Ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты зияткерлік меншік нысандарын пайдалану көлемі де арта түсуде. Әсіресе музыка, кино, әдебиет, бейнелеу өнері туындылары ғаламтор арқылы кең таралуда. Осындай жағдайда шығармашылық иелерінің құқықтарын қорғау мәселесі туындайтыны белгілі. Бұл ретте құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйымдардың рөлі ерекше.
Құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйым дегеніміз не?
Құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйым — бұл авторлар мен өзге де құқық иелерінен арнайы өкілеттік алып, олардың мүдделерін біріктіре отырып, шығармаларды пайдаланушылармен келісімдер жасайтын және роялти (сыйақы) жинап, оны иелеріне тарататын коммерциялық емес құрылым. Мұндай ұйымдар автордың өз шығармасын жеке өзі қорғауы қиын болатын жағдайларда тиімді шешім ұсынады. Мәселен, сіз жазған ән радиода орындалса немесе теледидарда көрсетілсе, сол үшін қаламақыны жинап, сізге жеткізетін — осы ұйым.
Құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйым:
— Коммерциялық емес ұйым,
— Мүліктік құқықтарды басқарады,
— Авторлардан алынған өкілеттік негізінде, сондай-ақ шетелдік құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйыммен жасалған шарттар бойынша әрекет етеді.
— Аккредиттеу негізінде жұмыс істейді.
Негізгі қызметтері:
— Шығармаларды пайдалану құқығын беру туралы лицензиялық шарттар,
— Авторлар мен құқық иеленушілерге сыйақы төлеу,
-Шығармалар мен сабақтас объектілерді пайдаланғаны үшін пайдаланушылардан сыйақы жинау,
— Авторлық құқықтарды қорғау.
Ұйымға кімдер мүше бола алады?
Ұжымдық басқару ұйымына композиторлар, ақындар, әншілер, музыканттар, суретшілер, фотографтар, режиссерлер және басқа да шығармашылық иелері мүше бола алады. Мүшелік ерікті негізде жүргізіледі, яғни әрбір автор өзінің құқықтарын ұжымдық басқаруға беруді өзі шешеді.
Қазақстанда құқықтарды ұжымдық басқару ұйымдарының қызметі ҚР «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заңына сәйкес реттеледі. Мұндай ұйымдардың қызметі ҚР Әділет министрлігімен аккредитациядан өткеннен кейін заңды күшке ие болады.
Қазіргі таңда, елімізде бірнеше аккредиттелген ұйымдар жұмыс істейді. Олар авторлардан өкілеттік алып, туындыларын пайдаланушылармен келісімшарттар жасасып, сыйақыларды әділ бөлуге тырысады.
Ұйым қызметінің негізгі бағыттары
Құқықтарды ұжымдық басқару ұйымы:
- Авторларға шығармаларын заңсыз пайдаланудан қорғауға көмектеседі;
- Шығармашылық еңбектің әділ бағалануын қамтамасыз етеді;
- Пайдаланушыларға заңды жолмен рұқсат алуға мүмкіндік береді;
- Мәдениет пен өнер саласының экономикалық дамуына үлес қосады.
Авторлық еңбекті бағалау, шығармашылық адамына құрметпен қарау – қоғам дамуының маңызды көрсеткіші. Сондықтан мұндай ұйымдардың жұмысы тек шығармашылық қауымдастық үшін ғана емес, бүкіл қоғам үшін қажет.
Құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйым міндеттері Заңының қай бабымен реттеледі?
Құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйым міндеттерінің Заңының 46-бабына сәйкес:
— Авторлық және сабақтас құқық иелеріне Құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйым интернет-ресурсы арқылы жеке кабинеттен есептерді сыйақы төлемімен қатар ұсыну;
— Сыйақыны авторлық және сабақтас құқық иелеріне бөлу және төлеу үшін пайдалану;
— Сыйақыны тоқсан сайын Қазақстандық құқық иелеріне, жылына кемінде бір рет шетелдік ұйымдарға бөлу және төлеу;
— Авторлық және сабақтас құқық иелері, құқық объектілері туралы деректер базасын (реестр) қалыптастыру;
— Құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйым қызметі туралы ақпараттандыру мақсатында интернет-ресурс құру;
— Басқа ұйымдармен өзара өкілеттік шарттар болған жағдайда, интернет ресурста автор/иесі, объект атауы, шарт атауы және сыйақы мөлшері туралы ақпарат орналастыру;
— Өзінің өкілдік ұйымдары туралы мәліметтерді интернет-ресурста жариялау;
— Уәкілетті органға, БАҚ-та, интернет – ресурсында есептерді жариялау;
— Пайдаланушылармен жасалған шарттар туралы ақпаратты жариялау (атауы, орналасқан жері, шарт күні);
— Қазақстан Респуликасының аумағында авторлық құқықты ұжымдық басқару саласында өзара өкілеттік шарттарын жасау;
— Жалпы жиналыс өткізу күні мен орны туралы ақпаратты уәкілетті органға 10 жұмыс күнінен кешіктірмей жазбаша және электронды түрде жолдау, жиналысқа қолжетімділікті қамтамасыз ету.
Сұлтанбек Шойбеков,
Ақмола облысы әділет департаментінің
зияткерлік меншік құқығы бойынша бөлімінің маманы