Осы аптадағы еліміз үшін үлкен маңызды оқиға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс сапарымен Түркияға барып қайтқаны болды. Тоқаевты әуежайдан Түркияның президенті Реджеп Тайп Ердоғанның өзінің қарсы алуы екі ел арасындағы қатынасқа қаншалықты үлкен мән беретінін аңғартқандай. Түбі бір түркі елдерінің бірігіп – Тұран одағының құрылатын күні де жақындай түскендей. Өйткені қазіргідей алмағайып заманда біріккенде ғана алпауыт мемлекеттердің аранынан аман қолуға болады. Оны қазіргі әлемдегі геосаяси оқиғалар анық көрсетуде.
1991 жылы желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздігін жариялағанда Түркия бірінші болып тәуелсіздігімізді мойындаған еді. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында үлкен көлемде инвестиция салып, экономикалық жағынан қолдау көрсеткен де түбі бір Түркия болатын.
Өткен жылы Түркиямен арадағы сауда көлемі 5 млрд АҚШ доллары көлемінде болған. Соның 3,3 млрд-ы елімізден Түркияға шығарылған экспорттың үлесіне тиеді. Ресеймен Еуроазиялық одақ байланысында Қазақстан негізінен солардың өнімін тұтынушы болып отырғаны құпия емес. Біздің өнімімізді ресейліктен қырық түрлі сылтау айтып, еліне кіргізбейді, ал өз өнімдерін ағыл-тегіл әкеліп, сауда орындарымызды толтырып тастады. Бұл қатынастан Қазақстан үнемі ұтылып келеді. Осыған керісінше, Түркиямен сауда байланысында экспортымыздың үлес салмағының артық болуы, бұндай қарым-қатынсатың біз үшін өте тиімді екендігін көрсетеді.
Экономикамыздың 80 пайызы Ресейге байланғандықтан, соның теріс салдарын қазір аяусыз тартып жатырмыз. Ресейге салынған санкциялар мен рубльдің құнсыздануы біздің экономикамызға да үлкен теріс әсерін тигізіп отыр. Осы орайда еліміздің президенті соңғы жылдарда шикізат, оның ішінде мұнай өнімдерін Ресейден тыс сатуға шығару мәселесіне көбірек көңіл бөлуде. Бұл маңызды іске Түркияның үлкен қолдау көмегі болмақ. Қазір екі ел Транскаспии халықаралық көлік дәлізін дамытуға баса мән беріп отыр. Бұл бағыттағы нақты жұмыстар қолға алынған. Өткен жылы осы дәліз арқылы тасымалданған жүк көлемі 62 пайыз өсіп, 4,5 миллион тоннаға жеткен. Алдағы жылдары бұл көрсеткішті 10 миллион тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Бұның өзі еліміздің әленуетін көтеруге, Ресейге тәуелділігімізді азайтуға ықпалын тигізетіні анық.
Соңғы жылдарда түркі мемлекеттерінің арасындағы байланыс барынша нығайып, бұл болашақта барлық саланы қамтитын толыққанды қауымдастыққа айналу мүмкіндігін аша түсуде. «Бөлінгенді бөрі алады» демекші, қазіргідей алмағайып кезеңде түбі бір туыс елдер күш біріктіріп, толыққанды одақ құрып жатса, оны замана талабынан туған қадам деп бағалау қажет. Жеті мың шақырымдай ортақ шекарасы бар іргелес Ресей елі тарапынан солтүстік өңірлерімізге көз алартушылық үнемі көрініс беріп қалады. Солтүстік облыстарымызды Ресейдің ежелгі аумағы деп санайтындар өз елімізде де аз емес. Олар осындай көзқарастарын жасырмай ашық айтып та жатыр. Осы жайлар «жау жоқ деме, жар астында» деген халық даналығын еске салады. Ал әлсіздерге күш қолдануға қашанда әзір тұратын алпауыт Ресейге біз тек күш біріктіріп, бірлесе қарсы тұрғанда ғана тойтарыс бере аламыз.
Осы орайда мемелкетіміздің басшысы Қ. Тоқаевтың Түркияға сапарын түркі елдері арасындағы қатынасты нығайтуға бағыттылған жаңа қадам деп айтуымызға болады.
Қалкөз Жүсіп.