Жыл сайын қазан айының 1-і қарттар күні ретінде аталып өтіп, қазан айы түгелдей қарттар айлығы болып өткізіліп жүр. «Қариясы бар ел – қазыналы ел» дейді қазақ. Ақылы кең – қазына іспетті қариялар елдің байлығы саналып, қазақ ертеден жасы үлкенді құрметтеп, сыйлауды, ақылын тыңдауды санаға сіңірген халық. Дегенмен де, сол ежелден санамызға сіңген, қанымызға дарығын қарттарды сыйлау, олардың ақыл-кеңесін тыңдау, үлкеннен ұлағат алу сияқты жақсы дәстүрімізден бүгінде қол үзіп барамыз.
Алдыңғы арба қай жолмен жүрсе, соңғы арба сол жолмен жүреді
Қазақтың осы даналық нақылының ақиқаттығын дәлелдейтін жайлар өмірде өте көп кездеседі. Кеңес заманында арақ-шарап ішіп, құдайсыз дінсіз күн кешкен аға ұрпақ өкілдері жастарға жақсы істерімен үлгі-өнеге көрсетудің орнына, егде жасқа келгенше теріс әрекет жасап, өздерін жаман қырынан танытып жатыр. «Үлкеннен ұлағат кетсе, кішіден ізет кетеді» дейді халық. Үлкеннен ұлағатты іс көрмеген жас ұрпақ содан кейін қарияларды қалай сыйламақ.
Бір ғұламаның айтқан мыныдай сөзі бар: “қарт адамды айналасына сүйкімді көрсететін жалғыз қасиет — даналық”. Дана қария деп біздер өмірде көрген-түйгені мол, сабырлылық, салмақтылық, кішіпейілдік, әдептілік сияқты жақсы қасиеттерді бойына молынан жинаған жанды айтамыз. Өкініштісі сол, сондай ізгі қасиеті мол қарт адамдар оншалықты көп емес. Керісінше, қартайғанша арақ-шарап ішіп, темекі тартатын, аузына келгенді айтып, әліне қарамай жас қыз-келіншектерге қырындайтын, жасына лайықсыз істер жасап, жастар сияқты киінетін шал-кемпірлер аз емес.
Әлеуметтік желілерде жарияланатын видеолардан тойда жастармен жағаласып селкілдеп билеп жүретін шалдар мен кемпірлерді жиі көріп жүреміз. Жастарына жараспайтын ерсі қимылдар жасап, сақалдары желпілдеп билеген шалдар мен жаулықтарын жалпылдатып секектеген кемпірлердің әрекетіне қарап, жастар не ойлайды. Ондай қарияларды құрмет тұту, ақылын тыңдау мүмкін бе?
Егер бүгінде қазақ жастарының арасында ажырасушылық, арақ-шарап ішу, темекі тарту сияқты зиянды әдеттер, зинақорлық, нәпсіқұмарлық секілді арсыздықтар көбейіп кетсе, бұған сондай теріс әрекеттер жасайтын аға ұрпақ өкілдерінің үлкен кінәсі бар десе, артық айтқандық болмайды. Өйткені, “алдыңғы арба қай жолмен жүрсе, соңғы арба сол жолмен жүреді”.
Жастармен жағаласқан қариялар
“Айқын” газетінің тілшісіне берген сұхбатында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өзі басқаратын салада әлі күнге дейін еңбек етіп келе жатқан 3200 зейнеткер бар екенін айтты. Ол зейнеткерлердің көбі қарапайым қызмет істемейтіні, үлкен лауазымдар атқаратыны жасырын емес. Жастармен жағаласып, өз орындарын бермей ұстай қатып, тістей жабысқан бұл зейнеткерлер қызметтен өлгенде ғана кетеді десек, артық айтқандық болмайды.
Қазіргі ғылым мынаны айтып отыр: адамның жасы егделенген сайын күш-қуаты азайып, белсенділігі төмендейді және жұмысқа деген ынтасы жоғалады. Ондай егде жастағы адамдардан ешқандай жаңашыл бастама күтуге болмайды, олар өз міндеттерін толыққанды орындай алмайды. Осыған орай, барлық елдерде егде жастағы қарттарды еңбектен қол үздіріп, зейнеткерлікке шығаруды заң негізінде жүзеге асыру дәстүрі қалыптасқан. Мысалы, жапондарда зейнет жасына жеткен соң мынадай шарт қояды екен: не жұмысты тастап, толықтай зейнетақыға көшесің, болмаса зейнетақыдан бас тартып, жалақы алып жұмысыңды жалғастырасың. Қарттар осы екі жолдың бірін таңдайды.
Ал біздің елімізде бұндай шарт жоқ, соған орай зейнеткерлікке шыққандар жастармен жағаласып жұмыстарын одан әрі жасай береді және зейнетақыларын және алады. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, бір ғана министрлікте бүгінде үш мыңнан астам зейнеткер істеп жатыр. Басқа салаларды қосқанда қанша мыңдаған қариялар жастарға орын бермей жұмыс істеп жатқанын бағамдайсың. Егер ол қариялар өз міндеттерін өте жақсы орындап, еліміздің дамуына сүбелі үлестерін қосып жатса еш әңгіме жоқ, күш-қуаты қайтып, денсаулығы сыр берген зейнеткерлер өндіріске де, өзі істейтін ұйымға да еш жаңашыл бастама әкелмей, өз міндеттерін толымды орындамай жәй уақыт өткізіп, жалақы алып жүретіні құпия емес.
Зейнет жасындағы адамдардың жұмыс істеуі еліміздің экономикасына айтарлықтай кері әсерін тигізетіні даусыз шындық. Өндірісті өрге бастыратын жаңашылдық, заман талабына сай өзгерістер енгізуге ынталылық десек, қарт адамдардың бойынан мұндай қасиет табылмайтыны ешкімге құпия емес. Өздері біліп кетпейтін, жалпақ тілмен айтқанда құйрықтан теуіп қуып шыққанша мықшиып отырып алатын кемпір-шалдардан құтылудың жалғыз жолы — зейнеткерлердің жұмыс істеуіне шектеу қоятын заңдық негіз жасау.
Жастардың қарт ата-аналарын асырауы міндет пе?
Әлеуметтік желіде қарттар үйінде қазақ қариялардың өте көптігі жөнінде түсірілген видео жарияланды. Автор қарт ата-аналарын қарттар үйіне тапсыратын қазақтардың көбейіп кеткендігін күйіне әңгімелейді. Біздің қазіргі қоғамда қарт адамдардың қарттар үйінде болуы ұрпағы үшін үлкен мін саналады.
Біз көп жағынан үлгі тұтатын АҚШ-ты алып қараңыз. Онда қарттар үйі аталатын пансионатта болу қариялар үшін үлкен мақтаныш саналады. Өйткені, пансионатта қарияларға қажетті барлық жағдай жасалған, төрт мезгіл тамақ, тегін медициналық қызмет, бос уақыттарын өткізуге қажетті барлық жағдайлар қарастырылған. Ондай пансионатта қариялар өздерін өте бақытты сезінеді.
Ежелгі заманнан қазақ қоғамына сіңген дәстүр: қартайған ата-анасын балаларының асырап-бағуы, дүниеден өткен кезде арулап құрметтеп шығарып салуы болғаны белгілі. Сол дәстүр қазір заман ағымының әсері болар, бұзыла бастады. Ата-аналарын бағып, күтуден бас тартатын жастар шықты. Бұған бір жағынан ата-аналардың да кінәлары бар. Олардың арасында “мен сені асырап-өсірдім, енді қартайғанда сен мені бағып-қағуға тиіссің” деген түсінікті санасына сіңіргендер көп кездеседі. Бұның өзі ата-ана мен баланың ара қатынасына сына қағып, ушықтырады. Ал оның соңы жоғарыда айтқанымыздай, балаларының ата-аналарын қарттар үйіне тапсыруымен бітіп жатады.
Тағы да өзіміз үлгі алатын АҚШ-ты алып қараңыз. Бұл елде балалар 16 жасқа толғанда кәмелетке толды деп саналады. 16 жасқа толған бала орта арнаулы мамандық беретін колледжге оқуға түсіп, одан әрі өз күнін өзі көруге көшеді. Колледжде жатақхана, стипендия береді, оған қоса жұмыс істейді. Осылайша жасөспірімдер кәмелеттік жасқа толысымен ата-аналарының қамқорлығынан шығып, өз беттерінше өмір сүруге көшеді. Олар ата-аналарымен хабарласып тұрады, кейде үйлеріне келіп, қонақ болып та жатады, бірақ қазақтардай ата-аналарының балаларын өлгенше асырауы деген жоқ. Және де ержеткен балалары қарт ата-аналарын бағып-қағып күтуі де міндет саналмайды. Балалары кәмелеттік жасқа толып, өз күндерін өздері көруге көшкен соң ата-аналары енді алаңсыз өзі үшін тірлік кешеді.
Жасыратыны жоқ, қазіргі қазақ қоғамы нарыққа негізделген капиталистік қоғамға толық енген жоқ және феодализмнің жалғасы іспетті болған социалистік қоғамнан толайым шыққан жоқ. Яғни, не ол емес, не бұл емес жағдайда өмір кешуде. Соның салдарынан адамдар, оның ішінде қарт адамдар тауқымет тартуда. Зейнеткерлікке шыққан соң немерелерін бағып, өзінің азын-аулақ зейнетақысын балаларына беріп, өлгенше соларға қызмет ететін қарттар бар. Сондай-ақ, сәби кезіңде сені асырап өсірдім, енді қартайғанымда мені бақ деп, балаларының мойнына мініп алып, ауыртпалық салатын қарттар да кездеседі. Бұрыңғы қазақ қоғамындағы қартайған ата-аналарын балаларының бағып-қағатын дәстүрінің ақырындап жоғалып бара жатуына осы жайлар себеп болып отырғаны анық. Жоғарыда айтқанымыздай, қарттар үйіндегі қазақ қариялардың көбеюіне де осы жайлардың себеп болғандығы даусыз шындық.
Үлкеннен — ұлағат, кішіден — құрмет
Егер қазіргі қоғамымызға ақыл таразысына салып қарайтын болсаңыз, қариялар мен жастардың арасының шиеленісіп кеткенін аңғаруға болады. Жайлы қызметте отырып алып, жағынан иегі айрылғанша кетпейтін зейнеткерлер мен балаларына міндетсініп, енді мені асыра деп, өз бала-шағасын әзер асырап жүрген жас отбасыларға салмақ салатын қарттардың кесірінен болып отырған бұл түсінбестік уақыт өткен сайын шиеленіспесе, жоғалар түрі көрінбейді. Сайтымызда осының алдында қозғала алмай қалған қарт әкесін ұрып-соққан жігіт жайында жазған едік. Ал туған анасын зорлаған қазақ жігітінің әрекеті жұртшылықтың ашу-ызасын туғызды. Осындай естір құлаққа ерсі жайлар неге көбейіп барады? -дегенге келсек, ең алдымен бұған жастарға ұлағат көрсетер аға ұрпақ өкілдерінің өздері кінәлі екендігін жасырмай айтуға тиіспіз.
Жайлы қызметте отырған қариялар жастарға орындарын беріп, олардың қоғамды дамытуына, бойларындағы қабылет-қарымдарын толық көрсетуіне жағдай жасаса, өз отбасылары бар балаларына ауыртпалық салмай өз жағдайларын өздері жасауға көшсе, жас ұрпақ пен аға ұрпақ арасындағы шиеленісіп кеткен текетірестің түйіні тарқатылып, бұл өзекті мәселе ақырындап шешімін табар еді. Яғни, ол үшін ең алдымен алғашқы қадамды қариялар өздері жасауы тиіс. Ал қарттар өздерін өзгерткілері келмесе, онда бұл шиеленіс одан әрі ушығып, одан жастар да, қариялар да зардап шегетін болады. Оның қаншалықты залалы барлығын қазіргі елімізде болып жатқан ерсі жайлар анық көрсетуде.
Қалкөз Жүсіп.