Соңғы күндері қоғамда қызу талқыға түскен тақырыптың бірі – «тоқал институтын заңдастыру» туралы депутаттың ұсынысы. Бұл жай ғана жекелеген пікір емес, елдің идеологиялық бағытына, моральдық ұстанымына соққы болар тұжырым.
Бұл мәлімдемеге жауап ретінде продюсер Баян Алагөзова «онда әйелдерге де бірнеше күйеуге тиюге рұқсат берілсін» деген уәж айтты. Расында, егер ерлерге көп әйел алу заңмен бекітілсе, неге әйелдерге ондай құқық берілмейді? Біз зайырлы мемлекетпіз, Конституциямызда азаматтардың тең құқығы нақты жазылған емес пе?
Осы мәселенің түп-тамырына Esilnews.kz тілшісі үңіліп көрді.
Алайда мәселенің түп тамыры тереңде жатыр. Екі рет үйленіп, не тұрмысқа шығып, отбасын сақтап қала алмаған адамдардың қоғамға отбасы мен неке құндылығы жөнінде ақыл айтуы – ақылға сыйымсыз.
Тарихтағы тоқалдық пен бүгінгі түсінік
Кешегі қазақ қоғамында тоқал алу дәстүрі белгілі бір әлеуметтік себептерден туындаған еді. Соғыс, ашаршылық, түрлі жұт жылдарында жесір қалған әйел мен жетім баланы қамқорлыққа алу, ру абыройын сақтау мақсатында қолданылған амал болатын. Бай мен кедейдің арасы алшақ, қоғамның құрылымы өзгеше болған кезеңде бұл үрдіс белгілі бір жауапкершілікпен орындалды.
Бәйбішесі бала көтермеген жағдайда ғана тоқал алу кездесетін. Бірақ сол кезде де ер-азамат бәйбішесін тастамай, барлық жарына бірдей қамқорлық көрсеткен.
Қазіргі жағдай мүлде бөлек. Бүгінгі «тоқалдық дәстүр» — тарихи негізінен жұрдай, арсыздықтың айқын көрінісі. Әлеуметтік желілерде кейбір шенеуніктердің тоқалдары өз мәселесін ашық айтып, тіпті мемлекет басшысына үндеу жолдайтын деңгейге жетті. Мұндай жайттар билік беделіне нұқсан келтіріп, қоғамның моральдық деңгейін төмендетеді.
Өз отбасында алимент төлемей, жауапкершіліктен жалтарып жүрген адамның ел алдында неке мен мораль туралы сөз қозғауы – қисынсыз. Кеңес заманында мұндай басшы «моральдық азғындыққа жол берді» деп қызметінен босатылатын. Өйткені отбасы мен абырой — мемлекеттің айнасы.
Отбасы – ұмыт қалған құндылық
Бүгінгі таңда отбасы институтын нығайту бағытында нақты әрі жүйелі саясат жетіспейді. «Мерейлі отбасы» байқауы жылына бір рет өтеді де, сахнада бір-екі көпбалалы ата-әже марапатталып, іс-шара сонымен тәмамдалады.
Мемлекеттік телеарналарда үлгілі отбасыларды насихаттайтын жобалар сирек. Керісінше, ажырасқан немесе дау-дамаймен өмір сүріп жүрген ерлі-зайыптыларды ток-шоуларға шақырып, көрермен тарту үрдісі белең алған. Бұл көрініс қоғамның рухани құлдырауын ғана емес, тәрбиелік жауапкершіліктің әлсірегенін көрсетеді.
Қыруар қаржы алатын қоғамдық ұйымдардың шаралары да көбіне дөңгелек үстел мен баяндамадан әрі аспай отыр. Отбасы институтын қорғау туралы мақалалар жазып жүрген кей журналистердің өзі жеке өмірінде тұрақтылық таныта алмай отырса, олардың айтқан сөзінің салмағы қайда?
Моральдық дағдарыстың көрінісі
Қазір қоғамда отбасы ұғымының қадірі кеміп барады. Әлеуметтік желілер мен жаңалықтар лентасы адам шошырлық оқиғаларға толы: баласын ұрып-соққан ата-ана, әкесін өлтірген бала, немересін қорлаған аталар туралы деректер жиіледі.
Мұндай жағдайлар бұрын ертегі не жат мәдениеттің жемісі сияқты көрінсе, бүгінде – күнделікті шындық. Осындай ахуалда қоғам Бишімбаев ісін «жай ғана тұрмыстық жанжал» деп қабылдайтын деңгейге жетті. Бұл – адамгершілік өлшемінің жоғалуы, рухани құлдыраудың айғағы.
Ажырасу деректері дабыл қағады
2025 жылдың маусым айындағы дерек бойынша, әлемде ажырасу жиілігі бойынша Қазақстан екінші орында тұр. Бірінші – Мальдив Республикасы (5,52), екінші – Қазақстан (4,6), үшінші – Ресей (3,9). Ерлі-зайыптылары қосылып, күн сайын ішімдік ішіп, отбасында жанжал шығаратын елден де озып кеткеніміз ойландырмай қоймайды.
Түйін сөз: Отбасы – мемлекеттің берік іргетасы. Іргетасы мықты ел ғана даму мен өркендеудің жолына түсе алады.
«Тоқал заңы» емес, тәрбие заңы қоғамның темірқазығына айналуға тиіс. Моральдық тазалық пен рухани мәдениет қайта оралмайынша, еліміздің демографиясы да, идеологиясы да түзелмейді.






