Ақмола облысындағы Степняк қаласының тұрғындары тағы да жылусыз отыр.
Кеше ғана коммуналдық қызмет ұжымына көптен күткен жалақысы төленіп, жұмысқа жігермен кіріседі деп күтілген. Алайда, қалада жағдай күрделі күйінде қалуда.
От жағушылар екі ауысыммен еңбек етеді, жалақысы да жаман емес — екі жүз мың теңгеден асады. Бірақ қала тұрғындары таңғы суық үйлерінде тоңып отыр.
«Түнде жарық сөнді, ал қазандықтағы автономды дизельді қозғалтқыш жұмыс істемейді» — дейді қала тұрғындары.
Бұл ақау бір күннің мәселесі емес — ескі генератор ұзақтан бері жөндеу көрмеген.
Жылу жүйесіндегі келесі түйткіл — дұрыс тартылмаған жылу трассасы. Салдарынан циркуляция әлсіз, суық батареялар мен буы шыққан үйлер — Степняктың бүгінгі шындығы. Қазір мамандар қосымша сорғы қою мәселесін қарастыруда.
Оған қоса, көмір сапасы сын көтермейді. «Қара алтынның» орнына шаң-тозаң түсіп жатқанын тұрғындар да, коммуналдық қызмет те мойындайды. Уақытша шешім ретінде үлгілік сынамалар зауытқа жіберілген.
Бір сөзбен айтқанда, Степняктағы жылу қазаны мазданып тұрған жоқ. Қаланың электрмен жабдықталуы жиі үзіліп, кейбір қазандықтарда автономды қуат көзі жоқ. Мұндай жағдай тек жайсыздық емес — қауіпті. Аршалыдағы қазандық жарылысы мен зардап шеккен адам туралы оқиға әлі де ел есінде.
Жағдайды ушықтырып тұрған тағы бір жайт — адам факторы. Қайнаған еңбектің ортасында жүрген от жағушылардың еңбегі ауыр, жауапкершілігі үлкен. Себебі, жақсы от жағушы болса — үй жылы, ал жауапсыздық болса — бүтін қала тоңады.
Қазір жарық берілді, температура біртіндеп көтерілуде. Бірақ, жылдар бойы шешілмей келе жатқан жүйелі мәселе тағы да қайталанып отыр.
Мәселе тек осы қалада емес. Осындай жағдай жақында Макинск пен Зерендіде де қайталанды. Тіпті аурухана да суықтан зардап шеккен болатын.
Қазір Степняк тұрғындарына қыстың ызғары емес, салғырттықтың суығы өтіп тұр.






