Өздеріңіз білесіздер, Көкшенің Айыртау, Зеренді аймағын негізінен Орта жүздің «Жеті Момын» бірлестігіне кіретін Арғын руы, оның ішінде Атығай-Қарауыл тармағы мекендейді. Қарт, Бөлекейді есептемегенде Мәшек-Ақкісіден Құрманқожа, Құланшы тарайды. Осы екеуінен тараған ұрпақты «Сегіз ата қарауыл» дейді шежіреде. Құланшыдан Атқы, Жауар, Мөнтік, Сары аталары, яғни Қазан төңкерісіне дейін Омбы уезін мекендеген, ел арасында Үлкен Қара ой, Кіші Қара ой деп атайды. Ал қалған төрт ата Құрманқожадан — Қараша, Есенбай, Қоңырша, Ананай, негізінен мекендері Көкшетау уезі, Есенбай, Мезгіл, Шалқар, Зеренді болыстары болған. Одан әрі былай тарқатылады. Есенбай- Шұңғырша — Сүйіншәлі, Жарасқұл, Шұғыл. Жарасқұлдан — Мұрта — Шақаман — Байсары. Байсарыдан — Құлмырза, Төлебай, Шөбек, Сарт. Сарттан Ыбырай, Мұстафа, Ыбырайдан Әбу, Әбуден Қабиден. Қабиденнен — Қалымтай, Жұмабек, Қадыржан, Қуаныш, Сансызбай, Базарбай. Қадыржан Қабиденұлынан Марат, Жан, Елдар. Әбу атасы ауқатты тұқымнан болған соң «Кіші Қазан» кәмпеске науқанында 1928 жылы қудалауға ұшырап, Түмен облысында үш жылдай бой тасалаған. Әкесі Қабиден әр жылдары аудандық заготконтора, Талап колхозы, Орлиногорск орман шаруашылығы, Қызыл Әскер, Жұмысшы ауылдарында басқарма болған. Анасы Ажар Көшбасқызы Көкшетауға жақын елден, Қызылжар жағының тумасы, Жалғызтау өңірі Бұлақ ауылынан, сүйегі Қарауыл ішіндегі Жақсылық — Құлтабар атасы.
Қадыржан ағамыздың туған жері бұрынғы Көкшетау облысының Келлер ауданына қарасты Талап ауылы екенін білеміз. Шежіреден көргеніміздей арғы, алтыншы атасы қарауыл еліне белгілі, сыйлы, кезінде Сырымбеттегі хан ордасымен, Шыңғыс төремен дәмдес, аралас-құралас болған осы өңірге белгілі Байсары би. Жерлес ғалымымыз, профессор Оғазы Арыстанғалиұлы Сұлтаньяевтың 2015 жылы шыққан «Көкшетау өңірінің жер-су атаулар сөздігінде» Байсары бидің қонысы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданына қарасты Лобаново селосының маңындағы Байсары көлінің жағасында екендігі айтылады. Байсары әулетінің ата қонысы Айыртау тауының баурайындағы Шалқар көлінің жағасында жайғасқан, ал жаз жайлауы Атбасар төңірегінің Ащылы өзенінің маңында болған. Қазіргі Ақмола облысының Атбасар ауданында Сарт қонысы деген атау осы күнге дейін сақталған. Байсары бидің халық арасына кеңінен танымал болған екі баласы туралы көп деректер кездеседі, олар Сарт және Шөбек. Байсарының үлкен баласы Сарт би туралы кезінде белгілі жазушы Сәбит Мұқанов өзінің «Аққан жұлдыз» романында: «Байсары да, Шөбек те Айғаныммен дос-жар екен. Олар жаз — бір, күз — бір, қыс- бір үйіне қонаққа шақырып, сыбағасын жегізеді екен»,- деп жазады. Айғаным ханша бәріміз білетіндей, Орта жүздің соңғы ханы Уәли ханның жары, Шоқанның туған әжесі. Жерлес жазушымыз Сәкен Жүнісов те «Ақан сері» дилогиясында Шөбек тұқымын айтып өтеді. 1871 жылғы қараша айының санында «Акмолинские ведомости» газетінде Ақмола облысының әскери губернаторының мынадай қаулысы бар: «По результатам выборов на следующие три года — 1872-1875 годы начальником Есенбаевской волости назначается Абдильман Жангожин, волостным бием киргиз Сарт Байсарин». Өлкетанушы Мұсатай Ғалымның «Ақмолалық асылдар» жинағының екінші кітабының 85-ші бетінде «Қарауыл Сарт би» атты шағын мақаласы бар. Онда былай делінген: «Сарт Байсарин — Есенбай болысында старшын болған белгілі би. Жайлауы Атбасар жақтағы Ащылы өзенінің жағасында болып, кейін қоныстандыру саясатының нәтижесінде, ең шұрайлы жерлерді орыс қара шекпендеріне беруге байланысты, Байсары әулеті де жылжып Қамсақты өзенінің алқабына жайғасты. Бұл елді ұзақ жыл адуынды сұлтан Сартай Шыңғысов басқарып, оның бауыры Тортай, Жаналы, баласы Қайып та билік еткен. Сол тұста Сарт Есенбайдың белгілі адамдары Жазы Тлекин, Шауыпкел Дербісалин, Шөбек Байсарин, Байбатыр Айсариндермен бірге билікке араласып ел басқарған. Бұлардың дені Кенесарыға еріп шығып, кейін елге қайтып оралған». Қаламгер Тортай Садуақасовтың «Ел мен жер» кітабында да Байсары бидің үш баласында жүздеген мал басының бар екендігі туралы айтылады.
Қадыржан ағамыздың «Науан хазірет» атты кітабында арғы атасы Шөбек Байсарин туралы да жазғандары бар. Ауқатты, өз төңірегінің беделді адамы, заманында бірнеше рет болыс бастығы болып сайланған. Кезінде Ресей императоры Александр ІІ-нің тәж кию рәсіміне қатысқан 9 қазақтың бірі болғанын тарих та дәлелдейді. Орыс архивтері былай дейді: «В день Бородинского сражения 7 сентября (26 августа) 1856 года, спустя полтора года после восшествия на престол, состоялась коронация императора Александра ІІ и его супруги Мария Александровны. Коронация проходила в Успенском соборе Кремля. Император принял из рук священника корону, украшенную алмазами, с крестом и собственноручно водрузил ее на себе на голову. Митрополит Филарет протянул Александру ІІ скипер и державу. В день коронации состоялся банкет, на котором приняли участие князья, высшее духовенство, послы, приглашенные гости и придворные сановники. Столы были накрыты по традиции в Гранатовой палате и в Золотой Царицыной палате. Многое при коронации Александра ІІ было впервые. Так, в церемонии приняли участие представители разных народов Российской империи: черкесы, татары, киргизы, калмыки… Впервые исполнили гимн «Боже, царя храни» (до этого гимном была «Молитва русских), впервые коронационные мероприятия предусматривали и угощение для простого народа». Империялық ұлы державалық саясат, отаршылдық идеологиясы жалпы императордың таққа отыру рәсіміне өте қатты мән берген, себебі бұл дәстүр мемлекет пен шіркеудің, діннің беріктігін, империяның күшін, патшаның шексіз билігін, қарамағындағы халықтарға сұсын көрсетіп, патшаның жердегі құдайдың өкілі ретінде таным қалыптастыруға тырысқан. Жалпы тәж кию рәсіміне Ресей империясының қарамағындағы барлық халықтардың өкілдері қатысқан. Жалпы қазақ қоғамының өкілдері инаугурацияға-тәж кию рәсіміне 4 рет қатысқан.
1. 1826 жылы Николай І тәж жорасына: Жәңгір хан Бөкейханов, Фатима ханша, Шүке сұлтан Нұралы хан, Қайыпқали сұлтан Есімұлы, Сүйіш пен Қарауылқожа, Дүзәлі, Дүзенбай, Шеркес билер, ахун Айт-Мұхамед.
2. 1856 жыл Александр ІІ тәж кию жорасына: Шыңғыс сұлтан Уәлиханов, Мұса би Шорманұлы, атақты композиторлар Дәулеткерей сұлтан Шығайұлы, Тәттімбет Қазанғапұлы, аға сұлтан Ибрахим Жайықбайұлы, төре Бегәлі Қоңырқұлжа ұлы, Секербай Ақпанұлы, Аққошқар Кішкенбай ұлы, Шөбек Байсарыұлы (жалпы 9 адам).
3. 1883 жылы Александр ІІІ тәж кию рәсіміне: төрелер Мұхамеджан Баймұхамедұлы, Сұлтанмахмұд Жантөрин, сұлтан Ахмет Кенесарыұлы, Сұлтанғазы Ғұбайдолла Уәлиханов, сұлтан Ғұбайдолла Жәңгірұлы.
4. 1896 жылы Николай ІІ тәж кию жорасына: сұлтандар Мұхамеджан Баймұхамедов, Өтешқали Атаниязов, болыстар Жиенәлі Мұрзалин, Нұрмұхамед Сағынаев (паң Нұрмағанбет), Қалбанбай Байдәулетов, Иса Бердалин, Мелгірбай Байдәулетов, Жанұзақ Көшеров, би Ыдырыс Садыбеков.
Ендігі бір әңгімеміз, ол Шөбектің ұрпақтары Мырзалыұлы Сердалы, немересі Мәмбетәлі туралы болмақ. Тарихшы Саят Баймұратұлының айтуынша, Сердалы Шөбеков бұрығы Көкшетау уезі Мезгіл болысында дүниеге келген, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының жері. «Сердалы Ақан серімен тұстас, қоныстас, заманында білікті, қисса-жырлар жазып, «Шахнаманы» аударған ақын. 1901 жылы «Рүстем дастанды» аударып, Қазан қаласында «Қисса-и-Рүстем» деген атпен бастырып шығарады. Мырзалының алты ұлы болған: үлкен ұлы Сердалы, одан кейінгілері — Сералы, Баялы, Жаналы, Мұқанәлі, Абдол, Жәмшит, Придон деген ұлдары болған. Тортай Садуақасовтың «Ел мен Жер» атты деректі кітабында мынадай мәліметтер келтіріледі: «Мәмбетәлі Бурабай төңірегіндегі Бағыс ішінде Әйтімбет атасына жататын атақты Қожағұл бидің жиені»,- делінеді. Сонымен қатар Сердалы ақын туралы жазылған Қазақ Совет энциклопедиясы, «Айқап» журналы, «Қазақтың «Қозы — Көрпеш» жыры туралы кітабы, Қазақ әдебиетінің тарихынан деректер келтіріліп, көптеген бүгінгі күнге дейінгі белгісіз болып келген өмірбаяны мен шығармалары туралы ғылыми түйіндемелер беріледі.
Ал енді Мәмбетәлі Сердалинге келетін болсақ (кей жазбаларда Шөбеков деп те жүр). Мәмбетәлі Сердалин айтулы тұлға, ол туралы әр кезде алаштың арысы Әлімхан Ермеков естеліктерінде, сонымен қатар Сәбит Мұқанов, Шахмет Құсайынов, Сәкен Жүнісов, Амантай Сатаев, Нөгербек Мағзұмов, Қадыржан ағамыз, Саят Ыбыраев тағы басқалары жазды. Мәмбетәлі Шөбектің немересі, Сердалының баласы. «Қазақ совет энциклопедиясының» Х томында мынадай мағлұматтар табуға болады. «Мәмбетәлі Сердалин (1865 -1914) Көкшетау уезіне қарасты Мезгіл болысында Кіші Қоскөл деген жерде дүниеге келген. Қазақ тарихшысы, экономист. Ол 1886 жылы Петербург университетінде оқыды. Бірақ «Жерлестер одағы» атты студенттік ұйымға қатысқаны үшін оқудан шығарылады. 1888 жылы Омбы техникалық училищесіне түседі. Алайда саяси сенімсіз адамдармен байланыс жасағаны үшін деп 1889 жылы училищеден де қуылады. Мұнан кейін ол ел ішінде әкімшілік орындарда түрлі қызметтер атқарады. Үнемі полиция бақылауында болады. Ол өз еңбектерінде қазақ жерін шетел капиталистеріне беруге наразылық білдіреді, қазақ елінің экономиасы мен мәдениетін өркендету мәселесін көтереді. Ғылыми еңбектері толық зерттелмеген». Мәмбетәлінің ел, жер мүддесі үшін қажырлы күресі — бүгінде ұрпақ үшін өнеге. Соның кейбіріне тоқтала кетсек.
1. Көкше еліне әйгілі Науан хазірет пен молла Шәймерден Қосшығұловты Шығыс Сібірде айдауда жүрген жерінен босатып алу үшін жасаған іс-әрекеттері. Мешіт жанынан олар әкімшілік органдардың рұқсатынсыз мектеп-интернат аштыңдар деп оларға әртүрлі пәле жауып, дегендеріне жетіп жер аударған. Міне осы екі азаматтың айдаудан босатылуы үшін Мәмбетәлі көп әрекет жасайды, қаржы жинап Петерборға барады. Онда Әлихан Бөкейханов пен Сұлтанғазы Уәлихановтың көмегімен Ішкі Істер Министрлігіне дейін барып айдаудағылардың кінәләрінің жоқтығын дәлелдепті. Сөйтіп ақыры екі жыл өтпей Науан хазірет пен Шәймерден Қосшығұловтың босатылуы жөнінде Ішкі Істер Министрлігінің үкімі шығады.
2. Мәмбетәлінің өзінің туған Шалқар, Қоскөл, Айыртау өңіріндегі жер- жайылымды қайтарудағы ерен ерлігі. Патша үкіметінің қоныс аудару басқармасының шешімімен қазақ шаруаларынан жерлерді тартып алуға байланысты наразы болған Мәмбетәлі Көкшетау, Омбы чиновниктерінен әділеттік таппай Петерборда досы, курстасы Әлихан Бөкейхановпен бірге Госдуманың депутаты Бақытжан Қаратаев арқылы Солтүстік Кавказдың Терек облысынан сайланған депутат М.А.Карауловқа шығып, Николай патшаның аудиенциясында болады. Адьютанты, князь, полковник Трубецкойдың көмегімен алты жол арызды Мәмбетәлі кіргізіп, оған патша үш-ақ сөз жазған екен: «Безобразие! Вернуть! Николай-ІІ.». Карауловтың досы ақсүйек Трубецкой орыс-жапон соғысында ақмолалық бір байдан екі қазақы сәйгүлік алып қатты риза болса керек, кейін ақмола қазақтарынан бір арыз түссе қолқабыс беретінін айтып ант беріпті. Міне бұл да бір Мәмбетәлінің көп жанқиярлық еңбегінің бір көрінісі.
Жалпы Мәмбетәлінің Петербор, Омбыдағы саяси істерге араласуы, оның Англияда болуы, Үкілі Ыбырайды Петерборға оқуға апарғаны, Ақан серімен қарым-қатынасы тағы басқа өмірдеректерін көптеп келтіруге болады. Мәмбетәлінің «Аренда казахской земли» (Омбы, 1900 жыл), «Эксплуатация карсакпайских копей» (Омбы, 1901 жыл), жер, ел мәселесі жөнінде көптеген баяндамалар жасаған. Соның бірі «Орыс өнеркәсібі мен саудасының дамуына көмектесу қоғамының» отырысында «По вопросу эксплуатации степей Западной Сибири путем скотоводческой культуры» деген баяндамасы. («Труды Общества для содействия русской промышленности и торговли» 25 том, С-П, 1904.). Негізінен Мәмбетәлі Сердалинді нақты да көп ізденіп зерттеген ол жерлес жазушымыз, журналист, КСРО Журналистер одағының мүшесі, Астана қаласының Құрметті азаматы, Зеренді ауданы Жылымды ауылының тумасы Нөгербек Мағзұмов. Көзі тірісінде Жайық Бектұровпен бірге Әлімхан Ермековтен Мәмбетәлі туралы естелік жазып алып таспаға түсірген, кейін «Мәмбетәлі» атты романның 1 томын жазған Нөгербек ағамыз болатын (2-ші томын үлгерген жоқ). Мәмбетәлі мұрасы әлі де ізденуді қажет ететіндігі сөзсіз.
3. Қазақтың «Плевакосы» Айдархан Тұрлыбаев. Жоғарыда айтып өткеніміздей Қадыржан ағамыз Бұрынғы Келлер ауданының Талап ауылында дүниеге келді деп. Айдархан ағамыз да осы ауылда 1877 жылы 25 тамызда дүниеге келген. Сүйегі Қарауыл-Шұңғырша, Шөбек ұрпағы, Қадекеңе немере аталас болып келеді. Көкшетау қаласындағы екі кластық орыс-қазақ мектеп-интернатын, Омбы классикалық гимназиясында алаш арыстары Жақып Ақпаевпен, Райымжан Мәрсековпен бірге оқиды. 1897 жылы 19 жасар Айдархан Омбы облысының стипендиаты ретінде Санкт-Петербург императорлық университетінің заң факультетіне түседі.
Сол заманның көреген қазақтары балаларын Ресейдің, тіпті шетелдердің орта және жоғары оқу орындарына оқуға жіберген. Олар өздерінің қысым көрген құқықтарын қорғаудың ең үздік әрі сенімді тәсілі білім алуда екендігін көре білді. Қазақ жастарының көпшілігінің заң факультеттерін таңдауы кездейсоқтық емес. Мысалы, XIX — XX ғасырлар аралығында тек бір ғана Қазанда (Императорлық Қазан университеті, Қазан малдәрігерлік институты, Қазан мұғалімдер семинариясы) 100-ге жуық қазақ студенттері оқыған. Қырдан шыққан көптеген жастар Санкт-Петербург, Мәскеу, Томск, Саратов, Киев, Каир, Бомбей, Стамбул және Варшаваның университеттерінде білім алған. Мысалы, М.Шоқай — Санкт-Петербург университетінің заң факультетін, Санкт-Петербург Орман институтын — Ә. Бөкейхан, Санкт-Петербург әскери медицина академиясын — С. Асфендияров, Томск университетінің медицина факультетін — А. Сеитов, Тарту университетінің заң факультетін — Ж. Досмұхамедұлы, Каир университетін — М. Ғабдулғазиұлы, Бомбей университетін — О. Тұрмағанбетұлы, Киев университетінің заң факультетін — Х. Нұржанов, Қазан университетінің заң факультетін — А. Бірімжан, А. Аманжолов, У. Танашев және басқалары алтын медальға тәмамдаған. А. Тұрлыбаев мұсылман дінінде: 1897 жылғы 9 қыркүйекте А.Тұрлыбаевтың жазған өтініші сақталған, онда, ол ешбір құпия қауымдастықтарға кірмеуге және ешбір ақша жинаумен айналыспауға міндеттелетінін көрсеткен. Заң факультетінде оқып жүрген кезінде сол кездегі көрнекті пофессорлар И.Я. Фойницкий (Жазалау туралы ілім, Қылмыстық сот ісін жүргізу), француздан шыққан профессор Н.Л. Дювернуа (Азаматтық құқық), В.А. Лебедев (Қаржылық құқық), В.В. Ефимов (Рим құқығының догмасы), Ф.Ф. Мартенесъ (Халықаралық құқық), И.А. Ивановский (Орыс мемлекеттік құқығы), И.И. Кауфман (Статистика) және басқалардан дәріс алады. Ол университет ректоры Гольмстеннің жетекшілік етуімен «Қырғыздардың некелесу құқығы» («Брачное право киргиз») тақырыбында дипломдық жұмысын тамаша қорғап шығады. 1902 жылы ол университеттегі оқуын бітіріп, Омбы сот палатасының сот лауазымына, ал 1903 жылы Палатаның Азаматтық істер департаменті хатшысының көмекшісі, 1905 жылы Тобыл Округі Сотының Есіл уезінің 6-шы учаскесінің Бітістіруші Судьясы, 1910 жылы Есіл уезінің алқабиі, 1912 жылы сол кездегі Сарай кеңесшісі деген жоғары лауазымға көтерілген. Құжаттар бойынша Тұрлыбаев осы кезде екінші некедегі әйелімен тұрған. Әйелі — Сағида Мұхамед-Рахимова Қарабалина 1888 жылы Петропавл қаласында дүниеге келген. Бұл некеден төрт баласы болған. Замандастарының айтулары бойынша, сол кездегі зиялылар оны «қазақтың Плевакосы» деп атапты. Айдархан Тұрлыбаевтың жемісті қызметі туралы сол кездегі жалпыұлттық «Қазақ» газеті былай деп жазды: «Айдархан Тұрлыбаев — присяжный поверенный, заң ғылымын жетік меңгерген, іскер адам… Айдархан І және ІІ МемДумаға Ақмола облысы атынан депутат болып сайлануға лайықты еді». Адвокаттық қызметімен қатар Тұрлыбаев өлкенің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласады.
Далалық генерал-губернаторлығының әкімшілік орталығы — Омбы қаласында 1917 жылғы 2 наурызда Омбы коалициялық комитетіне 15 адам сайланып, жаңадан құрылған 10 адамнан тұратын комитеттің қазақ бөлімінің жетекшісі болып А.Тұрлыбаев тағайындалады. 1917 жылдың 24 сәуірінен 7 мамырға дейін Омбыда өткен Ақмола облысының қазақ съезін ұйымдастыруға және өткізуге белсенді қатысады. Съезд жұмысына әр болыстан екі адамнан 114 делегат келеді. Съезд мынадай резолюция қабылдайды: 8-12 жасқа дейін ауыл мектептерінде ана тілінде жалпыға бірдей білім беру, мұғалімдер дайындау, мұсылмандық орта оқу орындары үшін 50 шәкіртақы және орыс орта оқу орындары үшін 5 шәкіртақы қарастыру, әйелдер теңдігін енгізу. Көздеген мақсатты жүзеге асыру үшін делегаттар Айдархан Тұрлыбаевтың төрағалығымен ерекше Ақмола облыстық қазақ атқарушы комитетін құру туралы ұсыныс білдіреді. Орынбасарлары — А. Сейітов, С. Жанайдаров, мүшесі — М. Жұмабаев болады. Съездің ұйымдастырушыларының мақсаты — Ақпан революциясынан кейінгі жаңа үкімет — «Алаш» партиясы мен Омбы коалициялық комитетін қолдау. 1917 жылы А. Тұрлыбаев І Жалпықазақ съезін ұйымдастыру мен өткізуге белсене қатысады, онда «Алаш» партиясы құрылады (1917 ж. 21-28 шілдесі). 23-27 қыркүйек аралығында Омбыда (Облыстық шаруашылық комитеті үй-жайында) Ақмола облысының уездік қырғыз атқарушылары өкілдерінің съезді өтеді. Съезде А. Тұрлыбаев пен А. Сейітов төрағалық етеді. Қылмыспен күресу үшін съезд бірауыздан болыстық халық сотын сайлау туралы шешім қабылдайды. Сібір облыстық комитетіне Ақмола облысы атынан Тұрлыбаев сайланады.
1917 жылғы 31 қазанда Омбыда Ә.Бөкейханның қатысуымен Алаштың құрылтайшылық жиналысы өтеді, ал 1917 жылдың 18 желтоқсанында «Қазақ» газеті Омбы комитетінің құрамын жариялайды: А. Сейітов, М. Жұмабаев, М. Саматов, А. Тұрлыбаев (төраға), Б. Серкебаев, Е. Мұқышев, Е. Итпаев, Д. Әділов, К. Кемеңгеров, М. Сейітов, Ж. Тлеулин, О. Ахметов, Х. Қожамберлин, К. Какенов. Тұрлыбаев Алаш Орда жалпықырғыз халық кеңесінің мүшесі болып сайланады. Оның кандидатурасы Алаш-Орда төрағасы лауазымына ұсынылады, сонымен қатар Әлихан Бөкейханұлы, Бақыткерей Құлманов та ұсынылады. Нақтылауды қажет ететін кейбір деректер бойынша, Әлихан Бөкейханға 40 депутат дауыс берген, қарсы — 18, Бақыткерей Құлмановқа — 19, қарсы — 39, Айдарханға — 20, қарсы — 18 дауыс берілген. Осылайша делегаттар демократиялық құндылықтарға бейілділіктерін білдіреді. Және беделі бойынша Айдархан Тұрлыбаев Ә.Бөкейханұлына ғана жол берген. Сонымен қатар, ол «Алаш» халық милициясын ұйымдастыруға да белсене ат салысқан (Х. Ғаббасов, М. Тынышбаев, Б. Маметовтермен бірге).
1920 жылдан 1923 жылға дейін ҚАССР-нің Омбыдағы Уәкілетті Өкілі болған. Аштықпен күресіп, Омбыдағы қазақ студенттеріне көмек көрсеткен. Өткен ғасырдың 30-шы жылдарының басына дейін А.Тұрлыбаев облыстық тұтынушылар одағында юрисконсульт болып жұмыс істейді: 1931 жылға дейін Омбы қаласында, одан соң 1934 жылдың қазанына дейін Возвышенка бидай совхозында. 1934 жылдың қазанынан 1935 жылдың сәуіріне дейін Ақмола қаласындағы Казжелезнодорстрой Басқармасы жанында қызмет етеді. 1937 жылғы 4 шілдеде 60 жастағы А.Тұрлыбаев НКВД (ІІХК) органдарымен тұтқындалады. Келесі күні оған келесідей айып тағылады: «белсенді алашордашы болғандықтан, Сібірдегі Колчак реакциясы кезінде ақ гвардияшыларға совет үкіметіне жаны ашитындарды ұстап берген. Совет үкіметіне қарсы күресу үшін жігіттерді жасақтаған. Сібірде ақ гвардияшылардың тас-талқаны шығарылған соң да, совет үкіметіне қарсы бағытталған ұлтшылдық іспен және пантүркілік мемлекет құрумен айналысуын жалғастырған. Басқа да тұлғалармен бірлесіп, әскери шиеленістер кезінде көтеріліске көтеру үшін кадрлар даярлаған». Тағылған айыптардың бірде-бір тармағы бойынша А.Тұрлыбаев өзін кінәлімін деп мойындамады. 1937 жылдың 17 қарашасында НКВД (ІІХК) МҚБ органдары «ату» жазасына кездеседі. 23 қарашада А. Тұрлыбаев атылады. Тек 1957 жылдың 13 тамызында Сібір әскери округінің әскери трибуналымен ісінде қылмыстық құрам болмауына байланысты А.Тұрлыбаевтың аты толығымен ақталды. Балаларының тағдыры түрліше болды. София Айдарханқызы Тұрлыбаева (Берденова) (1909-1985) 1909 жылы 15 қазанда Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласында дүниеге келеді. 1928 ж. Омбыдағы тоғыз жылдық мектепті бітіріп, Омбы облысының Азово ауылының 4 жылдық мектебіне мұғалім болып жолдамамен барады. 1929 жылдың қыркүйегінен бастап Петропавлдағы № 3 бастауыш мектепте жұмыс істейді. 1930 жылы Тайжан Берденовке тұрмысқа шығады. 1937 жылдың желтоқсанында Т.Берденов тұтқындалады, ал 1938 жылдың ақпанында София да тұтқындалып, 8 жыл АЛЖИР-де жазасын өтейді. 1985 жылы Алматыда қайтыс болды.
Ризахан Айдарханұлы Тұрлыбаев (1912-1940), жақын туыстарының естеліктері бойынша, геологиялық экспедицияға бара жатқан кезде, пойызда қайтыс болған.
Мұратхан Айдарханұлы Тұрлыбаев (1914-1970) әкесі тұтқындалған соң, халық жауының баласы ретінде Фрунзе атындағы Ленинград әскери-теңіз училищесінен шығарылады. М. Тұрлыбаев өте көп оқыған, табиғатынан дарынды, бірнеше шет тілін меңгерген, әсіресе неміс тілін жетік меңгерген жігіт, бірнеше музыкалық аспапта ойнады. Омбыдағы қысқамерзімді бухгалтерлер курсын бітіріп, солтүстікке кетеді. Соғыс басталғанда, бронь болуына қарамастан түрлі инстанцияларға майданға жіберуге өтініш жазады. 1942 жылы майданға аттанып, Теректе, «Малая земляда» шайқасып, соғысты Кенигсбергте аяқтайды. Неміс тілінде сөйлеуімен жанындағыларды таң-тамаша ететін. Ол барлаушы болды, көптеген жауынгерлік наградалары болды. Соғыстан соң Мұрат Айдарханов Сибзауытта қаржы бөлімінің бастығы болып жұмыс істеді, 1950 жылдан бастап — ГАТС бас бухгалтері. 1955-1956 жылдары — «Красный двигатель» зауытының бас бухгалтері. 1959 жылы — Алматыда Қаржы министрлігінің аға бақылаушы — ревизоры, 1960 жылдан бастап — Киров атындағы ҚазМУ бас бухгалтері. Лейла Айдарханқызы Тұрлыбаева (1923-2005) Мәскеуде Шет тілдерінің орталық сырттай курстарын бітірген. Неміс тілінің мұғалімі болып жұмыс істеген. Алматыдағы шет тілдер институтын тәмамдап, Халық шаруашылығы институтында, ал кейін ҚазМУ-де неміс тілінен сабақ береді.
Жалпы алғанда, Айдархан Тұрлыбаев өз халқына адал қызмет етіп, жарқын да оқиғаға толы өмір сүрді. Оның есімі Алаш қозғалысының негізін қалаушылар мен оның көшбасшылары — Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, Ж. Аймауытұлы және басқалары сияқты Ұлы елдің лайықты ұлдарының үздік аттарының қатарынан нық орын алады. Соңғы уақыттарға дейін оның есімі аз зерттеліп келді.
4. Ендігі бір айтарым, ол Қадекеңнің нағашысы, анасы Ажардың немере інісі, Кеңес Одағының батыры, белгілі қоғам қайраткері Жәлел Қизатов туралы. Жәлел ағамыздың 1996 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Өмір мен өлім» атты өмірбаяндық кітабы бар. Батыр ағамыз 1920 жылы бұрынғы Көкшетау уезі Аяқкөл (Қарағай) ауылында қарапайым шаруаның отбасында туған. Әкесінен ерте айрылып атасы Бекмағамбет пен шешесі Жамалдың қолында өседі. Елдері Жақсылық Қарауыл, негізінен Тораңғыл көлі мен Қамсақты өзені жаз жайлаулары болса керек. Кітабында Жәкеңнің мынадай сөздері бар: «Майда лебізді әдемі әуенді Ақан сері, асқақ әнін алты қырдан асырған Біржан сал, жиырма бес биенің сабасының қорындай Бертағының баласы Орынбай ақын, Тораңғұлдың аққуына үн қосқан Үкілі Ыбырай, адамзаттың ділмары, соқыр Шөже, арыстан білекті, жолбарыс жүректі, бұлбұлдай сайраған Балуан Шолақ — бәрін де сен, Қызылжар, алақаныңда аялап өсірген жоқсың ба?» Әншілер Сұлтамұрат Әміреұлы, Молдахмет Тырбиев, ақын Кәкімбек Салықов, тарихшы Бүркіт Аяған бәрі де де осы қайың-қарағайлы, жеміс-жидекті Жалғызтау өңірінен. 1927 жылы жеті жасында көршілес Игібай ауылында мектеп ашылып бірінші класта немере апасы, Қадекеңнің анасы Ажармен бір партада отырады. Жәлел ағамыз кейін ФЗУ, есепшілер курсын, Покровка селосындағы ауыл шаруашылық техникумында белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, көп жылдар бойы Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің Төрағасы болған Бәйкен Әшімовпен бірге оқиды. Бұдан соң Петропавл пединститутының тарих факультетіне оқуға түсіп, бітірмей 1940 жылы ақпан айында Қызыл Армия қатарына шақырылады да, бір жылдан соң соғысқа кіреді. 1944 жылы Днепр өзенінен өтер кезде көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін Жәлел Қизатовқа КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Кеңес Одағының батыры атағы беріледі. Соғыстан аман-есен келіп, Ленинградтағы Жоғары артиллериялық офицерлер мектебін бітіреді, бірақ өмір жолын ауыл шаруашылығымен байланыстырады. Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында бірқатар басшылық қызметте істейді. 1999 жылы 26 сәуірде Қызылорда қаласында қайтыс болады. Кәкімбек Салықовтың мына бір өлең жолдары бар:
Асылдарды байқа достым, іргеңде,
Адам шіркін, барын сыйлай білген бе?
Қызылжардың қыран ұлы Жәлелді,
Кездестірдім Қызылордада жүргенде.
Кең айқарып әлем сыйған жүрегін,
Сөйлеуші еді түріп батыр білегін.
Алатауды ардақтаған Жамбылдай,
Мақтаушы еді теңеу жетпес Сыр елін.
Міне, ұстазымыз, Көкше жеріндегі тарих мектебінің негізін қалаушы ғалым, қоғам қайраткері, профессор, академик, абылай-шоқантанушы, энциклопедист, қаламыздың құрметті азаматы, еңбек сіңірген қайраткер, еліміздің екі мәрте үздік оқытушысы Қадыржан Қабиденұлы Әбуевтің ата-тегінен асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы екендігін көруімізге болады.
Пайдаланылған әдебиет
1. Қадыржан Қабиденұлы Әбуев. Естелік Кітабы /авторлар ұжымы. -Көкшетау: Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті РББ, 2022. — 145 б.
2. Сборник материалов международной научно-практической конференции «Актуальные проблемы историографии и источниковедения течественной истории», посвященной памяти Заслуженного деятеля Казахстана, профессора Абуева Кадыржана Кабиденовича. — Кокшетау, 2022. — 590 с.
3. К. Абуев. Науан Хазірет. — Астана, 2014. — 234 бет
4. Мұсатай Ғалым. Ақмолалық асылдар. — Көкшетау: «Мир печати», ЖК Устюгова Н.Ф., — 2021. 543 бет.
5. Саят Баймұратұлы. «Мың кісілік Мәмбетәлі». «Солтүстік Қазақстан» газеті, 5 қаңтар 2019 жыл.
6. Қизатов Ж. Өмір мен өлім — Алматы: Ғылым, 1994. — 376 б.