Көкшетауда Қылшақты өзенінің «Аққу» балабақшасы тұсындағы көпір апаттық жағдайда тұр.
Көпірдің цемент тіректері опырылып, орнынан жылжып кеткен. Орта тұсындағы тіректері мүлдем жоқ, көпір бір жағына жантайып барады. Бір сөзбен айтқанда, көпір жанынан тартылған су құбырына әрең тіреліп тұр.
Ең қорыныштысы, сол апатты жағдайда тұрған көпірдің үстінде балалар ойнап жүр. Қауіпсіздік белгілері мүлдем жоқ.
Есесіне сол маңда «Абайлаңыз жұқа мұз» деген ескерту белгісі орнатылған. Шілденің шіліңгір ыстығында қандай мұз? Құлағалы тұрған көпірдің апатты жағдайда тұрғанын ескертетін белгінің қойылмағандығы қала әкімдігінің жауапсыздығы әлде салғырттығы деуге бола ма?
Дегенмен, тұрғындар балаларының қауіпсіздігі үшін алаңдаулы.
«Күнде кешілік уақытта өзеннің жағасымен серуендеймін. Үнемі көпірдің үстінде ойнап жүрген балаларды көремін. Қараңғы уақытта көпірге жастар шығып суретке түсіп жатады. Тіпті, кейбіреулер астында балық аулап отырады. Бетін аулақ қылсын, зіл темірден жасалған көпір құлап кетсе, адамдарды басып қалуы әбден мүмкін», — дейді қала тұрғыны Шынар Еркебұлан.