Зеренді ауданындағы ветеринарлық станцияда болып жатқан жағдайды жұмыс деп айту қиын. Бұл мекеме соңғы екі жылда ветеринариядан гөрі ішкі істер органдарының бөлімшесіне көбірек ұқсап кеткен, деп хабарлайды Esilnews.kz тілшісі Nayzakokshe.kz сілтеме жасап.
Әр қызметкер күнде «қашан бастық шақырып алады» деп үреймен жүреді. Ал кез келген ұсақ-түйек үшін жаздырылатын түсіндірме «по существу заданных мне вопросов…» деп басталады. Ветеринарлық дәрігерлердің өздері күліп айтатын, бірақ шын мәнінде жан ауыртатын жағдай.

Бұл тәртіп қайдан шықты? Өте қарапайым: бұрынғы маман-зейнеткер кеткен соң, орнына басқа зейнеткер, бірақ бұл жолы – бұрынғы полицей тағайындалды. Содан бері ветеринарлар ем-домнан гөрі бұйрық орындаумен айналысатын болды. «Бұлай жасамаңдар» десең – сөгіс, «неге бұлай?» десең – тағы сөгіс. Жұмыстан айыру туралы емеуріндер күнделікті құбылысқа айналған.

Бірақ ең қызығы әлі алда. Ұжым редакцияға жолдаған хатында басшылықтың өз қалтасын толтыруға келгенде ерекше «еңбекқор» екенін ашық айтады.

Тек 2025 жылдың өзінде директор екі рет – 550 мың және 900 мың теңге сыйақы алыпты. Соңғысы, иә, иә, ветеринария күніне арналған жалғыз сыйақы. Жұмыс істейтін елу шақты адамның ішінен бір-ақ адамға!

Ал алдыңғы жылдары алған «сыйлығын» есептесек, миллиондар жиналып қалады: былтыр – 1 млн-нан аса, одан бұрын – 3 млн-нан көп.
Сонда сұрақ: Малымызды індеттен қорғайтын ветеринарлардың тер төгіп тапқан еңбегінің өтеуі қайда кетті?
Жалақы мардымсыз, жағдай ауыр, жастар бұл салаға бармайды. Көбі – зейнет жасына жақындаған тәжірибелі мамандар. Соларды мерекеде көтермелеудің орнына, дәл сол мереке алдында «сөгіс» беріп, сыйақысыз қалдыру үйреншікті тәсілге айналған көрінеді. Басшының «амнистия» жариялауы тіпті күлкілі: қызметкерлер «кінәсін жуып-шаю» үшін өзге біреудің жұмысын істеуі керек екен.
Бұл не масқара?
Бұл – әлдекімнің жеке фермасы емес, мемлекеттік мекеме.
Бұл – елдің азық-түлік қауіпсіздігіне жауапты стратегиялық сала.
Зерендідегі жағдай – тек бір ауданның қасіреті емес. Бұл – ауылдағы бақылаусыздықтың, кадр тапшылығының, жемқорлықтың айнасы.
Егер ветеринария саласын осылай басқарса, мал емес, мамандар қырыла бастайды.
Бұл мәселе жабулы қазан күйінде қала алмайды.
Редакцияға жолданған хат, дәлелдер, қолтаңбалар – барлығы назарда.
Ендігі сөз – тиісті органдарда.






