Ақмола облысының ішкі істер органдары азаматтардың құқықтарын қорғау және денсаулығын сақтау мақсатында тұрақты профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді. Соның барысында кальян шегу әлі де облыс тұрғындары мен қонақтары арасында кең таралғаны анықталды.
Кальян «зиянсыз» деген пікірге қарамастан, оның денсаулыққа айтарлықтай қауіп төндіретіні, сондай-ақ айналадағы адамдарға, соның ішінде мейрамханалар мен барларда қызмет ететін персоналға да қауіп тудыратындығы ескертілуде.
Өткен жылы кальян шегуге қатысты заңбұзушылық жасағаны үшін 659 адам әкімшілік жауапқа тартылды, олардың ішінде 41 мейрамхана мен бар иесі өз нысандарында темекі өнімдерін пайдалануға жол берген.
Статистикалық деректерге сүйенсек, құқықбұзушылықтардың 73,4%-ы Көкшетау қаласында тіркелген. Ең көп деректер «Шашлычный двор», «Bedduin», «Forty Four», «Hokan», «7.16», «The Show», «Brodwey Street» және басқа да мейрамханалар мен барларда анықталған.
Ішкі істер органдары мейрамхана мен бар иелерін заң талаптарын қатаң сақтауға, азаматтарды өз денсаулығы мен айналасындағы адамдардың денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырады.









