Соңғы уақытта әлеуметтік желілерді парақтап отырсаңыз, көзге ерекше бір көрініс жиі ұшырасады. Кім не жазса да, бәрі бір адамның айналасында, бір бағытқа қарай өрбиді. Бірінің артынан бірі жарыса мақтау, жаппай мадақ, мінсіз сипаттау…
Әсіресе, Ақмола облысында бұл «жарыс» шегінен асып кеткендей.
Иә, әкімнің еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Атқарылған істің бағалануы – табиғи нәрсе. Бірақ шектен тыс мадақ – шындықтың өңін кетіретін ең қауіпті «сән».
Жағымпаздық – біздің қоғамның ескі, бірақ өлмейтін дерті. Кеңес дәуірінің көлеңкесімен бірге кетуі керек еді, бірақ ол бүгін жаңа форматта, жаңа бетпердемен қайта тірілді. Қазір ол мақала мәтінінен де, әлеуметтік желідегі жазбалардан да, бейнежазбалардың астындағы пікірлерден де сезіледі.
Бұрын бір басшыны мақтау үшін газет беті қажет болса, енді бір батырманы басу жеткілікті. Міне, осы оңай жолдың арқасында «лайк жинау жарысы» мен «жақсы көріну додасы» басталды.
Жарайды, әкімнің еңбегін атап өттіңіз делік. Бірақ бірінің артынан бірі жарысып, бір мәтінді мың реңкке бояп, бір адамның «жақсылығын» он түрлі эпитетпен көтеру — ұят емес пе?
Бір мезетте сегіз ақын өлең арнап, төрт журналист мақала жазып, бес белсенді пост салып, бәрі бір-бірінің астына «керемет басшы!» деп пікір қалдырып жатса — бұл шынайы құрмет пе, әлде қызметтің иісін сезіну ме?
Ең сорақысы — сол жағымпаздар ертең әкім ауысқанда, кешегі мақтап жүрген әкімнің артынан топырақ шашып, жаңа келген әкімнің алдында тізе бүгіп шыға келеді.
Мұндай мінез — қоғамның ең ауыр дертінің бірі. Бұл тек жеке адамның емес, тұтас орта мен жүйенің айнасы.
Журналист те, ақын да, қоғам белсендісі де биліктің емес, халықтың сөзін сөйлеуі тиіс. Сонда ғана сөздің салмағы да, қаламның қадірі де сақталады. Ал егер әркім өз орнын биліктің айналасынан іздесе, ертең халықтың сенімін кім қорғайды?
Жағымпаздық уақытша жылы орын сыйлар, бірақ мәңгілік абырой әкелмейді.
Қалам ұстаған адамның ең басты миссиясы – ақиқатты айту. Ол кейде ұнамайды, бірақ дәл сол шындық қана қоғамды алға жетелейді.