Ақмола облысында «Жолдағы қабылдау» республикалық акциясы өтті. Полиция қызметкерлері әдеттегі кабинеттерден шығып, тұрғындармен көшеде жүздесті. Басты мақсат – халықтың сұрақтарына тікелей жауап беру, өзекті мәселелерді шешу және жолдағы қауіпсіздікті күшейту.
Акция 3-4 қазан күндері облыстың 20 елді мекенінде ұйымдастырылды. Азаматтар ішкі істер органдарының өкілдеріне өтініш білдіріп, кеңес алды және ұсыныстарын жеткізді.
Көкшетаудағы алғашқы нәтижелердің бірі – тұрғындардың өтінішімен жаңа жол белгілерінің орнатылуы. Атап айтқанда, Дмитриев көшесінде жаяу жүргіншілер өткелі белгілері, ал Вернадский көшесінде «Кіруге тыйым салынады» белгісі қойылды.
Полиция бұл өзгерістер тек тұрғындардың өтініштері бойынша емес, жол учаскелеріндегі апаттылықты талдау нәтижесінде жүзеге асқанын айтты. Сонымен қатар, аймақта патрульдік полиция жұмысы күшейтіліп, жүргізушілердің жағдайын бақылауға арналған арнайы рейдтер өтті.
Акция үлкен қызығушылық тудырды. Бірінші күні полицияның Instagram парақшасындағы тікелей эфирге 600-ден астам адам қосылды. Ал офлайн қабылдауларға мыңға жуық ақмолалық қатысты.
Өтініштердің басым бөлігі айыппұл төлеу, көші-қон мәселелері және жол қозғалысын ұйымдастыруға қатысты болды. Жалпы, екі күнде 417 жол қозғалысы бойынша өтініш түскен.
Ақмола облысында «Жолдағы қабылдау» бірнеше жылдан бері өтіп келеді. Полицияның айтуынша, бұл шара азаматтардың сенімін арттыруға және проблемаларды жедел шешуге мүмкіндік береді.