Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өткізген жеке қабылдау азаматтық сұрақтарға нақты жауап бермегені үшін сынға ұшырап отыр. 2025 жылғы 27 қарашадағы қабылдауда көтерілген 13 мәселенің тек біреуіне ғана нақты жауап берілген, ал қалғандары «түсіндірме берілді» деген жалпылама тіркестермен шектелген, деп хабарлайды Esilnews.kz тілшісі.
Ең назар аударарлығы — археологиялық карта-схема жасау туралы сұраққа мүлде жауап берілмеген. Бұл мәселе бір жыл бұрын да шешілмеген еді.
Аталған жағдайды Артем Сочнев өз әлеуметтік желісінде жариялап, әкімнің жеке қабылдауынан кейінгі хаттаманы ашық сынға алды. Ол нақты шешімдер мен міндеттемелердің жоқтығын атап көрсетті.
Түсіндірме бар — тапсырма жоқ.
Әңгіме бар — шешім жоқ.
Қабылдау өткен — нәтиже жоқ.
Бұл жеке қабылдау ма, әлде есеп үшін жасалған формальды рәсім бе?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 28 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекеттік органдарға ашық ескерту жасаған еді. Мемлекет басшысы атап өткендей, ел бойынша жыл сайын миллиондаған өтініш түседі, бірақ олардың басым бөлігі нақты шешімін таппай отыр. Президент бұл жағдайды «жұмысқа салғырт қараудың белгісі» деп бағалаған.
Алайда Ақмола облысында бұл ескерту құлаққа ілінбеген секілді.
Жеке қабылдаудың мәні — азаматты тыңдап қана қою емес, жауапкершілік алу. Егер әкімнің қабылдауынан кейін сұрақ хаттамада «жұтылып кетсе», онда мұндай қабылдаудың қоғамға қандай пайдасы бар?
Билік «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» туралы жиі айтады. Бірақ Ақмола облысында азаматтың даусы хаттаманың шетінде қалып қойғандай.
Ал үнсіздік — жауап емес.
Жауапсыздық — басқару тәсіліне айналып бара жатқан жоқ па?
Енді бұл мәселеге Президент Әкімшілігі араласуға мәжбүр. Өйткені бір әкімнің формальды қабылдауы — бір адамның ғана емес, тұтас мемлекеттік жүйенің беделіне соққы.
Еске сала кетсек, бұдан бұрын «Ақмола облысы әкімінің брифингіне барлық журналистер неге шақырылмады?» тақырыбында мақала жариялаған едік.
Посмотреть эту публикацию в Instagram






