20.2 C
Kokshetau
Басты бетЖаңалықтарРахымжан Қошқарбаев ауылының электр желілері жеке компанияға сенімгерлік басқаруға берілді

Рахымжан Қошқарбаев ауылының электр желілері жеке компанияға сенімгерлік басқаруға берілді

Сондай-ақ, оқыңыз...

Целиноград ауданына қарасты Рахымжан Қошқарбаев ауылында маңызды оқиға орын алды – елді мекеннің электр желілері «АРЭК» АҚ-ына сенімгерлік басқаруға тапсырылды. Бұл – Ақмола облысында Мемлекет басшысының энергетика саласын дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асқан алғашқы жоба.

Өткен жылдың соңында аудан әкімдігі мен «АРЭК» компаниясы арасында келісімшарт жасалып, нәтижесінде ұзындығы 1500 метрден асатын электр беру желілері енді энергия таратушы ұйымның басқаруына өтті. Бұған дейін ауыл тұрғындары электр қуатын жеке меншік трансформаторлар арқылы тұтынатын немесе дизельді генератор пайдалануға мәжбүр болатын. Енді олар тұрақты және тиімді энергиямен қамтылмақ.

«АРЭК» АҚ өкілдері бұл өзгерістің маңыздылығын атап өтті:

– Электр желілерінің басқаруға берілуі апатты жағдайлардың алдын алуға және технологиялық үзілістерді жылдам жоюға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде абоненттерді қосу жұмыстары жүргізілді. Трансформатордың қуаты 100-ге жуық үйді электрмен қамтуға жеткілікті. Жаңа желілер жеке тұрғын үй құрылысына арналған аумақтарды жарықпен қамтып, инфрақұрылым дамуына жол ашты. Қазірдің өзінде су және электр жүйелері енгізілді. Бұл жер телімдерінің кезектілігін жылдам жылжытуға да сеп болады, – дейді мамандар.

Ауыл тұрғындары да бұл жаңалықты қуанышпен қабылдап, билік өкілдеріне алғысын білдіруде. Енді олар жарықтың өшуінен қорықпай, үй шаруаларын толықтай жүргізе алады.

Ауыл тұрғыны Зарина Сүлейменова өз қуанышымен бөлісті:

– Біз он жыл бойы жарықсыз өмір сүрдік. Бұл жағдайға көмектескендердің барлығына алғыс айтамыз. Бұл – бәріміз үшін үлкен қуаныш. Енді әрқайсымыздың өз шамымыз жанады, ешкімге тәуелді болмаймыз. Көшеде жарық бар, үйіміз де жарық. Біздің басшылық халық үшін жұмыс істеп жатыр.

Электр желілерінің «АРЭК» АҚ-ына сенімгерлік басқаруға берілуі – Целиноград ауданының энергетикалық инфрақұрылымын жаңғыртудың маңызды кезеңі. Бұл шешім қызмет көрсету сапасын арттырып қана қоймай, ауылдың әрі қарай дамуына және тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсартуға сеп болады. Облыс әкімдігі алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, халықты заманауи игіліктермен және тұрақты электрмен қамтамасыз етуді көздеп отыр.

spot_img
spot_img
Мәселе
spot_img
Барлық мақалалар

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз