Соңғы уақытта Қазақстан мен Қырғызстанның ақпарат кеңістігін салыстырсаңыз, ойланбай тұра алмайсыз. Қырғызстанда Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің басшысы Қамчыбек Ташиев жемқорлыққа қарсы күресті елдің көз алдында жүргізіп отыр. Жемқор шенеуніктерді кездесуде-ақ қолына кісен салып, қаматып жатқанын халық көзімен көріп отыр. Тіпті, «былықтарың ашылса, түрмеге қамаймын» деп ашық ескерту жасауда. Бұл – сөз бен істің арасындағы айырмашылық жоқтығының айғағы.
Ал біздің елде ше? Парламент мінберінде таңның атысынан күннің батысына дейін бұрынғы президент пен оның отбасы мүшелерінің жегенін санап отырғандай көрініс. Бірақ соның нәтижесі қайда? Көп шу болса да, миллиардтаған ұрланған қаражаттың елге қайтарылғанын нақты естіп отырған жоқпыз. Қағаздағы есеп пен ауыздағы уәде көп, нақты нәтиже жоқ.
Тіпті, кейбір жемқор басшылар әлі де жоғары қызметте жүр. Әлеуметтік желіде аты шыққан жемқорлық әшкере болып жатса да, «не сот жоқ, не жаза жоқ» кейіпте тайраңдап жүр. Сырттай сотталғандардың өзі шетелде бой тасалауда. Анау әкімнің, мына министрдің былығы шықты деп, депутаттар Мәжілістен дабыл қағады. Бірақ сол басшылар аз уақытта жаңа қызметке тағайындалып, бұрынғыдан бетер күшейіп кетеді. Бұл кімге тиімді?
Өңірлердегі жағдай да мәз емес. Облыс әкімдері жемқорлыққа қарсы күресте қауқарсыз немесе көзбояушылықпен шектелуде. Өңірлерде істі болғандардың туыстары әлі де жоғары қызметтерде отыр. Неге? «Крышасы» мықты ма?
Мысал жеткілікті. Ақмола облысындағы белді ақпарат құралы басшысының ұлы біршама уақыт бұрын парақорлықпен ұсталғанын ел біледі. Сонда өз отбасына өнеге көрсете алмаған адамның облыстың басты басылымын қалай өрге сүйремек? Қазір осы басылымының ахуалы мүшкіл: әлеуметтік желіде аты жоқ, оқырман саны аудандық газет деңгейінде, өткірлік жоқ, кадр тапшылығы ушығып тұр. Қызметкерлердің еңбекақысы айлап кешіктіріледі.
Бұл аздай, жуырда облыстық мәслихат депутатына қатысты сыбайлас жемқорлық деректері ашылды. «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысының мәліметінше, Жанайдар Мусин атындағы колледжде 285,7 миллион теңге заңсыз қолма-қол айналымға түсірілген. Құжаттарда сомалар жасырылып, жалған актілер жасалған. Бұл – жай қателік емес, жүйелі қылмыс.
Сонымен бірге, Ақмола облыстық көліктік бақылау инспекциясында 11 адамнан құралған қылмыстық топ сотталды. Бұрынғы банк қызметкерлерінен тұратын 25 адам 398 адамның атына жалған кредит рәсімдеген. Бұл деректер облыстағы қылмыстық-сыбайластық жағдайдың ауыр екенін көрсетеді.
Ең таңқаларлығы, осының бәрін бұрын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікті басқарған, бүгінгі облыс әкімі Марат Ахметжанов білмейді деу қиын. Жемқорлықтың қыр-сырын бес саусақтай білетін басшы өзі басқарып отырған өңірде көз жұма қараса, халықтың сенімі қайдан артар? Әкім деңгейінде нақты шара қолданылмаса, халықтың күткен әділеті орындалмайды.
Міне, осы мысалдар елімізде жемқорлықпен күрестің тек ұран деңгейінде қалып отырғанын көрсетеді. Тіпті, кейбір жағдайларда жемқорлықпен күрескендердің өзі кейіннен жемқор болып шығып отыр.
Халыққа бос сөз емес, әділет керек. Ұрланған қаржы қайтарылып, жемқорлар әділ жазасын алғанда ғана сенім артады. Әйтпесе, «жемқорлықпен күрес» халыққа тек көзбояушылық болып көрінеді.
Жемқорлықпен күрес – популистік ұран емес, нақты нәтиже беретін іс болуы тиіс. Әйтпесе, халықтың сенімі түгесіліп барады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын ««Арқа ажары»: атауы бар, оқырманы жоқ, мазмұны әлсіреген басылым», «Ақмола облысындағы колледждерде жүздеген миллион теңге жымқырылғаны анықталды» тақырыптарында мақалалар жариялаған едік.