Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлемде қалыптасқан халықаралық саясат қазір біршама өзгерді. 2022 жылы Ресейдің тәуелсіз ел Украинаға басқыншылықпен басып кіруі өткен ғасырда қалыптасқан халықаралық қарым-қатынасқа үлкен сызатын түсірді. Күштінің әлсізді құлдыққа салуы қалыпты жағдай саналатын ертеден қалыптасқан саяси ұстаным 21-ші ғасырда қайта бас көтерді.
Саяси сауаттылық не үшін керек?
Саяси сауатты адам болып жатқан жағдайларға талдау жасап, болашақты болжай алатын көкірек көзі ашық адам. Ол үшін терең білім қажет. Өткен ғасырдың басында саяси ахуал шиеленісіп тұрған тұста қазақ зиялылары екі топқа жіктелгендігі тарихтан белгілі. Сейфуллин, Мұқанов, Жансүгіров, Майлин сияқты оқып, жаза алатын орталау білімі бар қазақтар бірден кедей мен байды теңестіреміз деп ұрандатқан большевиктер жағына шығып, соларға қызмет етті. Ал университет, институт бітірген жоғары білімді көкірек көзі ашық және халықаралық жағдайлардан хабардар Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатов сияқты азаматтар ұлттық мемлекет құрып, тәуелсіз даму жолына түсуді армандады және жәй армандап қоймай сол жолда нақты әрекеттер жасады.
Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мұхамеджан Тынышпаев, Жанша Досмұхамедов сияқты жоғары білімді орыс және басқа да біршама шет ел тілдерін білетін азаматтар қазақтың ұлттық автономиясын құруға талпынып, Алашорда партиясын құрды. Мұстафа Шоқай одан да әрі кетіп, Орта Азиядағы түркі тілдес халықтардың басын қосып, Түркістан республикасын құрды. Дегенмен де, алашордалықтардың да, түркістандықтардың да мақсаттары толық орындалмады. Әскер күшіне сүйенген большевиктер бар билікті күшпен тартып алды. Сталиннің тұсында алашордалықтар қуғынға түсіп, көпшілігі атылды, біразы ұзақ мерзімге лагерлерге қамалды. Мұстафа Шоқай шетелге кетіп, сонда күресін жалғастырды.
Алашордалықтар большевиктер жеңіске жеткен соң біршама уақыт олармен бірлесе қазақ автономды республикасын құру идеясын жүргізді. 1922 жылы сол тұстағы КСРО үкіметінің басшысы Владимир Ленинді көндіріп, қазақ автономды республикасын құруға қол жеткізуде алашордалықтардың рөлі зор болды. Алашорданың белсенді өкілі Әлімхан Ермеков тікелей қазақ автономиялық республикасының шекарасын дайындауға қатысты.
Саяси сауаттылығы төмен Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов сияқты орталау білімді азаматтар бірден большевиктер жағына шығып, солардың сойылын соқты. Сейфуллин біраз уақыт түрмеде отырып, большевиктердің билігін орнату үшін қиындықтарды бастан өткерді. Кейінірек кеңес үкіметі билікке келген соң большевиктерді жақтаған орталау білімді азаматтардың бәрі дерлік түрлі лауазымды қызметтерге қол жеткізді. Бірақ та, олардың көбі 1937-38 жылғы саяси қуғын-сүргіннен құтыла алмады. Сейфуллин өзі күресіп, қан төгіп орнатқан кеңес үкіметінің құрбаны болып кете барды.
Саяси сауаттылығы жоғары алашордалықтар өле өлгенше ұлт мүддесі үшін күресіп, тарихта жақсы есімдерін қалдырды. Ал керісінше, саяси сауаттылығы төмен, ұлттың ертеңгі жағдайын ойлауға өрелері жетпейтін кеңестік бағыттағы азаматтардың бәрі дерлік большевиктердің өз ұлттарына жасап жатқан қиянаттары мен әділетсіздіктерін көрсе де көрмегенсіп, ұлтына, халқына опасыздық жасады. Мысалы, Сәкен Сейфуллиннің 1932 жылы жарияланған «Жемістер» деген повестінде 1917 жылы туған бала 15 жастағы бозбалаға айналды, сол жылы құрылған кеңес үкіметі де қазір он бестегі бозбаладай толысып, өсіп іргелі мемлекет болды деген жолдар бар. Ал 1931-32 жылдары болған аштықтан қазақ халқының жартсынан астамы қырылғандығы тарихтан белгілі. Ол аштықты Сейфуллин көрмеді, білмеді деуге еш негіз жоқ. Соны көре тұра, ел дамып, гүлденіп жатыр деп жазу ұлтына жасалған опасыздық емей немене?
Кеңестік идеологияның ықпалындағылар
КСРО-ның құлап, еліміздің тәуелсіздік алғанына отыз жылдан астам уақыт өтсе де, әлі күнге дейін сол кеңестік идеологияның құрсауынан құтыла алмай жүргендер көп. Рас, КСРО ыдырасымен бірден кеңестік идеология жойылып кеткен жоқ. Өзін КСРО-ның мұрагеріміз деп жариялаған Ресей кеңестік иеологияны еш өзгеріссіз сақтап қалды. Ресейлік ақпарат құралдары баяғы кеңес заманындағыдай ұлыдержавалық өктемдік саясатын жалғастыруда. Олар тәуелсіздік алып кеткен бұрыңғы КСРО республикаларының егемендігін мойындамай, шовинистік көзқарастары мен ұстанымдарын тықпалаумен келеді.
КСРО ыдырасымен бірден Еуроодаққа кіріп, іргесін аулақ ұстаған Балтық жағалауы елдерінен басқа республикалардың бәрін Ресей өз ықпалында ұстауға тырысуда. Бұл мақсатты орындауда ресейлік ақпарат құралдары өте зор рөл атқарып жатыр. Осы орайда, орыс тіліндегі ресейлік ақпаратты қабылдайтын аға ұрпақ өкілдерінің дені сол ұлыдержавалық ресейлік идеологияның құрсауына түсті.
Тәуелсіз Қазақстанның көкірек көзі ашық азаматтары қазір өткен ғасырдағы қазақ зиялылары сияқты өз көзқарастары мен ұстанымдарына сай екі топқа жіктелген. Ресейлік орыс тіліндегі ақпаратты тұтынатындар Батысты бұрыңғыша жау санап, елімізді Ресейдің провинциясы сияқты сезінетін болды. Олар әдетте ұлттық мемлекетін құруға жасалған барлық талпынысты ұлтшылдық санап, қазақтың тіліне, тарихы мен салт-дәстүріне барынша қарсы әрекеттер жасайды. Ал ақпаратты негізінен ғаламтордан алатын және шет елдерге барып, ондағы өмірді көзімен көріп, куәсі болып жүрген қазақстандықтар ұлттық мемлекет құру идеясын қолдайды және экономикасы Батыспен салыстырғанда артта қалған Ресеймен емес, демократияшыл және жаңа технологияларды меңгерген Батыс елдерімен байланыс жасауды жақтайды.
Бұл екі топ өткен ғасырдың басындағы ұлттық мемлекет құру идеясын жақтаған алашордашылар мен большевиктерді қолдап, ұлттық идеядан бас тартқан шолақ белсенділер сияқты бір-бірімен ымырасыз күресуде. Өткен ғасырдағы саяси сауаттылығы төмен коммунистердің ықпалындағы зиялыларымыздың ұлтымыздың барлық құндылықтарын жойып, ұлт ретінде құрта жаздағанын ұмытқан бүгінгі ресейшілдер де ұлттық идеяға барынша қарсы күресіп бағуда. Ресейлік ұйымдарға арқа сүйеген олар өз ойларын ашық айтып, еліміздің ішкі және сыртқы саясатына қарсы келетін залалды әрекеттерді еш шімірікпей жасайды.
Сондайлардың ықпалымен әлі күнге дейін мемлекеттік мәртебе алған қазақ тілі өз мәртебесіне лайықты деңгейге көтеріле алмай отыр. Сондайлардың қарсыласуымен Петропавл, Павлодар, Рудный сияқты қалалар мен елді мекен атаулары өзгертілмей, бұрыңғы қалпында қалды. Елді мекен, көше атауларын қазақыландыру туралы әңгіме шыға қалса, ондайлар атойлап қарсы шығып, ұлтжанды азаматтардың аузын жабуға барынша тырысып бағады. Тіпті, қазақ тілінде сөйлегені үшін жазғырып, ұлтшыл деп балағаттап, тіл тигізетіндер аз емес. Әлеуметтік желілерде сондайлардың әрекеттері жұртшылық тарапынан үлкен ашу-ыза туғызып, бұл саяси екі топтың ара жігін одан әрі аша түскендей.
Қазақша мектептер ашуға да ресейшілдер барынша қарсыласып, оны саяси науқанға айналдыруға тырысып бағуда. Бұндай тартыс Астанада, Алматы қаласында көп орын алды. Өздері қазақша сөйлеуден бас тартып, балаларын орыс мектептеріне беретін ресейшіл қазақтардың әрекеттері олардың еліміздің ертеңіне мүлдем сенбейтіндіктерін және Қазақстанды Ресейдің провинциясы ретінде көргісі келетіндіктерін анық көрсетеді. Олардың бұл көзқарастары өткен ғасырдағы коммунист қазақтармен егіз қозыдай ұқсас.
Ең басты қатер қайдан?
Алып мемлекеттердің шағын елдерді ықпал аймақтарына айналдырып, байлықтарын тонап, халқын арзан жұмыс күші ретінде пайдаланып жатқан қазіргі кезеңде тәуелсіздігін енді алып, өз бетінше даму жолына түскен Қазақстан ауыр саяси ахуалды бастан өткеруде. Бір жақтан Ресей, екінші жақтан қарқынды дамып келе жатқан алып көрші Қытайдың ортасында тұрған шағын қазақ елінің тәуелсіздігін сақтап қалуы қиын бола түсуде. Қаржылай инвестицияларын салған Батыс елдері мен АҚШ тарапынан да қатер бар. Дегенмен де, қазақ елі үшін қазір ең басты қатер — іргелес Ресейден келіп тұр.
Қазақстан үш ғасырдан астам уақыт бойы бодан болып келіп, тағдырдың жазуымен тәуелсіздігін алды. 7 мың шақырымнан астам ортақ шекарамыз бар Ресей тарапынан еліміздің тәуелсіздігі толық мойындалмай отыр. Солтүстік облыстарымызды Ресейдің атақонысы деп ашық мәлімдеп, оны қайтарып алу туралы сөз көтеріп жүрген аузы дуалы ресейлік саясаткерлердің айтқандарын Ресейдің ресми ұстанымы емес деп жақуаратқандарымен, ел президенті Путиннің бұрыңғы КСРО республикаларына қарата айтылған “кетсеңдер кетіңдер, бірақ бір кезде Ресейден сыйға алған жерлерді қайтарып кетіңдер” деген сөзі елдің ресми ұстанымы екендігі айтпаса да түсінікті.
Назарбаевтың бастамасымен құрылған экономикалық Еуроазиялық одақ шын мәнінде Ресейдің экономикалық жағынан үстемдігін қамтамасыз ететін құрал болып отыр. Ресей өз тауарларын еш кедергісіз Қазақстан аумағына шығарады, ал қазақ елінің тауарларын қырық түрлі сылтау айтып өз елдерінің аумағына кіргізбейді. Қазақстанның милиондаған гектар жері Ресей әскерінің полигоны ретінде тиын-тебенге жалға беріліп, ол жерлер уақыт өткен сайын тозып, құнарлылығын жоғалтуда. Сондай-ақ, еліміздің уран және басқа да маңызды жер асты байлықтарының басым бөлігі ресейлік компаниялардың иелігінде. Бұның бәрі Қазақстанның әлі күнге дейін Ресейдің ықпалынан шыға алмай отырғанын көрсетеді.
Қазақстандағы ақпарат құралдарының басым бөлігі орыс тілінде болса, оның көпшілігі ресейлік ақпарат құралдары. Ресейлік БАҚ түгелдей сол елдің ішкі-сыртқы саясатын насихаттайтын құрал қызметін атқаруда. Ресейлік ақпаратты тұтынатын орыс тілді қазақстандықтар түгелдей сол елдің саясатының ықпалында. Интернеттегі жекелеген блогерлер жүргізетін чат рулетка жобасында қазақстандық ресейшілдер ашықтан ашық қазақтарға, оның тілі мен тәуелсіздігіне қарсы пікірлерін білдіріп жатады. Сондай сепаратистік пікірлері үшін біраз азаматтар сотталды. Олардың арасында тіпті, егер Ресей Қазақстанға басқыншылық жасаса оны қолдайтындықтарын және қару алып қазақ еліне қарсы Ресей жағында соғысуға әзір екендіктерін айтқандар бар. Осындай залалды пікірді ұстанатындар қатары азаяр емес.
Қазір Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтатуға арналған келіссөздер жүргізіліп жатыр. АҚШ президенті Трамп екіжақты келістіріп, соғысты тоқтатуға барын салуда. Егер соғыс тоқтайтын болса, Ресей бейбіт өмірге көшеді деу аңғалдық болар еді. Осы саланы жақсы білетін сарапшылардың пікірінше, Ресей Украинамен соғыс тоқтаған соң көп ұзамай басқа бағытта соғысты жалғастыратын болады. Ол қай бағытта болмақ? Ресей ықпалынан шығып бара жатқан Қазақстан мен Орта Азия республикаларына қарсы ма, болмаса әлсіздеу Армения, Молдоваға қарсы жорық бастала ма? Тіпті, бір сарапшылар Путин НАТО-ның қауқарын байқау үшін Балтық жағалауы елдеріне басқыншылық жасайды дегенді де айтады. Қалай болғанда да, Ресейдің соғысты тоқтатпасы анық.
Біздің еліміздің әскер саласына маманданған жекелеген блогерлерінің пайымынша, Ресейге тойтарыс берер еліміздің қауқары жоқ. Қару-жарақ ескі және бәрі ресейлік, оған қоса еліміздің солтүстік облыстарында тұратын орыс ұлтының өкілдерінің арасында Ресейдің әскерін гүл ұстап қуана қарсы алуға әзір адамдар көп. Осы жайлардың бәрі тәуелсіздігімізге қатердің Ресей тарапынан өте күшті екендігін көрсетеді.
Ресейдің болашағы жоқ
Ғаламторда жасанды интелектінің Ресейдің болашағына қатысты болжам-сараптамасы туралы видео таралды. Жасанды интелект деген көріпкел емес, десе де ол қолындағы бар мәліметтерді талдай отырып, нақты сараптама жасай алады. Ал шебер жасалған бұндай сараптамалық болжамдар әдетте 70 және одан да жоғары пайыздық мөлшерде дәл келіп жатады екен.
Жасанды интелектінің болжамынша, Ресей болашақта ыдырап, көптеген шағын мемлекеттерге бөлшектеніп кетеді. Бұл ыдырау 2027 жылы басталмақ. Ең алдымен Татарстан, Башқұртстан өз тәуелсіздіктерін жариялайды. Оның соңынан басқа республикалар тәуелсіздікке ұмтылады. Сөйтіп, алып держава аз уақыттың ішінде көптеген ұсақ мемлекеттерге бөлшектенеді. Жасанды интелекттің бұл болжамының қаншалықты шындыққа сәйкес келетінін уақыт көрсетеді. Дегенмен де, нақты айғақтарға сүйене жасалған болжамның астарында үлкен ақиқат жатқаны анық. Ресейдің ыдырамай қоймайтынын дәлелдейтін бірқатар факторлар бар, енді соған тоқталайық.
Ресейдің ыдырайтынына ықпал ететін қазір нақты байқалып отырған бірнеше фактор бар. Ең бірінші себеп: бұл экономикалық жадай. Төрт жылдан астам уақыттан бері жүргізіліп келе жатқан соғыс Ресейді әбден титықтатты. Шетелдер тарапынан салынған санкциялардан ел экономикасы тұралап, қаржы жағдайы күн санап ауырлап барады. Қазір сарапшылардың айтуынша, мемлекеттік бюджеттің жетімсіздігі 4 триллион рубльден асқан. Бұл жалпы бюджеттің үштен бірі. Бұның өзі мемлекеттің көптеген міндеткерліктерін орындауына мүмкіндік бермейді. Бюджеттік мекеме қызметкерлері жалақыларын уақытында алмайды, зейнетақы берілмейді, басқа да міндетті төлемдер жасалмайды. Ол өз кезегінде халықтың тұрмысын тұралатып, адамдардың билікке деген наразылығын күшейте түсетіні даусыз.
Екінші маңызды себеп: ұлттық республикалар мен аймақтардың орталық билікке деген наразылығының күшеюі. Биылғы жылдан бастап ұлттық республикаларда ана тілдерін оқытуға бөлінген аптасына екі сағаттың бір сағаты қысқартылды. Бұның өзі ұлттық республика халықтарының өз ана тілдерін сақтауға қиындық келтіретін анық. Бұл жағдай ұлттық республикалардың байырғы ұлттары өкілдері тарапынан наразылықты күшейтуде. Қазір Татарстан, Башқұртсан, Якутия, тағы басқа республикалардың шет елдерде жүрген оппозиция өкілдері тарапынан құрылған азат ету қоғамдары бар. Олар өз елдерін Ресей өктемдігінен азат етуді ашық жариялап жатыр. Ресей үкіметі сәл-пәл әлсірей бастаса ұлттық республикалар тарапынан тәуелсіздікке ұмтылу әрекеті белең алары айқын болып отыр.
Үшінші және негізгі себеп: бұл Ресейдің демографиялық аххуалының нашарлауы. Қазір елде туған сәбилер саны өлген адамдардың санынан азайып кеткен. Яғни, халық саны жыл санап кеміп барады. Әсіресе, орыс ұлтының саны жылдан жылға азаюда. Осыдан бірнеше жыл бұрын статистика агенттігі басшысының орынбасары лауазымындағы адам абайсызда халық саны қазір көрсетіліп жүргендей 143 млн емес, 90 млн екендігін айтып қалған еді. Содан бері өткен біраз жылда бұл көрсеткіш одан да кеми түскені анық. Ресми мәлімет бойынша соңғы 20 жылда Ресейді 34 мың деревня, поселке мен шағын қалалары қаңырап босап қалған. Ұлттық автономиялық республикаларындағы орыс ұлтының саны қатты азайып кеткен. Ресейдің тұтастығын сақтауға орыс ұлтының өкілдері басты әсер етіп келгені белгілі. Орыс ұлтының санының азаюы елдің тұтастығына қатер төндіретін басты фактор болатыны анық. Бұл үдеріс одан әрі жалғасса, енді 20-30 жылда Ресейде орыстар азшылыққа айналатын болады.
Осы аталған негізгі себептер Ресейдің таяу болашақта міндетті түрде ыдырайтынын көрсетеді. Тарихқа назар аударып қарасақ, күшпен орнатылған алып державалардың ешқайссы мәңгі еместігін, біраз уақыт өткен соң олардың бәрінің ыдырап жоғалатынын көреміз. Бұл жай Ресейді де айналып өтпесі анық.
Сен саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады
Қазір адамдардың бәрі оқыған, сауатты, ең төмен дегендерінің орта білімдері бар. Сондай-ақ, кеңес заманындағыдай емес қазір қандай ақпаратқа да жол ашық және ақпарат қолжетімді болып отыр. Соған қарамастан, елімізде болашағы бұлыңғыр ресейшіл саясатты қолдайтындар аз емес. Бұған олардың саяси сауаттылығының төмендігі себеп болып отырғаны белгілі.
Ұлы Абай “заманға жаман күйлемек, замана оны илемек” дейді. Заман ағымын түсінбей, оған бейімделе алмаудың қандай зардабы болатынын кеңес заманында өмір сүрген, нарықтық қоғамға бейімделе алмаған адамдардың өмірінен байқауға болады. Өз басым бұрын тәп-тәуір қызмет атқарған, тұрмысы да жақсы болған жандардың нарыққа бейімделе алмай отбасынан, жұмысынан айрылып, БОМЖ болып кеткендерін көрдім. Әсіресе, аға буын арасында өткен кеңес заманын аңсап, сол кез қайта айналып келсе деп армандайтындар жетерлік. Өліп қалған КСРО-ны енді қайта тірілту мүмкін еместігін олар түсінбейді және жаңа заманға бейімделе алмаған ондайлар өткенді аңсап күрсінумен өмірлерін өткізуде.
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, қазіргі қазақ қоғамында өмір кешіп жатқан бір-бірімен ымырасыз екі саяси топтың өкілдерінің жайы нарыққа бейімделіп, тұрмысын жақсартып алған адамдар мен кеңестік түсінікте қалып қойған, нарық жағдайында қиындықтарға ұшырап, тұрмысын тұралатып алған жандардың жағдайына ұқсайды. КСРО-ны қалпына келтірмек болған Путиннің әрекеті Украинада тоқырап, батпаққа батқанын саяси сауаты төмен ресейшілдер ұғына алмай келеді. Олар күн санап өрісі тарылып бара жатқан орыс әлемі ешқашан өлмейді, жойылмайды деп санайды. Шындығында, орыс әлемі жалғыз Ресейге арқа сүйеп тұрғанын, ертең Ресей ыдыраса, орыс әлемінің онымен бірге мәңгіге өшіп жоғаларын олар түсінбейді.
Өздерінің сепаратистік пиғылдарымен Қазақстан ұстанып отырған ұлттық мемлекет құру идеясына барынша қарсы болып және соны еш бүкпесіз ашық жариялап жүрген ресейшілдер саяси сауаттылықтарының төмендігінен ертең өз жағдайларын қиындатып аларын ұқпай отыр. Мына жағдай дау туғызбас шындық: Ресей ыдыраған күні орыс тіліне қатысты тармақ Қазақстан Конституциясынан алынып тасталады және де, Павлодар, Петропавл сияқты орыстанған елді мекен атаулары қысқа мерзімде қазақыланады, оған қоса, Үкімет, Парламент, жергілікті әкімдіктер түгелдей мемлекеттік тілге көшеді. Сол кезде орыс тілділер елімізде екінші сортты адамдарға айналады. Өйткені, енді олар мемлекеттік қызметке кіре алмайды, басқа да маңызды қызметтер атқаруға қабылданбайды.
Саяси сауатсыздық, елдің, қоғамның даму бағдарын талдап, айқындай алмаушылық адамдардың болашағына залалын тигізеді. “Сен саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады” дегендей, саяси дамудың қайда бағдар ұстанғанын түсініп, заман ағымына бейімделе алмаған адам ертең қиындыққа ұшырайды. Сондықтан, болашағын ойлайтын әрбір адам саяси ахуалды жете түсініп, заман ағымына алдын ала бейімделуге тырысуы қажет.
Қалкөз Жүсіп.








