Жыл сайын қыркүйек айының 30-ы әділет органдары қызметкерлерінің күні ретінде аталып өтеді. Өмірінің ұзақ жылдарын әділет органындағы қызметке арнап, өз міндетін адал атқарып жүрген кәсіби біліктілігі жоғары мамандар аз емес. Солардың бірі ретінде Ақмола облыстық әділет департаментінің қаржылық және материалдық қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Гүлбаршын Хайзуллақызы Тәшімова.
Оның әділет органдарындағы саяхаты 2011 жылы басталды, содан бері ол өзін іскержәне жауапты маман ретінде танытып келеді. Ол өз есептерінде әрбір цифрға жете мән беріп, қайта-қайта тексеріп пысықтап жатады. Өйткені цифрлармен жұмыс істеген соң қателікке жол беруге болмайды.
Гүлбаршын Хайзуллақызы 1964 жылы 15 қазанда Целиноград облысы, Новоникольское ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1984 жылы бастаған, ал 1996 жылы Омбы ауыл шаруашылығы институтын «Экономика» мамандығы бойынша бітірген.
Осы жылдар ішінде оның ұжымдағы еңбегі, өз мамандығына деген жауапкершілігі түрлі деңгейдегі марапаттар түрінде анық көрінді. Әріптестер оны тек кәсіби білікті маман болғандығы үшін ғана емес, сонымен қатар талапшылдығы, жас мамандарға көмектесуге, қолдауға дайын тұратын елгезектігі үшін де бағалайды.
Гүлбаршын Хайзуллақызы отбасында да бақытын тапқан жан. Күйеуі екеуі бір ұл, бір қыз өсіріп отыр. Таяуда оның отбасында қуанышты оқиға болды, ол немерелі болып, әже атанды.
Биылғы кәсіби мерекесін де ол еңбек ұжымында әріптестері арасында қарсы алды. Оның өміріндегі ең басты жетістігі – өзі қалаған мамандықты игеріп, сол мамандық бойынша ұзақ жылдар табанды жұмыс істеуі және сол арқылы еліміздің дамуына өзінің лайықты үлесін қосуы.
Медет Едірісов,
Ақмола облысы Әділет департаменті
басшысының орынбасары-
Әдеп жөніндегі уәкіл