Басты бетКөзқарасТанакөздерге тиым салынбаса, еліміздің ертеңіне қауіп

Танакөздерге тиым салынбаса, еліміздің ертеңіне қауіп

Сондай-ақ, оқыңыз...

Әлеуметтік желілерде соңғы күндері ақын, аудармашы Танакөз Толқынқызы дегеннің  қазақ халқы туралы айтқан сөздері қызу талқыланып жатыр. Қазақты жерден алып, жерге салған оны шындықты бетке айтатын батыр қыз дейтіндер де, ұлтымызға тіл тигізген арандатушы дейтіндер де бар. Демократиялық қоғамда сөз бостандығы бар, әр адам өз пікірін еркін айтуына құқылы, десе де, әр бостандықтың шекарасы болады, шектен шығатын залалды әрекетке заң шеңберінде тосқауыл қойылуы тиіс. Әйтпеген жағдайда, оның үлкен зардабы болмақ.

Танакөз Толқынқызының сөзі несімен қауіпті? Ол былай дейді: «Қазақтар тәуелсіздігін сақтап қала алмайды.  Себебі ол сапасыз ұлтқа айналған. Принципі жоқ надан ұлт қалыптасты. Жағымпаз, өтірікші, екіжүзді, сатқын, намыссыз, фейк, псевдо ұлт. Өз тілінде сөйлемейді.

Құлдық сана етінен өтіп сүйегіне жеткен».

 

Бір қарағанда қазіргі қазақтың бойындағы бар кемшілігін тізіп айтқан ақын қыздың бұл пікірі шырылдаған шындық деп қабылдануы мүмкін. «Принципі жоқ, жағымпаз, өтірікші, екіжүзді, сатқын, намыссыз» деген пікірлердің бәрімен келісуге болады. Өз тілінде сөйлемей, өзге тілге жабысатындардың көптігі де жасырын емес. Бұл жайында Танакөз Толқынқызысыз да басқалар әрдайым айтып жүр. Оның пікірі несімен қауіпті? – енді осы мәселеге тоқталайық.

 

Орыс шовинистінің «Как управлять казахами» деген кітабын шығарған баспагер  Бақытжан Бұқарбай бұл жөнінде мынадай пікір білдіреді: «Саяси публицистика мен пропагандада «псевдоұлт» деп қолдан жасалған, тамыры жоқ ұлтты айтады. Бұл терминнің саяси салмағы өте ауыр. Мұндай сөздер жай айтылып, сол жерде қалып қоймайды. Ертең ол саяси аргументке айналады. Ал оның логикасы өте қарапайым: егер ұлт «жасанды» болса, онда оның мемлекеті де тарихи тұрғыдан заңды емес. Енді Абаймен бір қатарға қойып, шындықты айтты деп жақтап жатқандарға сұрақ: Абай біз туралы біреу қолдан жасап берген «псевдоұлт» деп қайда жазған еді? Жасанды ұлт дегенді шындық деп шырылдап, не нәрсеге мүдделі болып отырсыз?

Ұлтқа жанашыр болу деген бір, ал дұшпанға ертең өзіңді ататын оқты өз қолыңмен табыстау — мүлде бөлек нәрсе. Осындай қарапайым нәрсені түсінбей, «псевдоұлт» деген үлкен қателікті «шындық» көрсеңдер, жолдарың болсын».

 

Бақытжан Бұқарбайдың сөзінің астарында ащы және үлкен шындық жатыр. Оған көз жеткізу үшін өткен тарихқа назар аударып көріңіз. Ресей пропагандистері Украина туралы дәл осындай ақпарат таратты. Украинаның тәуелсіздігі үшін бар өмірін арнаған Степан Бендерді  орыс пропагандасы «сатқын» деп айыптады, өз ана тілінде сөйлеушілерді «ұлтшылдар» деді, украйндарды  псевдоұлт деп атады. Шын мәнінде укараин деген ұлт жоқ, сондықтан олар құрған мемлекет заңсыз деп дәлел келтіреді орыс пропагандасы. Олар Ресейдің Украинаға шабуылын жасанды ұлт пен ұлтшылдардан халықты азат ету деп санайды.

 

Міне, дәл осы тәсіл қазір Қазақстанға да қолданыла бастағандай. Өткен жылы сотталған ресейшіл блогер Аслан Төлегенов Алаш арыстарын «сатқындар», қазақ тілінде сөйлеушілерді «ұлтшылдар» деп айыптады. Енді міне, Танакөз деген біреу шығып, қазақты «псевдоұлт» деп ашық мәлімдеп отыр. «Псевдоұлт», яғни тамыры жоқ жасанды  дүбара ұлт. Бұндай ұлтта жер де, өркениет те жоқ.  Сондықтан олар құрған мемлекет заңсыз.  Әсіреұлтшыл орыстар  «қазақтарға біз қала салып бердік, біз мәдениет пен өркениет әкелдік» дегенді жиі айтады. Танакөз ақын сондайлардың қолына тамаша құрал тауып берді, енді олар «міне, өз іштеріңнен шыққан қазақ тілді ақындарың қазақтарды «псевдоұлт» деп жатыр, яғни қазақ деген ұлт болмаған, сендер біздің атажұртымызда отырсыңдар» дейтін болады.

 

Думаның бұрыңғы депутаты Федоров деген біреу бар. Ол 1991 жылы КСРО заңсыз таратылды, сол жылы жүргізілген референдумда халық одақты сақтаймыз деп дауыс берген болатын, сондықтан бұл заңсыздықты қалпына келтіру қажет, КСРО-ны қайта құрамыз деп жарияға жар салып жүр. Оны қолдайтындар Ресейде ғана емес, Қазақстанда да аз емес.

 

Жалпы, Ресейдің Украинаға шабуылы бұл елдің қандай сылтау-себепті болмасын пайдаланып, қайткен күнде де бұрыңғы империяны қалпына келтіруге тырысатынын көрсетіп отыр. Ресейдің Қазақстанға қатысты ұстанып отырған ұстанымы да ақыл-есі дұрыс әрбір адамға ұғынықты. Дума депутаты Никонов «Қазақстан деген мемлекет болмаған, ол жасанды түрде құрылған» деді. Осыған ұқсас пікірлерді аузы дуалы біраз саясаткерлерден естідік. Міне, осындай жағдайда Танакөз Толқынқызының «псевдоұлт» туралы пікірі әсіреұлтшыл ресейліктердің көктен іздегенін жерден тауып бергендей болатыны айдан анық.

 

Танакөз Толқынқызының сөзінің қаншалықты қауіпті екендігін түсіну үшін мына бір жайға назар аударайық. Ертеректе Елбасы атанған Назарабевты жер-көкке сидырмай мадақтаудан бір-бірімен жарысатын жағымпаздар  «қазақтың мемлекеті болмаған, сіз тұңғыш қазақ мемелкетін құрушысыз» дегенді айтты.  Тіпті, бір лауазым иесі «Қазақтың 25 ханы 550 жылда жасай алмағанды сіз 25 жылда жасадыңыз» деп көпшік қойды. Міне, осы сөздерді естіген Ресей Президенті Путин өз елінде өткен үлкен бір алқалы жиында  «қазақтарда бұрын мемлекет болмаған, мемлекет енді ғана құрылып отыр» деп салды. Осыны естіп шошыған Назарбаев қателікті түзеу үшін жанталасып сол жылы «қазақ хандығының құрылуының 550 жылдығын» дүрілдетіп атап өтті. Тарихы мыңдаған жылдарға созылатын қазақ мемелкетін тым болмаса 5,5 ғасыр етіп өзгелерге танытайық деген саяси шара еді бұл.

 

Тоқаев бұл әрекетті одан әрі жалғастырып, Жошы ханның 800 жылдығы аталып өтті. Сөйтіп, қазақ мемлекеттілігін әупірімдеп 800 жылға дейін жеткізген болдық.  Жошы ұлысының, Алтын Орданың мұрегеріміз деп мәлімдедік. Бұның бәрі не үшін жасалды? Қазақты тарихы, мәдениеті жоқ «псевдоұлт» дейтіндердің аузына қақпақ қою үшін. Осы мақсат үшін милиардтаған қаржы бөлініп, қазақ хандығы жайында сериалды кинокартина шығарылды, деректі фильмдер түсірілуде, кітаптар шығарылып жатыр.

 

Ал ақын Танакөз Толқынқызы жүргізіліп жатқан сонша жұмысты әп-сәтте жоққа шығарып, қазақты «псевдоұлт» деп әсіреұлтшыл шовинистердің қолына қуатты қаруды беріп қойды. Оны «батыр қыз» деп ауыздары көпіріп мақтап жатқандар істің мән-жайына назар аудармай, өздері жоқшысы сияқтанып жүрген өз ұлты мен еліне қаскүнемдік жасағандарын сезбей отыр.

 

Ақын-жазушы Сайлау Байбосын өзінің фейсбуктегі жазбасында Толстойдан бастап орыстың аузы дуалы  ойшылдарының бәрі орыс халқын жерден алып, жерге салып жамандағаны туралы жазды. Рас, орыстың ұлы ойшылдары орыс халқы туралы ащы шындықты ашық айтты, бірақ олар өз ұлтын «псевдоұлт, болашағы жоқ, ертең жойылады» деген жоқ. Олар шындықты айта отырып, қателікті түзеп, өз ұлттарын  ұлылыққа жеткізуді армандады.

 

Ұлы Абай да қазақты аямай сынап-мінеді. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым. Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың. Жақсы менен жаманды айырмадың, Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың» деді. Бір қарағанда Абай қазақтың ит терісін басына қаптап жамандағандай сезіледі, бірақ оның астарында ұлы ойшылдың қазақтың жаман қылықтарын түзеп, жақсылыққа үндегісі келетін асқақ та, асыл арманы жатқанын  сезесің. Қазақты Абайдай сынаған, бірақ Абайдай сүйген қазақ жоқ шығар. Ол ешқашан «қазақ адам болмайды, ел бола алмайды, болашағы жоқ, бейшара халық» деген жоқ. Алаш ардақтылары да қазақтың жамандықтарын сынап, ашық айтты. “Оян қазақ” деді, “Ана жақта татар тұр, өзгелермен қатар тұр, мына жақта қазақ тұр, қастарында азап тұр” деді. Бірақ олардың ешқайссы қазақ ел, ұлт бола алмайды, болашағы жоқ деп қазақтың болашағына балта шапқан жоқ.

 

Қазақты сонша ит терісін басына қаптап жамандайтындай Танакөз Толқынқызы деген кім? Қазаққа қандай еңбегі сіңіпті? Ондай ақынның барлығын осы жазбасынан кейін ғана естіппін. «Көрмес түйені де көрмес» дейді қазақ. Қазақта қазір ұлттың атын асқақтатып жүрген талантты ұл-қыздар аз ба? Жалғыз Димаш Құдайбергеннің өзі неге тұрады? Итальяндарды, испандарды, мексикандарды қазақ тілінде ән салдырып қойған сол талантының құдыреті емес пе. Ли алгебрасы дегенмен әлемде бірнеше  ғалым ғана айналысады екен, соның бірі  қазақ Асқар Жұмаділдаев. Ол әлемге танылған ұлы математик ғалым.  Қазақтан ұлттың атын әлемге танытатын  ғарышкер де, ғалым да, кәсіпкер де, спортшы да шықты. Ендеше осындай ұлтты болашағы жоқ, сатқын, екіжүзді, өтірікші деп нық сеніммен айтуға кімнің құқы бар?

 

Соңғы кезде жастардың арасында мынадай жаман әдет қалыптасып бара жатқандай. Тарихты, ұлттық салт-дәстүр мен құндылықтарды дұрыс білмейтін таяз ойлы біреулер қазақтың ұлы тұлғаларына, қазақ ұлтына, тарихы мен дәстүріне тіл тигізетін болды. Таяуда ғана Әділгерей дегін бір сайқымазақ Исатай батыр мен күй атасы Құрманғазыны ауыл арасында мал ұрлаумен айналысатын ұры деп атады. Көп адам ду көтеріліп, наразылық білдірген соң мүләйімсіп «білмей қалыппын, кешіріңдер» деп кешірім сұраған болды. Ертеректе біреу ұлы Абайды талай қызды құртқан педофил деді. Оған ешкім баға бермеді. Енді міне, Танакөз деген біреу  барша қазаққа қара күйе жағып, ол аздай тәуелсіз ел болып тұра алмайтын «псевдоұлт» деп айыптады. Ең сорақысы сол, оның осы пікірін қос қолдап қолдайтындар шығуда. Ақын Танакөз қазақты табытқа жатқызып, жаназасын шығарып қойғандай, ал оны көмуге құлшынып күректерін ұстап жүгіріп жүргендердің көздегендері не?

 

Қазақ мың өліп, мың тірілген ұлт. Аузы дуалы, қазақтың классик жазушысы Мұхтар Мағауин соңғы берген сұхбатында “Қазақ қазіргі өткелектен аман-есен өтеді, еліміздің болашағы жақсы болады” деді.Тарихи тамырын сонау сақ заманынан алатын бірнеше мың жылдық тарихы бар қазақты Танакөз сияқтылардың талай мәрте табытқа салып, жерлеп, жоқ болады деп сәуегейсігендері аз болмаған. Бірақ ондайлардың сорына қарай қазақ сіріжанды болып шықты, аштықтан да, қуғын-сүргіннен де, қырғын алапат соғыстардан да аман-есен өтіп, 21 ғасырға жетті, өзінің тәуелсіз елін құрып, әлем таныған мемлекетке айналды. Қазақтың бұл жетістігі әлдекімдерге ұнамайтын да шығар, бірақ шындық осы.

 

Әр халықтың, мемлекеттің жетістіктері, олқы тұстары болады. Ондай олқылықтар ұлымыз деп жүрген ағылшындарда да, француздар мен орыстарда да бар. Жеке басқа табынудың көкесін көрсетіп жүрген түркімендер, өз елінде жұмыс жоқтықтан бала-шағасын шұбыртып Ресейге барып жалданып жұмыс жасап жүрген өзбектер мен тәжіктер, қырғыздар — ешқайссы өз елдерінің болашағы жоқ, псевдоұлтпыз деп байбалам салып жатқан жоқ.

 

Әділгерей, Танакөз сияқтыларға айтарымыз, ау, айналайындар-ау, өсек-өтірік әңгіме қажет болса, басқа тақырып жетіп артылады емес пе? Ұлттың ұлы тұлғаларында, жалпы ұлтта не ақыларың бар?  Жалпы, бұндайларға заң шеңберінде тиым салынбаса, ұлтымыздың, еліміздің ертеңіне қатер төндіретіні анық. Танакөз Толқынқызының мынау айтқанына сарапшылар мен заңгерлер нақты баға беріп, заң шеңберінде жауапкершілікке шақыруы қажет. Ұлтсыздық пен рухсыздыққа жетелейтін жаман әдеттің жолын бүгін кеспесек, ертең зардабы ауыр болатынын естен шығармайық.

 

Қалкөз Жүсіп.

 

 

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз