Өткен аптада Талғар қаласында болған 16 жастағы бозбаланы бір топ орда бұзар отыздағы жігіттердің тепкілеп, пышақтап ұрып-соғып өлтірген оқиғасы барша қазақстандықтарды қатты шошытты. Кісі өлімімен аяқталатын мұндай төбелестер еліміздің әр түкпірінде ара-тұра болып тұрады. Бірақ неге Талғардағы оқиғаға халық сонша қатты назар аударып, тіпті рұқсат етілмеген шеруге шықты?
Бұл оқиғаның әдеттегі көп төбелестердің бірі еместігі осы жайға назар аударғанда анық көрінеді. Себебі қанышерлер бозбаланы әке-шешесінің көз алдында ұрып өлтірген. Бұл енді шектен шыққан қатыгездік және заң, ұлттық сана атаулыны қоқысқа тастаған астамшылық. Ата-ана мен үлкенді сыйлаған қазақ ешқашанда олардың көз алдында төбелесіп, кісі қанын төкпеген. Сондай-ақ, сонша адамның көзінше жас баланы аяусыз ұрып-соғып, пышақтап, тепкілеп өлтіру деген енді заңға пысқырмаймыз деген астамшылық пен шектен шығушылықты анық көрсетеді. Яғни, бұндай қатыгездікті жасаған адамдар өздерін заңнан биік қойып, ешкім бізге тиісе алмайды, ойымызға не келсе сонша жасаймыз деп санайтыны істерінен анық көрінеді. Қарапайым халықты шошытқан да басбұзарлардың осыншама еркінсулері мен шектен шығулары екені анық. Өйткені, заң атаулыға пысқырмайтын мұндайлар күні ертең бұдан да жаман әрекеттер жасайтынында дау жоқ. Соған орай, осындай жағдай күні ертең қай-қассымыздың да басымызға түсуі мүмкін. Бұның өзі өткен ғасырлардағы Америкадағы күші жеткен әлсізді өлтіріп кете салатын ковбойлық заманның елімізге келе бастағанын көрсететіндей. Жұртшылықтың одан қатты шошынып, тіпті шеруге шығып, жолды жауып тастауға дейін баруы осыны аңғартады.
Оқиғаның қалай орын алғанына назар аударсақ, түкке тұрғысыз жай екенін түсінеміз. 16 жастағы бозбаланың әкесі жалға дүкен алып, азық-түлік сатумен айналысқан. Онда сондай-ақ, сыра да сатылған. Кешкісін масаң тартқан екі жігіт кіріп, сыра бер деп сұрайды. Бір банкы сыра алған жігіт бірақ ақшасын төлемейді. Ақшасын сұраған дүкеншіге дөрекі сөздер айтып, қоқан-лоққы көсретеді. Сол кезде әкесінің дүкеніне келген бозбала мынаны естіп, жігіттен ақшасын төлеуді талап етеді. Содан екеуі сөзге келіп керісіп қалады, ақыры төбелеске ұласып, бозбала әлгі мас жігіттің мұрнын қанатып тастайды. Артығырақ кеткенін түсінген ол сосын оның мұрнын жуып, кешірім сұрайды. Керіс осымен біткен сияқты болған. Дегенмен, мас жігіт сыртқа шыға сала достарына телефон шалып, мені ұрды деп көмек сұрайды. Оның достары да бір жерде арақ-шарап ішіп отырған болуы керек, әп-сәтте үш машинаға мініп жетіп келеді. Суық қару – пышақпен, тіпті автоматпен қаруланған әлекедей жаланған орда бұзар отыздардағы жігіттер бозбаланы жабылып сабайды. Жәй сабап қоймай, бірнеше жеріне пышақ салады. Құлап жатқан бозбаланы аяусыз тепкілеп, басынан автоматтың дүмімен соққылайды. Бұның бәрі оның ата-анасының көз алдында жасалады. Зар жылаған ата-анасын бұзақылар жібермей ұстап тұрады. Інісін қорғамақ болған оның ағасы да жарақат алады.
Оқиға болып жатқанда баланың туыстары полицияға телефон шалып хабарласқан, бірақ телефонды ешкім көтермеген. Қансырап жатқан балаға көмектеседі деп Жедел жәрдемге хабарласқан, бірақ Жедел жәрдем 40-50 минут өткенде әзер келген. Бұл кезде бала жан тапсырған. Оқиға болып біткен, бұзақылар кетіп қалған кезде полиция келеді. Баланың ата-анасы сол жерде болған оқиғаны айтып, дүкендегі видеокамерадағы жазбаны полицияға береді. Қызығы сол, кейін дүкен камерасына түсірілген видео белгісіз себептермен жоғалып кетеді. Оқиғаға қатысқан 13 басбұзардың 7-уі ғана қамауға алынып, қалғандары куәгер ретінде босатылады және оларға байланысты абайсызда кісі өлтіру деген баппен қылмыстық іс ашылады. Оған қоса, жәбір көруші бозбаланың ата-анасын түн ортасында полицияға шақырып, оларға қоқан-лоққы жасалады.
Осы жайлардың бәрі полиция қызметкерлерінің қылмыскерлерді қорғаштап, тіпті ебін тапса босатып жіберуге ынталы екенін айғақтайтындай. Осыған күйінген баланың ата-анасы мен туыстары ертеңіне полицияға барады. Оқиғаны естіген басқа жергілікті адамдар да оларға қосылады. Сөйтіп, ашынған адамдар жолды жауып тастайды. Әлеуметтік желілерде бұл оқиғаға қатысты ашынған адамдардың көп пікірлері айтылып, жазылды. Халықтың айқайынан қорыққан болуы керек, сол кезде ғана құқық қорғау органдарының өкілдері халық алдына шығып, оқиғаға қатысты түсінік бере бастады.
Қазір бұл жағдайы Ішкі істер министрлігі мен прокуратура органдарының тікелей бақылауына алынып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Айта кету керек, шеруге шыққандар осы іске қатысы бар 13 адамның (олардың арасында 2 әйел де бар) түгел қамалып, қылмыстық жауапқа тартылуын талап етті. Кейін белгілі болғандай, бұзақылардың кейбіреулерінің ата-аналары үлкен лауазымды қызмет атқарады екен. Полицияның бұзақыларды ақтап жіберуге құлшынуының себебі де осында болса керек.
Осы оқиғаға қатысты бірнеше Мәжіліс депутаттары да мәлімдеме жасады. Соттың ашық өтуін, бұзақылардың барынша қатаң жазаға тартылуын талап етті. Прокуратура мен ІІМ арнайы бақылауға алған бұл іс дұрыс шешімін тауып, қылмыскерлер заң алдында лайықты жазасын алады деп үміттенеміз.
Қалкөз Жүсіп.