-20.8 C
Kokshetau
Басты бетКөзқарасЖалған хабардың астарында арам пиғыл жатыр

Жалған хабардың астарында арам пиғыл жатыр

Сондай-ақ, оқыңыз...

Вадсап арқылы бір танысым хабар жіберіпті. Әлгі хабарда биылғы жылдың сәуір айында Халық ассамблеясының бастамасымен референдум өтеді, онда Қазақстанның ерікті түрде Ресейге қосылуы мәселесі  дауысқа салынады деп жазыпты. Ақпаратқа сенсек, референдум арқылы Қазақстан Ресейдің  бодандығына ерікті түрде көнеді екен.

Жалпы, осы мазмұндағы хабарлар әлеуметтік желілер арқылы бірінші рет таралып отырған жоқ. Әлдебір арам ниетті біреулер бықсытып, ел арасына осындай ақпаратты таратып жатыр. Ойлары белгілі: ол қазіргі Ресей билігі ұстанып отырған астам саясатты жүзеге асыру. Бұрыңғы КСРО, тіпті одан арғы Ресей империясының шеңберінде  ұлыорыс державасын қайта қалпына келтіру идеясын  ресейлік саясатшылар бүкпесіз айтып жүр. Украинадағы соғыс та сол идеяны жүзеге асыру жолындағы қадам. Ресейлік ақпарат құралдары әлсін-әлсін іргелес елдердің бәріне көз алартып, ол елдерді Ресей құрамына қосу мәселесін талқылап жатады. Қазақстанға қатысты да талай әңгімелер айтылды. Әлеуметтік желі арқылы таралып жатқан жоғарыда айтылған хабарлардың негізі де сол ресейлік саясатшылар мен ақпарат құралдарының айтып жататын арман-мақсұты екендігі анық.

Күні кеше ресейлік танымал журналист Соловьев  Армения мен Орта Азияға ықпалымызды жоғалтпауымыз керек, ендігі арнайы операция осы бағытта жасалуы қажет деген мазмұнда әңгіме айтты. Оған Армения ресми органдары ресми наразылық білдірді. Қарапайым халық пен блогерлер де бұл  мәлімдемеге қатысты өз ой-пікірлерін айтып жатыр. Қазір мына жай белгілі болып отыр: биылғы жылы қалай болғанда да Украина мен Ресей арасындағы соғыс қимылдары тоқтап, уақытше бейбіт келісім жасалады. Ал содан кейін Ресейдің арнайы операциясының нысаны қай ел болмақ? Өйткені, соғысқа еттері үйренген мыңдаған жауынгерді Ресей текке ұстап отырмасы анық. Оның үстіне барша әлемге жар салып, КСРО-ны қалпына келтіреміз, орыстың атажұрттарын қайтарамыз деп алдына нақты мақсат қойған Ресей билігі одан бас тартпасы даусыз. Яғни, Ресей соғысты одан әрі жалғастыратын болады. Тек қай бағытта жалғастырады?

Мемлекеттік мәрбтебе алған қазақ тілін, қазақтың тәуелсіз мемлекетін, оның заңдары мен Конституциясын мойындамайтын, Қазақстанда туып өссе де өздерін Ресей азаматтары сияқты сезінетін  жандар елімізде аз емес. Ондайлар өздерінің арам ниеттерін жасырмай айтып  та жатады. Талайы сол үшін сотталып, абақтыға да қамалды. Сонда да бұл ойларынан бас тартпай келеді. Жоғарыда аталған референдумға қатысты жалған хабар да сондайлардың арам ниетінен туған әрекет екені анық.

Мені таңғалдырғаны, осындай жалған ақпаратқа сеніп және айналасындағы таныстарына соны таратып жататын адамдардың көптігі. Олардың арасында осы ақпаратқа қатысты бүгінгі билікті, Халық ассамблеясын сынап, небір ауыр сөздер айтып жатқандары да бар. Ау, алдымен ақпарат шындық па, жалған ба соны біліп ал, содан кейін барып оған қатысты пікіріңді білдір. Жөн білер адам солай жасауы тиіс қой. Оны таратып жатқан арам пиғылдылардың көздегені де сол емес пе. Халықтың арасына жік салу, олардың билікке деген сенімсіздігін, наразылығын туғызу —  мақсат осы.

Біздің құқық қорғаушыларымыз осындай еліміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін арам пиғылды жандарды әшкерелеп, заң шеңберінде жазаға тартуда  сылбырлық,  бейқамдық  танытуда.  Қазақтардың ар-намысына тиіп, аузына ақ ит кіріп, қара ит шыққан Аслан Төлегенов дегенді  белсенді ұлтжанды азаматтардың қайта-қайта арыз-шағым жазуының арқасында әзер дегенде жауапқа тартып, соттады. Ал бостандықта жүрген, қазақтың тіліне, мемлекетіне қатысты небір былапыт сөздер айтып жатқан блогерсымақтардың бәрі бостандықта, олар арам пиғылдарын ашықтан ашық  жасап жатыр. Жоғарыда айтқан вадсап арқылы таратылған жалған хабар да сондайлардың жымысқы әрекеті екені кім кімге де белгілі жай.

Осы орайда, неге құқық органдары вадсап арқылы таралып жатқан жалған ақпаратты тексеріп, оны таратқандарды анықтамайды, деген ой келеді. Ел арасына осындай теріс ақпарат арқылы үрей-қорқыныш сеуіп, біреулердің ашу-ызасын қоздырып жүрген арам ниетті жандар анықталып, жазаға тартылмаса, олар бұндай теріс әрекеттерін ертең одан әрі өршітері анық. «Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге таралады», «Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады» дейді қазақ. Бұндай қауіпті жалған ақпараттардың алдын алмаса, оның залалы ауыр болуы мүмкін.

Қалкөз Жүсіп.

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз