0.7 C
Kokshetau
Басты бетЖаңалықтарСолтүстікте халық саны азайған ауылдардың тағдыры не болмақ?

Солтүстікте халық саны азайған ауылдардың тағдыры не болмақ?

Сондай-ақ, оқыңыз...

Жалпы Қазақстан бойынша соңғы 10 жылда 580-нен астам ауыл таратылған, олардың басым бөлігі солтүстікте. Бұл аймақтарда соңғы жылдары халық санының азаюы мен ауылдардың қаңырауы жиілеп кетті. Әсіресе Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында тұрғындардың жаппай көшуі, мектептердің жабылуы, бос қалған үйлер мен қаңыраған ауылдардың көбеюі қоғамды алаңдатып отыр.

Күннің көзі аз түсіп, алты ай бойы қар жататын өңірлерде тұрмыс та, тіршілік те оңай емес. «Отын-шөбі бардың – қысы аман» деген сөз солтүстіктегі өмірдің мәнін дәл суреттейді. Бірақ бүгінде отын да, шөп те, ең бастысы – үміт те азайғандай.

Қыстың қыспағы мен тұрмыстың тауқыметі

Солтүстік өңірлердің табиғаты әсем болғанымен, тіршілік жағдайы ауыр. Аязды қыста отын мен көмірдің құны қалтаға салмақ түсіреді. Ал ауыл шаруашылығы саласында тұрақты табыс көзі аз. Мал ұстаған халық жем-шөп пен су тапшылығына, техника мен жанармайдың қымбаттауына тап болады.

Көпшілігі амалсыз қалаға кетіп жатыр. Жастардың үдере көшуі – ауылдың болашағын ғана емес, рухын да әлсіретуде.

Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында соңғы жылдары бірнеше ауылдың іргесі сөгіліп, мектептері жабылды. Талпын, Толыбай (Богдановка), Үлгі, Майбасар (Рождественка) секілді ондаған елді мекендерде санаулы түтін ғана қалған. Тіпті, мүлдем тарап кеткен ауылдар да бар.

Аудан орталығы Пресновкадан небәрі 15 шақырым қашықтағы Айымжан ауылының да хәлі мүшкіл. Бір кездері мұнда 100-ден астам үй, 150 жуық оқушысы бар мектеп болған. Ал бүгінде сол үйлердің жартысы ғана қалып, бала саны 25-тен аспайды. Қаңырап бос тұрған үйлер көп. Кейбірі үйін бұзып әкеткен, кейбірі құрылыс материалын сату үшін бөлшектеп жіберген.

Бірер жыл бұрын әкімдік жаңа үйлер салған еді. Бірақ олардың біразы да бүгінде бос тұр. Адам қоныстанбаған соң, сапасыз құрылыстар қирап барады.

Миллиондар жер астында қалды

Ауылға мемлекеттік бағдарламамен 200-300 миллион теңгеге су құбыры тартылған. Бірақ сапасыз жобаның салдарынан ауыл халқы әлі күнге дейін одан су ішіп көрген жоқ. Су жинау станциясы мен құбыр желісі бүгінде қаңырап бос тұр. Бюджеттен бөлінген миллиондар, сөзбе-сөз айтқанда, жер астында көмулі қалды.

Ауыл халқының жағдайын жақсарту мақсатында 2021 жылға арналған жоспар қабылданған еді. Онда Айымжан ауылында «Жөкей Агро» ЖШС 400 басқа арналған сүт-тауар фермасын салу сияқты нақты жоба көрсетілген болатын. Бірақ арада төрт жыл өтсе де, Айымжандағы ферма ашылған жоқ. Жобаның тек аты бар, заты жоқ болып қалды. Осы жобаны жүзеге асыруы тиіс «Жөкей Агро» ЖШС өзі де ізім ғайып болды. Қазір оның орнына басқа инвестор келіп, үйіп-төгіп уәде беруде.

Бұдан бөлек, былтыр ауылда дәрігерлік амбулаториялық пункт салынды. Алайда оны әуелі тұрғындардан алыс, біреудің қорасының сыртына тұрғызған. Халық наразылығынан кейін ғана ғимарат көшенің бойына ауыстырылды. Бірақ ғимаратта білікті маман жоқ деген сылтаумен жарық та жанбайды, есігі де ашылмайды.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, егер солай кете берсе, бұл нысан да бос тұрған үйлердің кебін киеді.

Көшіп келгендер де, тұрақтамайды

Бірнеше жыл бұрын ауылға оңтүстіктен бірнеше отбасы көшіп келген. Кейін Жамбыл облысынан 5-6 дүнген отбасы де келіп, тіршілік бастамақ болды. Бірақ олардың ешқайсысы тұрақтай алмады. Себебі жұмыс жоқ, табыс көзі тапшы.

«Келген жұрт бір-екі ай, әрі кетсе бір жыл шыдайды. Көмір жоқ, жол жабық, интернет істемейді, жұмыс тапшы. Ақыры кетіп тынады», – дейді ауыл тұрғындары.

Театр болған ауылдың тынысы неге тарылды?

Кеңес дәуірінде бұл ауыл дүркіреп тұрған еді. Айымжан ауыл клубы сол кезде республика көлемінде «ауылдық театр» атағын алған. Ел ішіндегі талантты жастар сахнаға шығып, көрші ауылдар мен аудан орталығына дейін гастроль қойған. Сол клубтан талай мықты азаматтар мен өнер иелері түлеп ұшты.

Алайда бүгінде сол өнер ордасының қалқиған қабырғасы ғана қалған. Бір кездері сахнасы жарық, көрермені көп болған ғимарат қазір қираған күйінде тұр. Уақыттың табы мен немқұрайдылықтың ізі қатар басылған.

Бұл – тек Айымжанның емес, тұтас өңірдегі ауыл мәдениетінің ахуалының айнасы.

Жаңа үйлер емес, жаңа өмір керек

Солтүстіктегі ауылдарды тек құрылыспен құтқару мүмкін емес. Үйлер салынды, жолдар тартылды, бірақ тұрақты өмір салты қалыптаспаса, бәрі бекер.

Ауылдың тамыры – жұмыс пен мектеп. Мектеп жабылса, ауыл өледі. Ал жұмысы болмаса, адам тұрақтамайды.

Сондықтан ауылға тек құрылыс емес, жоспарлы даму керек. Жергілікті кәсіпорындар ашылып, шағын фермерлерге қолдау көрсетілмейінше, «Айымжан» сияқты ауылдардың тағдыры қайталана береді.

Түйін

Солтүстіктің қары қалың, қысы ұзақ болса да, халқы еңбекқор. Бірақ олар үшін ең ауыр нәрсе – табиғаттың суығы емес, немқұрайлылықтың суығы.

Ауылдағы әр қаңыраған үй – бір отбасының тағдыры. Әр жабылған мектеп – бір ұрпақтың үні.

Мемлекет «Ауыл – ел бесігі» дейді. Бірақ бесіктің тербелуі үшін ішіне жан бітуі керек.  Айымжан сияқты ауылдардың тағдыры – елдің тамырының күйі. Егер ол әлсіресе, ертең тамырсыз елге айналу қаупі бар.

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз