қоймаларға жөнелтіледі, одан елдің басқа аумақтарына жіберіледі. Бәрі адамның қатысуынсыз жасанды интелект арқылы жасалады.
Жүргізушісі жоқ таксилер, робот курьерлер сияқты цифрлық технологияның жетістіктері алдыңғы қатарлы дамыған елдерде әлдеқашан үйреншікті құбылысқа айналған. Жасанды интелектпен жарақталған сатушысы жоқ дүкендер саны Қытайда жыл санап көбеюде. Ал Батыс елдерінің бірінде министрді жасанды интелектпен ауыстырған. Яғни, министрдің міндетін енді жасанды интелект атқарады. Бұндай құбылыстар ақырындап бізге де жететіні анық. Ол кезде милиондаған жалақы алатын жемқор шенеуніктердің қажеті болмайды, министр де, әкім де, депутат та жасанды интелект болады. Олар жалақы, пара алмайды, уақытпен санаспай күндіз-түні жұмыс істейді, ауырмайды. Жасанды интелект ақырындап дәрігер, мұғалімдерді де ығыстырып, олардың жұмысы да соларға жүктеле бастамақ.
Бүгін 208 мың шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын адам нәпақасынан айрылса, ертең милиондаған адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Сонда не істемек керек? Заманды өзгерту қолымыздан келмейді екен, сондықтан оның талабына бейімделуіміз қажет. Яғни, жасанды интелект араласпайтын салалардың маманы болуымыз шарт. Әрине, ондай салалар онша көп те емес. Сондықтан, түптің түбінде көп адамдар жұмыссыз қалып, күнкөрістік нәпақа табу қиындайтыны анық.
Осы жайдан не түйіндеуге болады? Таяудағы онжылдықта жүзеге асатын осынау өзгерістерге болашағына бей-жай қарамайтын әрбір адам дайын болуы керек. Жасанды интелектінің жемсауына түсіп, жоғалмайтын салалардың бірі – ауыл шаруашылығы екен. Қазақтың өткен ғасырларда айтып кеткен «асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар» деген сөзі қазір шындыққа айналып отыр. Ауылға барып, өзіңнің қосалқы шаруашылығыңмен айналыссаң, ашықпай, тарықпай өмір сүруге болады. Жер үйің, 20-30 сотық жерің, бау-бақшаң мен төрт түлік малың болса, сонымен еш қиындықсыз жан бағуға мүмкіндік бар.
Бұрынырақта адамдар ауылдан қалаға қашса, енді керісінше, қаладан ауылға ағылатын заман келе жатқан сияқты.
Қалкөз Жүсіп.







