Конституция әр елдің, әр мемлекеттің негізгі заңы, бетпердесі. Ата Заң сол еллдің даму бағыты, ұстанымы, құндылықтары мен көзқарастарын көрсетеді. Жолаушыға жөн сілтеген Темірқазық жұлдызы, сайраған сара жол іспетті. Сондықтан, елімізде Конституцияның жаңа жобасы талқыға түскенде бәріміз де елең етіп, оқып, танысып, өзгелердің ұсыныстарын біліп, өз пікірімізді ашық айттық. Маған тұрғындардың өте жоғары белсенділік танытқаны ұнады және қуантты. Бұл- біздің ел тұрғындарының еліміз болашағына, ертеңіне деген жанашырлығының белгісі.
130 адамнан құралған Конституциялық Кеңестің 12 рет жиын өткізіп, барлық пікірлерге құлақ асып, саралап, талқылап, жобаны жетілдіре түскені орасан зор еңбек! Өйткені, бұл Ата Заң, ел ертеңі. Сол үшін де Конституциялық Кеңес құрамындағы заңгерлер, саясаткерлер, тарихшылар, қаламгерлер, қоғам қайраткерлері үлкен жауапкершілікті сезіне жұмыс жасады.
Көпшіліктің құлшынысы, мамандардың мұқият қызметі арқасында осындай- адам, оның еңбегі, білімі мен қауіпсіздігі басты назарға алынған, ұлттық құндылықтарымыз, ата жолымыз қорғалған, тағы басқа ізгіліктері көп жаңа Конституция дүниеге келді.
Алғаш рет қасиетті ана тілімізде жазылған, аса қажетті әрі озық нормалар енгізілген, өткен тарихымызды дәріптей отырып, болашақ бағдарымызды айқындағын, Құрылтай, Халық кеңесі сияқты төл ұғымдарымызды шегелеген, жалпыұлттық бірлік ұғымын, татулық пен бейбіт өмірді қорғаған жаңа заң біздің өмірімізді жақсылықтарға бастамақ.
Ең бастысы, осынау, күнде өзгеріп, құбылған, тарихи оқиғалары, экономикалық қарым-қатынастар, саяси көзқарастар шұғыл алмасқан заманда біз — осы заман талабына сай, барлық сұрақтарға кеңінен, дәл де нақты жауап беретін, анық-қанық, сапалы Конституцияға қол жеткізбекпіз.
Енді, 15 наурыз Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығы бойынша өтетін Референдумда өз дауысымызды беруіміз қалды. Бұл жауапкершілігі үлкен күні де біздің халқымыз белсенділік танытып, 15-ші наурыз күні өз учаскелеріне барып, дауыстарын беретініне сенімдімін.
Себебі, оқып, танысып, талқылаған еліміз тұрғындары Жаңа Конституцияның өзіне, өзінің ұрпағына сенімді қорған, қорғаушы боларына әбден сенеді.
Жаңа Конституция бекіп, Қазақстанның жаңа дәуірге аяқ басуының куәсі болайық!
Серік Жетпісқалиев, Көкшетау қалалдық Қоғамдық кеңесінің мүшесі









