Көкшетауда 6,3 миллиард теңгеге салынған жаңа су тазарту станциясы іске қосылғанына екі ай өтпей жатып, тұрғындардың сынына ұшырады. Қала халқы әлеуметтік желілерде су сапасының нашарлағанын айтып шағымданып жатыр, деп хабарлайды Esilnews.kz тілшісі.
Фото: Центральный шағын ауданының тұрғындары жіберді
Айталық, су тазарту кешені биыл Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай пайдалануға берілген еді. Жобаның қуатты тәулігіне 30 мың текше метрге жетеді. Бұл Көкшетаудың қазіргі тұтыну көлемінен 10 мың текше метрге артық. Жоба толық іске қосылған соң, Көкшетау сапалы әрі қауіпсіз ауыз сумен тұрақты қамтылатыны айтылған болатын.
Алайда соңғы уақытта тұрғындар тарапынан ауыз судың сапасына байланысты шағымдар жиілеп кетті. Әлеуметтік желілерде кей азаматтар судың лайланып, түсі өзгеріп кеткенін айтып отыр. Мұндай пікірлер жұртшылық арасында алаңдаушылық туғызды.
Тұрғындар не дейді?
«Ауыз су жаңа тазарту станциясынан келеді деп едік. Ал неге су қайтадан лайланып кетті? Тазарту құрылғысында не болды өзі? Әлде есеп үшін ғана қосып, кейін тоқтатып тасталды ма?» — дейді қала тұрғыны әлеуметтік желідегі пікірінде.
Тұрғындардың бұл сауалы орынды. Себебі ауыз судың сапасы – халық денсаулығы мен тұрмыс сапасының басты көрсеткіші.
Жауаптылар назар аударуы тиіс
Қала тұрғындарының үміті мен сенімі – кез келген жобаның басты бағалауы. Сондықтан бұл мәселе бойынша жауапты органдар нақты түсініктеме беріп, судың сапасын тұрақтандыру бағытындағы шараларды жедел қолға алуы қажет.
Көкшетаудағы су тазарту станциясы – тек инженерлік жоба емес, ол халықтың сеніміне негізделген маңызды әлеуметтік нысан.
Миллиардтаған қаржы жұмсалған нысанның нәтижесі де соған сай болуы тиіс.
Халық лай судың себебін емес, нақты шешім мен сапалы нәтижені күтеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын ««Көк шалғын»: көрікті жоба ма, көзбояушылық па?» тақырыбында мақала жариялаған едік.