Биыл Ақмола облысында 500 шақырымға жуық автожолға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа бюджеттен 60 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Жолдардың сапасына ерекше көңіл бөлініп, жұмыстар қатаң бақылаумен атқарылып жатыр.
Өңірде облыстық және жергілікті маңызы бар жолдарды қамтитын 124 жоба қолға алынған. Жөндеу барысын және пайдаланылатын материалдардың сапасын «Жол активтері сапасының Ұлттық орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Ақмола облыстық филиалы тексеруде. Жыл басынан бері орталық мамандары 77 нысанға 202 рет инспекциялық тексеріс жүргізіп, 800-ге жуық сынама алған. Оның ішінде 180 сынаманың талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды.
Филиал сапаны арттыруға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізуде. Қазіргі таңда техникалық қадағалаудың электронды дерекқоры қалыптастырылып, «KazRoadLab» цифрлық порталы арқылы анықталған кемшіліктер тіркеліп отырады. Бұл жүйе тапсырыс берушілерге, яғни жергілікті атқарушы органдарға нысандардың сапасын тұрақты бақылауға мүмкіндік береді.
Филиал директоры Талғат Қайратханның айтуынша, орталық мамандары құрылыс алаңдарына тұрақты түрде шығып, материалдардан сынама алып, зертханалық тексерістер жүргізеді. Мұндай бақылау жолдағы ақауларды дер кезінде анықтап, сапасыздықтың алдын алуға жол ашады.
Жалпы, жолдардың сапасын жақсарту – халықтың тұрмыс деңгейін арттыру мен өңірдің экономикалық дамуының маңызды кепілі. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.