Көкшетау қаласындағы «Новопэк» тігін фабрикасында «AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінің ұйымдастыруымен «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында көшпелі қабылдау өтті.

Іс-шараға заңгерлер, медиатор, адвокат, нотариус, жеке сот орындаушылары мен облыстық Әділет департаментінің өкілдері қатысты. Қабылдау барысында тігін фабрикасының жұмысшылары еңбек құқығы, әлеуметтік төлемдер, алимент өндіру, тұрғын үй, заңдық көмек алу тәртібі секілді түрлі бағыттағы сұрақтарын қойып, нақты әрі кәсіби жауап алды.
«Мұндай кездесулер тұрғындармен кері байланысты нығайтып, құқықтық сауаттылықты арттыруға, сондай-ақ халықтың өз құқықтары мен мүмкіндіктерін дұрыс пайдалануына септігін тигізеді. Партия алдағы уақытта да әлеуметтік осал топтармен, еңбек ұжымдарымен осындай қабылдауларды жүйелі түрде өткізуді жалғастырады», — деп атап өтті облыстық партия филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Дархан Канафин.
Жалпы, партияның облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне ағымдағы жылдың 10 айында 7 698 өтініш келіп түсіп, оның 51% оңтайлы шешілген. Ал, қалған 3 712 өтінішке заң аясында кеңес берілсе, 70 өтініштің қаралу мерзімі бар. Өңіріміздегі барлық қоғамдық қабылдау алаңдарында 1982 қабылдау өткізіліп, 7667 адам өз өтініштерімен жүгінген.
Сондай ақ, биылғы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында 115 қабылдау өткізіліп, 560 азаматқа консультативтік көмек көрсеткенін. 11 тақырыптық қабылдау өтіп, 32 өтініш қабылданып, 219 көшпелі қабылдауда 1474 өтініш қарастырылып, оның 38 пайызы оң шешілген.





