Магнумның курьерінің клиентке қазақ тілінде сөйле дегені үшін жұмысынан қуып шыққан компания басшылығы халық байкот жариялап, бір аптадай сауда орталығына ешкім бармай шығынға бата бастаған кезде амалсыз әлгі курьер жігітті жұмысқа қайта алып, сонымен істі бітті деп қойғандай еді. Дегенмен де, іс бұнымен біте қоймаған сияқты. Әлеуметтік желілерде бірқатар ірі қалалардағы Магнумның сауда үйлерінде әлі де сатып алушылардың аздығы, байкоттың жалғасып жатқандығы айтылып, видеолар жариялануда.
Қазақстанның көптеген ірі қалаларында сауда орталықтары бар Магнум компаниясы басшылығы егер де қаржы жағдайын төмендетіп алмауды ойласа, сатып алушылардың басым бөлігі болып отырған қазақ тілді қазақтардың көңілін табуға тырысуы қажет-ақ еді. Компания акциясының 40 пайызын иемденген, кәсіпорынның негізін қалаушы Гарбер мен 35 пайыз акцияны иеленіп отырған белгілі олигарх Ким, ал қалған акциялар бірнеше акционердің қолында. Яғни, компанияның негізгі қожайындары Гарбер мен Ким десе болады. Бизнес саласында мол тәжірибесі бар олардың өз компанияларына жұртшылықтың байкот жариялап, мүлдем бармай қоюына алаңдамаулары таңғалдырады. Компания басшыларының байкот қалталарына салмақ түсіріп, шығынға батырып жатса да, мәселені шешуге әрекет жасамауы неліктен. Рас, мүлдем әрекет жасамады деуге болмайды, белгілі бір әрекеттерді жасап жатыр, дегенмен де, ол әрекеттердің анау айтқандай жақсы нәтиже әкелетініне сенім аз.
Соңғы кезде орыс тілді бірқатар блогерлер Магнумда адамдар толып жүр, байкот жариялады деген жалған болып шықты деген мазмұнда ақпараттар жариялады. Оған қоса, тағы бір қазақ тілді блогерлер Магнумға әдейі барып көргендерін, сатып алушылардың қаптап жүргендігін айтып, байкот жариялау дұрыс емес, тіпті ол үшін ертең қылмыстық жауапқа тартылуларың мүмкін деген мазмұнда ақпараттар жариялауда. Бұлардың бәрі компания басшыларының халықтың байкотына жауаптары және ширыққан мәселені шешудің өздері ойлап тапқан амалы тәрізді. Блогерелрге ақша төлеп, осындай күмәнді және көпшілікті онша сендіре қоймайтын арзанқол ақпараттар таратқанша, компания басшылығы бір-екі минут уақыттарын қиып, осындай жағдайға себеп болған тіл мәселесіне қатысты ойларын айтып, Қазақстан деп аталатын мемлекеттің азаматтары ретінде елдің заңын, мемлекеттік тілді құрметтейтіндіктерін, бұндай түсінбестік жайлар алдағы уақытта қайталанбайтынын, компания мемлекеттік тілді қолдануға байланысты жұмыстарды белсенді жүргізетінін мәлімдесе, оның әсері әлдеқайда зор болар еді. Қазақ кеңқолтық ақкөңіл халық, үлкен кәсіпкерлердің осындай мәлімдемелерін естігенде бар өкпе-реніштерін ұмытып, сауда үйлеріне қайтадан бара бастар еді. Ал әзірге Алматы, Астанадағы сауда орталықтарына барушылар қатары аздап көбейгенмен, еліміздің оңтүстік аймақтарындағы қалалардағы компанияның сауда үйлері қаңырап тұр. Ол туралы сол өңірлерден адамдар видеохабарлар таратып жатыр.
Магнумдағы осы оқиға өзгелерге біраз сабақ болса керек, қазір Смолдың сауда үйлерінде қазақ тілінде қызмет көрсетуге жете көңіл бөле бастапты. Тіпті, Смолдың басшылары сатушы қыздарға қазақтың ұлттық киімін кигізіп, қазақша әндерді сарнатып қойған. Жалғыз Смол емес, басқа да ірі сауда үйлерінде қазақ тілінде қызмет көрсетуге кенет дұрыс көңіл бөліне бастаған. Бұл туралы әлеуметтік желілерде көптеген виеоақпараттар таралуда.
Осылайша, байкоттың арқасында қазақ тіліне еліміздің ірі сауда орталықтары дұрысырақ көңіл бөліп жатса, Магнум басшылары әлі тым-тырыс. Тек жекелеген блогерлердің жоғарыда айтқанымыздай, Магнумға халық ағылып келіп жатыр, байкот деген өтірік деген сияқты жұртшылықты оншалықты сендіре қоймайтын ақпараттары әредік көрініп қалады. Ал оған жауап ретінде Магнумға байкот жалғасып жатыр, жыл бойына жүргіземіз деген мазмұндағы видеолар да жарияланып жатыр. Бұл текетірестің соңы немен бітерін уақыт көрсетеді.
Қалкөз Жүсіп.