Қазан айының соңғы жексенбісі – автожол саласы қызметкерлерінің күні. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл күнді кәсіби мерекелер тізіміне енгізіп, жол саласының маңыздылығын атап өтті. Қазақстан шығыс пен батысты жалғаған транзиттік мемлекет, сондықтан жолдардың сапасы ел дамуы мен азаматтардың қауіпсіздігі үшін маңызды. Қазір 25 мыңға жуық маман осы салада еңбек етуде.
Соның ішінде Ақмола облысында жұмыс істейтін Абылай Төлеуов – «Жол активтері сапасының Ұлттық Орталығы» РМК филиалының жол инженері. Жасына қарамастан, ол салада мол тәжірибеге ие және болашағы зор мамандардың бірі.
Абылай Төлеуов Зеренді ауданы, Ортақ ауылында дүниеге келген. Мектепті бітірген соң жол саласы қызықтырды, сол себепті Көкшетау қаласының жоғары техникалық колледжінде «Жолдар мен аэродромдар құрылысы» мамандығын таңдады. 2012 жылы оқуын аяқтап, «Ақмолажолзертханасы» мемлекеттік мекемесіне жұмысқа кірді. Кейін Л.Б. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол академиясында жоғарғы білім алды.
Он жыл ішінде Абылай лаборанттан сарапшы, жол-құрылыс материалдары бойынша инженер қызметін атқарды. 2019 жылы мекеме құрылымдық өзгеріске ұшырап, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің автожолдар комитеті жанындағы Ұлттық сапа орталығының Ақмола облыстық филиалы болды. Абылай өз жұмысын жол инженері ретінде жалғастыруда.
«Жол салушының жұмысы өте маңызды. Біз тек жолдың сапасын ғана емес, азаматтардың қауіпсіздігі мен жайлылығын да қамтамасыз етеміз», – дейді ол.
Биыл облыста 900 шақырымға жуық жол жөнделді. Жол-құрылыс материалдарын сараптау және сапаны бақылау «Жол активтері сапасының Ұлттық Орталығы» филиалының басты бағыты болды.
Абылай Төлеуов сияқты мамандардың еңбегі өңір дамуына және ел тұрғындарының қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.






