Ақмола облысында қордаланған экологиялық түйткілдер халықтың жанайқайына айналып отыр. Тұрғындар жылдар бойы жергілікті биліктің әрекетсіздігінен шаршаған. Ал қағаз жүзінде бәрі тамаша көрінгенімен, шын мәнінде өңір экологиялық дағдарыс шегінде тұр.
Қоқыс пен қараңғылықта қалған ауыл
Жақында Ерейментау ауданының Ақсуат ауылы тұрғындары Мемлекет басшысына әлеуметтік желі арқылы бейнеүндеу жолдады. Ауыл бірнеше жылдан бері қоқысқа көмілген көшелермен, қараңғылыққа батқан түндермен және жүруге келмейтін жолдармен өмір сүріп келеді.
«Жолға шыға алмаймыз, кешке шам жоқ, балаларымыз батпақ пен қоқыстың ортасында ойнап жүр», – деді ауыл тұрғындары.
Степняктағы сасық иіс пен сабырдың таусылуы
Біржан сал ауданының орталығы – Степняк қаласы да экологиялық апаттың алдында тұр. Редакциямызға хабарласқан қала тұрғындарының айтуынша, жеті жыл бойы орталық көшелерге кәріздің лай суы жайылып, тұрғындар сасық иістен шаршаған.
«Жолмен жүру де, көлік айдау да мүмкін болмай қалды. Қала ішінде тұншыққан күйде өмір сүріп жатырмыз», – деді Сәрсенбай есімді қала тұрғыны.
Қояндыдағы қоқыс иісі мен биліктің үнсіздігі
Астананың іргесіндегі Қоянды кенті – бұл жүйелі немқұрайдылықтың айқын мысалы. Мұнда заңсыз қоқыс полигондары бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді.
Сот шешімі шыққанына қарамастан, қоқыс үйінділері жойылмай отыр.
«Күн түн демей қоқыстың исін искеп отырмыз. Далада жүру мүмкін емес. Желді күндері үйдің ішіне де қолқаны қабатын жағымсыз иіс кіріп кетеді. Осыны айтып әкімдіктің табылдырығын да тоздырдық. Ол жақтан бір нәтиже жоқ. Шешілмейтін күрмеуі қтиын мәселе болды ғой», – деп налыйды ауыл тұрғыны Нариман Әбікен.
Жас аналар мен зейнеткерлер де дабыл қағады: «Балаларымыз аулаға шығудан қалды. Терезе ашуға болмайды. Бұл жай қолайсыздық емес, нағыз улану!»
Қағаздағы статистика мен өмірдегі шындық
Өңір әкімдігінің дерегінше, тек 2024 жылы 51 мың тоннадан астам қоқыс шығарылып, 403 бей-берекет қоқыс орны жойылған. Алайда бұл статистика шынайы өмірде көрініс таппай отыр.
Тұрғындардың айтуынша, мұның бәрі – есеп үшін жасалған «көрсеткіш қуу» ғана.
«Заң мен тәртіп» қағидасы қағазда қалды ма?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында жиі атап өтетін «Заң мен тәртіп» қағидасы осындай жағдайда сынға түседі. Сот шешімі орындалмайды, жауапты органдар үнсіз, ал тұрғындар уланудың ортасында қалып отыр.
Парламент депутаттары да бұл мәселеге бейжай қарағандай. Назарбаевтар әулетінің байлығын санаудан немесе анасын құттықтаудан қолдары босаса, кеше ғана «жасыл экономика» ұранымен ЭКСПО өткізген елорданың іргесінде экологиялық апат болып жатқанын неге көтермеске?
Ұран мен нәтиженің арасы алшақ
«Елорданың іргесінде қоқыстың ортасында қаламыз деп кім ойлады. Ауылдың өсуінен гөрі, қоқыстың жиналуы тез», – дейді Қоянды ауылының тұрғындары әлеуметтік желіде. Бұл жай ғана қолайсыздық емес, халықтың денсаулығына төніп тұрған ашық қауіп.
Сонда «Таза Қазақстан» тек ұран мен есеп үшін қажет пе, әлде нақты нәтижеге жеткізетін бағдарлама ма?
Түйін
Халықтың үміті – биліктің уәдесінде емес, ісінде. Егер заң талаптары орындалмаса, сот шешімдері қағаз күйінде қалса, ал халықтың жанайқайы естілмесе, «Таза Қазақстан» ұраны елдің есінде ресми акция ретінде емес, орындалмаған уәденің символы болып қалары сөзсіз.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Жарықсыз, жолсыз, қоқысқа көмілген Ақсуат: Президент уәдесі қашан орындалады?» тақырыбымен мақала жариялаған едік.
Сонымен бірге, ««Маскасыз көшеге шығу мүмкін емес»: Степняк тұрғындары сасық иістен әбден титықтады» тақырыбымен мақала жарық көрді.