Қазақ баспасөзі жаңа кезеңге қадам басты. Ақпараттық орта түбегейлі өзгерді, аудитория талғамы күрделенді, цифрландыру қарқыны бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Осындай ахуалда елдегі газет редакцияларының басқару мәдениеті мен даму стратегиясына жаңаша көзқарас қажет екені айқын байқалып отыр. Ендігі сұрақ – редакцияны кім және қалай басқарады, саладағы өзгерістерге нақты жауап бере алып жүр ме?
Кешенді өзгеріс сұрайтын уақыт
Соңғы кездері газет редакцияларының сапасы мен жағдайы жиі айтылып жүр. Мәселе журналистердің еңбегінде емес, мәселе – басқару жүйесінде. Көп редакцияда шешім қабылдау баяу, жаңашылдыққа ұмтылыс әлсіз, кадрлық саясат қауқарсыз. Құрғақ жоспар мен формалды есептен тұратын жұмыс тәсілі бүгін нәтиже бермейтінін көрсетіп отыр.
Мемлекеттік қаржыландырумен жұмыс істейтін кей газет редакцияларының ахуалы тіпті алаңдатарлық. Миллиондап қарызға батқан, кадрлық саясатты сырып тастаған, материалдық-техникалық базасын құлдыратқан, әсіресе ақпарат таратудың жаңа технологиясын мүлдем елемеген, басшысынан бастап, күзетшісіне дейін өңкей зейнеткерлерден құралған газеттерге қомақты қаржы бөліп, оның есебін сұрамай ұстап отыру ақылға қонымсыз.
Қазіргі жағдайда кей редакциялардың басты кемшілігі – интернет, әлеуметтік желіні мүлде білмейтін, заман талабына бейімделмеген, әкімнің жиналысына да қатыспайтын, зейнет жасынан асқан бас редакторлардың басшылықта отыруында. Мұндай тұлғалар өңірде мемлекеттік идеологияны дамытуға қызмет ете алмайды. Керісінше, олар жаңа технологияларды елемеу арқылы ақпарат таратудың сапасын төмендетіп, жас журналистерді тәрбиелеуге мүмкіндік бермейді.
Егер газет редакциялары шынайы түрде қоғамға пайдалы болғысы келсе, бас редактордан бастап, жетекшілік құрамды жаңарту, жас мамандарға жол ашу, цифрлық медианы тиімді пайдалану — басты міндетке айналуы тиіс. Әйтпесе, мемлекеттік қаржы тек өткеннің мұражайын ұстап отыруға жұмсалып, өңірдегі идеологиялық жұмыс тежеліп қала береді.
Ақмола облысының мысалы
Мәселен, Ақмола облысындағы «Арқа ажары» газетінің қазіргі жағдайын алсақ, дәл бүгінгі күні өңірде қоғамдық пікір қалыптастырып, идеологияның дамуына үлес қосып, Мемлекет басшысының цифрлық даму мен жасанды интеллектіні енгізу сияқты тапсырмаларын тиісті деңгейде насихаттап отыр деп айтуға мүлдем болмайды.
Өңірдегі аудандық газеттердің де жағдайы мәз емес. Кейбір редакциялар жылдың басында қызметкерлеріне айлық төлей алмай, банктен несие алып отырған кездер болды. Бұр ретте әкімдіктерді ақшаны дер кезінде бөлмеді деп сөкпейміз — тендердің өз уақыты мен талабы бар. Бірақ сұрақ туындайды: аудандық газеттерді бюджет есебінен ұстап отырудың қажеті бар ма?
Тиражы 150–500 аспайтын газеттер кімге нені насихаттап отыр? Аптасына бір рет шығатын төрт беттік аудандық газеттердің құрылымы да бірқалыпты: бірінші бет – әкімдердің іс-шарасы, екінші–үшінші бет – ТВ бағдарлама, төртінші бет – мәдени іс-шаралар немесе көңіл айту хабарлары. Тіпті кейбір аудандарда аралас газет шығады, бірақ онда оқырманды іліп алатын, мәні бар мақала жоқ.
Міне, осындай ахуалда газет редакцияларының тиімділігі мен қоғамдық ықпалы күмән тудырады. Мемлекет қаржысын жұмсаған сайын, осындай газеттердің аудиторияға нақты құндылық ұсына алмай отырғаны айқын көрінеді. Бұл тек редакция басшыларының емес, жалпы газет басқару жүйесінің модернизациясын талап ететін мәселе.
Халыққа есеп беру – газет үшін де маңызды
Қазіргі кезде ауыл әкімдері мен барлық деңгейдегі әкімдер халыққа есеп беріп, атқарылған жұмыстарын жария етеді. Ал бюджет қаржысы мен күн көріп отырған газет редакцияларының басшылары өз жұмыстары туралы оқырманға есеп бермейді. Неге олар өз іс-әрекеттерін жарияламайды, аудиторияға ашық болмайды?
Халық олардың нақты не істеп жатқанын білуге, өз ұсыныс-пікірін айтуға, қажет болса сын айтуға құқылы. Газеттердің миссиясы тек қағаз бетінде әкім іс-шараларын көрсету немесе бағдарламаларды жариялау емес. Олар қоғаммен кері байланыс орнататын, оқырманға нақты ақпарат жеткізетін, қоғамдық пікір қалыптастыратын алаң болуы тиіс. Есеп бермейтін, ашықтыққа бейім емес редакциялардың әсері әлсіз, ал қаржы тек бұрынғы жүйені ұстап тұруға жұмсалады.
Бас редактордың міндеті – тек қол қою емес
Қазіргі редакция жетекшісінен бұрынғыдай тек тәжірибе көлемі ғана емес, басқарушылық қабілет, цифрлық ойлау, аудиторияны түсіну, стратегиялық жоспарлау талап етіледі. Жаңа медиа жағдайында бас редактор – менеджер, аналитик, стратег. Ал кей редакцияларда бұл қызмет әлі де «қалыптасқан жүйені сақтаушы» рөлінен аса алмай отыр.
Газет редакцияларын алға сүйреу үшін жетекшінің: контент сапасына талап қоя алуы, жаңа жобаларды іске асыруы, жас журналистерді қолдауы, қаржыны тиімді басқаруы, қоғамдағы өзекті мәселелерге жедел реакция бере алуы маңызды.
Өкінішке қарай, осы бағыттардың көпшілігі қағаз жүзінде ғана қалатын жағдайлар кездеседі.
Қоғам сұрауы – ашықтық
Мемлекет қаржыландыратын кез келген мекеме секілді, газет редакцияларының да ашық болуы – бүгінгі күн талабы. Алайда нақты есеп беріп, атқарылған жұмысты қоғам алдында жариялап отыратын редакциялар әлі де аз. Ұжым ішіндегі ахуал, кадр саясаты, қаржы жұмсау, контент стратегиясы туралы толыққанды ақпарат көпшілік үшін құпия болып қала береді. Бұл – ескі жүйенің сарқыншағы.
Ашықтық артқан сайын сенім нығаяды. Сенім артқан сайын газеттердің беделі өседі. Бұл – медиа нарығындағы аксиома.
Есеп беру мәдениеті қалыптасуы тиіс
Жыл сайын нақты KPI, сапалық көрсеткіш, аудитория өсу динамикасы, контенттік жетістіктер, жаңа жобалар туралы толық есеп ұсыну – кез келген газет редакциясы басшылығы үшін нормалық практикаға айналуы керек. Бұл талап тек мемлекет қаражатын дұрыс игеру үшін ғана емес, жалпы ақпарат кеңістігінің сапасын көтеру үшін қажет.
Қоғамдық талқылаудан қашпайтын, ұсыныс-сыни пікірді қабылдай алатын басшылық қана газет редакцияларының келешегін қалыптастыра алады.
Уақыт күтпейді
Қазіргі ақпараттық бәсекеде артта қалу – аудиторияны жоғалту. Ал аудиториядан айырылу – газеттердің өз миссиясынан алыстауы. Сондықтан басшылықтың кәсіби деңгейі, жаңашылдыққа ашық болуы, сала талаптарына бейімделуі – газет редакцияларының өміршеңдігін анықтайтын негізгі фактор.
Мыңдаған оқырман күтіп отырған контент сапасы бас редактордың көзқарасына тікелей байланысты. Сондықтан бүгінгі басты міндет – газет редакцияларының басшылығынан нақты, ашық, жүйелі есеп алу жүйесін қалыптастыру. Бұл қадам саладағы тоқырауды тоқтатудың алғашқы әрі ең маңызды шарты болмақ.
Еске сала кетсек, бұдан бұрын «Әкімге алақан жайып, газетке ақша сұраудың заманы өтті» тақырыбымен мақала жариялаған едік.






