-2.6 C
Kokshetau
Басты бетЖаңалықтарКәсіпкерлер палатасы әділдік орнатты: Ақмолада мемлекеттік органның кінәсі сотта дәлелденді

Кәсіпкерлер палатасы әділдік орнатты: Ақмолада мемлекеттік органның кінәсі сотта дәлелденді

Сондай-ақ, оқыңыз...

Мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі бюрократиялық бөгеттер мен әділетсіз шешімдер кейде кәсіпкерлердің еңбегін жоққа шығаруға дейін жеткізеді. Алайда, елордалық кәсіпкердің құқығын қорғаған Ақмола облысының Кәсіпкерлер палатасы бұл жолы шындық пен әділдіктің салтанат құратынын дәлелдеді.

Астана қаласының кәсіпкері, «GS Project Group» ЖШС директоры Жасұлан Мейранбек Ақмола облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен мемлекеттік сатып алу туралы келісім жасасқан болатын. Келісімге сәйкес кәсіпкер басқармаға қарағай көшеттерін жеткізуді мойнына алған. Ал мемлекеттік орган өз кезегінде өнімді қабылдап, толық төлем жасауы тиіс еді.

Жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп, өнім кезең-кезеңімен жеткізілді. Барлық қабылдау-беру актілеріне екі тараптың да өкілдері қол қойып, тауардың сапасы расталды. Келісімнің жалпы сомасы 151 миллион теңгеден асты.

Алайда, кәсіпкер соңғы партияны – шамамен 37,7 миллион теңгенің көшеттерін жеткізгеннен кейін күтпеген жағдай орын алды. Мемлекеттік орган өнімнің сапасына күмән келтіріп, төлем жасаудан бас тартты. Басқарма «көшеттердің бір бөлігі қурап қалды» деген желеумен кәсіпкерді келісімшарт талаптарын орындамады деп айыптады.

Бұл әрекет кәсіпкер тарапынан орынды сұрақ туғызды: егер тауар сапасыз болса, неге актілерге қол қойылды? Неліктен ескертулер келісім толық орындалғаннан кейін ғана айтылды?

Кәсіпкерлер палатасының сарапшылары істі егжей-тегжейлі зерттеп, бірқатар заңбұзушылықтарды анықтады. Құжаттарда тауардың толық жеткізілгені және қабылданғаны нақты расталған. Сонымен қатар, кәсіпкердің өз міндеттемелерін толық орындағаны дәлелденді.

Палата мемлекеттік органға бірнеше рет ресми хат жолдап, берешекті өтеуді талап етті. Алайда басқарма мәселені сот арқылы шешуге итермеледі.

Ақыры кәсіпкер сотқа жүгінді. Нәтижесінде Ақмола облысының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты кәсіпкердің пайдасына шешім шығарып, мемлекеттік органнан қарыз сомасын өндіріп алу туралы қаулы қабылдады. Сот шешімі күшіне енген соң берешек толық өтелді.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Алина Смағұлова бұл істің маңызын атап өтті:

«Бұл жағдай бизнесті қорғаудағы табандылық пен дәлелге сүйенудің қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Палата әрқашан адал кәсіпкерлердің жағында және олардың құқықтары бұзылған жағдайда әділеттілікті қалпына келтіруге дайын», — деді ол.

Мамандардың айтуынша, мұндай оқиғалар мемлекеттік сатып алу жүйесіне деген сенімді әлсіретпеуі тиіс. Кәсіпкерлер палатасы бизнестің мүддесін қорғау ісін жалғастыра береді.

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз