-12.8 C
Kokshetau
Басты бетШежіреСЕЙІТ АҒА АТБАСАРҒА  КЕЛГЕНДЕ..

СЕЙІТ АҒА АТБАСАРҒА  КЕЛГЕНДЕ..

Сондай-ақ, оқыңыз...

Атбасар өңірі ежелден дүйім жұртқа белгілі қазақтың қасиетті  де киелі  жерлерінің  бірі. Тоғыз жолдың торабы болғандықтан қаламызға олай-бұлай өткендердің барлығы атбасын бұрмай кетпейді.      Шаһарымыздың жомарттығы мен қонақ жайлылығы болар, ел сыйлаған нарқасқалармен жүздесіп, дастархандас, дәмдес  болдық.  Батасын алдық. Солардың бірі  қарымды қаламгер, туындылары  оқырмандарының көңілінен шығып көзайымына айналған,  этнограф-ғалым, ақын, сатирик-жазушы  Сейіт  Кенжеахметұлымен  жүздескенім  әлі есімде.

2011 жылдың ақпан айы  болатын. Арқаның өңберіңнен өтетін аязы түспей, жарықтық табиғат ана, қыстың соңғы күндерінің  демін алып жатқан сәті. Көктемнің жақындап қалғанын сездіргендей.     Қаламыздағы  іргелі  кәсіпорындардың бірі «Аждар и К» ЖШС-нің  директоры, облыстық  мәслихат  депутаты, «Құрмет» орденінің иегері, Атбасар ауданының құрметті азаматы Əждəр Тайшытайұлы шақырған соң  кабинетіне барсам,   Сейіт ағамызбен  арқаны кеңге салып, қою қара шайды ұрттап қойып,  екеуі  әңгіме-дүкен құрып отыр екен.

«Бұл  жігіттің есімі Темірбек, «Атбасар» аудандық газетінің тілшісі. Сіздің келгеніңізді естіп, сәлем бермек, әрі сұхбат алмақшы» деп  Əждəр аға бізді таныстырып жатыр. Ортадан бойы жоғары, шашы аппақ қудай, көзәйнек киген, жасы жетпістен асқан жазушы ағаның еңбектерін оқығаным болмаса, бет  әлпетін  бірінші рет көруім. Өзі әңгімешіл кісі болып шықты.

«Менің мектебім де, университетім де туған  жерім, өскен  елім» дейді жазушы.  «Бір  әкеден үш ағайынды едік. Әкей  1942 жылы майданда 33 жасында қаза тапты. Шешеміз Сәлима жастай жесір қалды. Ол уақытта тұрмыстың ауыр кезі. Ауылда қызылша деген дерт  өршіп, жас балалар осы науқастан қынадай қырылып жатты. Өзімнен үлкен апам және қарындасым бар еді. Үшеуміз  де қызылшамен ауырып төсек тартудамыз.  Шешемнің көргені көп,  тағдырдың тауқыметін бір кісідей тартқан  жан еді.

Екі қыздың ортасына мені жатқызып: «Ағайыннан, байдан рахат  көрген жоқпын. Ей, Алла тағала екі қызды қидым, балама  тіршілігіңді  бере көр» деп  жалбаранып сұрапты. Апам мен қарындасым қызылшадан ауырып көз жұмады. Мені құдай сақтап ажал аузынан аман қалыппын.

«Тәңірі асыраған тоқтыны қасқыр жемейді» деген сөз бар. Тәңірім қолдап мына жарық дүниенің қызығы мен қуанышына тоймай жүріп жатырмын» дейді  әңгіме барысында Сейіт аға.  Ол кісі жас күнінде бармағы майысқан нағыз  шебер  болыпты. Ағаштан түйін түйген және пеш салушы  өнері де  бар  екен.

«Белгілі қоғам қайраткері  Өзбекәлі  Жәнібековпен бес жыл бірге жұмыс істеп, қызметтес  болдым. Өзағаң  Торғай өңірінде оның ішінде Арқалық қаласында қазақ өнері  мен  мәдениетінің, әдебиетінің өркендеп дамуына айтарлықтай үлесін қосты.

Торғайда  халқымыздың  ұлы ағартушысы Ыбырай  Алтынсаринның  салған  мектебі  бар  еді. Сол мектепте оқып тәлім- тәрбие алдық.  104 жыл тұрған ескінің көзі, сәулетті  мектеп  ғимаратын әкім-қаралар  1968 жылы бұзғызып тып-тыйпыл қылды. Осындай жағдайды естігенде  Өзағаң өкініштен өзегі өртеніп, ойбайлап шашын жұлып , ах ұрғаны бар. Ой, мектеп болғанда керемет еді  ғой. Топса, есіктері қолдан соғылған. Еденіне  бөренені  тегістеп қиып салған, өмірі шірімейді. Бала күнімізде біздің талшық етіп жейтін тамағымыз құрт болатын. Соны есіктің жақтауына қыстырып бөлетінбіз. Ол кезде құдай, ұят, ар бар еді. Ал, қазір заман да, адам да, өмір сүріп отырған  қоғам да өзгерді» деп айтқандарын қалайша ұмытарсың.

Сейіт аға әңгімесінің соңында «Адам баласы үш нәрсенің қадірін білмейді. Ол: жастық, денсаулық, жақсы жар. Мұны қазақ «үш қадірсіз» деп атайды. Негізгі мағынасы уақытында, осы үшеуінің  қадірін білмегендіктен қадірсіз деп отырғаны содан.  Тіршілікте ненің болсын  қадірін біліп жүрген  дұрыс. «Берушіге бесеу көп, алушыға алтау аз»  дегендей пенденің  көзі  дүниеге тойған ба?  Өмірде тілейтінім – амандық, денсаулық, еңбектеріңнің жанғаны» деді.

Сол күні  Нұрмұрат ағамыздың үйінде қонақта болып едік. Зұлқия жеңгеміз  дастархан жайып, ет асып қойыпты. Содан бері де алты жыл өтіпті.   «…Дүние- үлкен  көл, Заман- соққан жел. Алдыңғы толқын- ағалар, Артқы толқын- інілер. Кезекпенен  өлінер, Баяғыдай көрінер…» деп хәкім  Абай айтқандай, Сейіт  ағаның  да келместің кемесіне мініп кеткеніне  бірнеше жылдар болыпты. Иә, дүние жалған деген осы. Бәрі  баяғыдай сияқты, тіршілік арнасымен ағуда…

 

ТЕМІРБЕК ҚАСЫМЖАНОВ,

 өлкетанушы 

 

(Атбасар қаласы, қазан айы, 2017 жыл) 

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз