16.3 C
Kokshetau
Басты бетКөзқарасСөзі мен ісі қабыспайтын шенеуніктер: Көкшетаудың маскүнемдері соны дәлелдеп берді

Сөзі мен ісі қабыспайтын шенеуніктер: Көкшетаудың маскүнемдері соны дәлелдеп берді

Сондай-ақ, оқыңыз...

Осыдан бірер күн бұрын «Көкшетауда Президент сөзінің желге ұшып жатқан сәтті…» тақырыбымен мақала жариялаған едік. Кейбіреулер Көкшетаудағы маскүнемдердің президентке қандай қатысы бар деп ойлап қалуы мүмкін. Осыны сәл тарқатып айтатын болсақ, Мемлекет басшысы жариялаған «Заң және тәртіп» қағидатын біржола орнықтыруда полиция айрықша рөл атқаратынын атап өтті.

«Қылмыспен күресу және қоғамдық тәртіпті сақтау – аса маңызды міндет. Бұл – жауапкершілігі өте үлкен жұмыс. Еліміздің әрбір азаматы өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Ол үшін құқық қорғау жүйесі үйлесімді әрі тиімді жұмыс істеуі қажет. Ең алдымен, мемлекетте заң талаптары мүлтіксіз орындалуы керек. Заң бұзған кез келген адам жазасын алуға тиіс», – деді Президент өз сөзінде.

Президент айтуын айтты. Құқық қорғау органдары мен әкімдік өкілдері әлеуметтік желіде, ресми баспасөзде түрлі есептер мен бастамаларды жарыса жариялады. «Қоғамдық тәртіп күшейтілуде», «Маскүнемдерге қарсы рейд жүргізілуде» деген сипаттағы жаңалықтар көп. Бірақ нақты нәтиже жоқ. Өйткені халық күнде көріп отырған жағдай басқаша.

Мұның барлығы елге ұран тастап, халық алдында ұтымды сөйлеп, кейін сол айтқанын өзі орындамайтын шенеуніктердің билікте отырғанын көрсетеді. Мұндайда «Айтылған сөз – атылған оқ» деген халық нақылы еске түседі. Бірақ бүгінгі атқарушы билікте жүрген кейбір лауазымды тұлғалар жарқыраған сөзді – жұртты алдау құралына айналдырып алған тәрізді. Көкшетаудың салық органдары мен маскүнемдері соны айқын дәлелдеп берді.

Байқағанымыз Көкшетауда қалыптасып отырған жағдайға қарап, заң тек қана бір ізбен жүретін қарапайым халыққа қана жүреді, ал, жоғары шенді дөкей шенеуніктер мен маскүнемдерге өтпейтін сияқты.

Тіпті, олардың Президеттің сөзін құлағына қыстырмай ма деген ой келеді. Олай дейтіміз, жақында Ақмола облысы Мемлекеттік кірістер департаментіне қарасты басқарма басшысы парамен ұсталған еді. Енді міне, Бұланды аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы ұсталды деген ақпарат тарады. Сонда бұл қалай болғаны?

Мемлекет басшысы «Заң және тәртіп» қағидатын жариялады, осыдан бірер күн бұрын Салық кодексіне түзету енгізетін заңға қол қойды. Осыны Ақмола облысы Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері жаппай пара алыңдар деп түсінгені бе? Бұдан кейін департамент басшысы өз еркімен қызметінен кетуі тиіс. Ал парақор лауазымды тұлағалардың қылмысын анықтау тергеу органдарының құзырындағы шаруа.

Енді маскүнемдер тақырыбына қайта ойыссақ. Жақында Esilnews.kz сайтында «Көкшетауда Президент сөзінің желге ұшып жатқан сәтті…» тақырыбымен мақала жариялаған едік. Әлеуметтік желіде резонанс тудырған мақалада Абылай хан алаңындағы «Жақсы» дүкенінің алдында аяқ алып жүре алмайтын маскүнемдер тобы туралы айтылды.

Мақаланы жазуға редакциямызға хабарласқан қала тұрғындарының жанайғайы арқау болды. Тұрғындар дүкен маңында ішімдік ішетін маскүнемдерден запы болғанын, балаларын жалғыз дүкенге және мектепке жіберуге қорқатынын айтты.

Дегенмен, осы мақала Esilnews.kz сайтында жарияланғаннан кейін маскүнемдер көрінбей кетті. Бәлкім тәртіп сақшылары айықтыру орындарына жеткізген шығар. Бұған тұрғындар да, балалар да бір қуанып қалған еді. Алайда, тұрғындардың қуанышы 3-4 күннен әрі аспады. Әлгі маскүнемдер айықтыру орындарындағы «жаңа достарын» ертіп әкелді ме, қазір дүкен маңын торауылдап жүрген маскүнемдердің саны одан сайын көбейіп кетті.

Біз көтеріп отырған маскүнемдер мәселесі жай ғана «ұсақ бұзақылық» емес. Бұл — қоғамдық тәртіптің бұзылуы, полиция мен әкімдіктің салғырттығы, ең бастысы – айтылған сөздің іске аспауы.

Осыдан-ақ, Президент сөзінің өміршеңдігі Көкшетауда 3 күннен аспайтына куә болып отырмыз десек, асыра айтпағандаймыз. Бұған дүкеннің алдына барып түсіріп алған бейнежазбамыз дәлел бола алады. Өкінішті, әрине!.

Қорыта айтқанда, бүгінгі таңда халық биліктен құрғақ уәде емес, нақты әрекет күтеді. Жарқыраған сөздермен емес, жерге қарап жүріп, шын жұмыс істеудің уақыты жетті. Көкшетау сияқты өңірлерде мұндай мысалдар көбейсе, ел ішінде билікке деген сенімсіздік артады. Сондықтан елге сөзі мен ісі қабысатын шенеуніктер қажет.

spot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз