Қайрымдылық қорының милиардтаған қаржысын ұрлады деген күдікпен ұсталған «Біз біргеміз» қорының басшысы Перизат Қайраттың үстінен ашылған қылмыстық іс сотқа жетті. Елімізде орын алып жататын түрлі табиғат апаттары кезінде ақпарат құралдары арқылы асқан белсенділікпен апаттан зардап шеккендерге көмек қолын созған қайрымдылық қорларының жұмысы кеңінен насихатталатын.
Еліміздің бірқатар өңірлерінде бірер жыл бұрын болған көктемгі су тасқыны кезінде әсіресе, Перизат Қайрат басқаратын «Біз біргеміз» қоры үлкен белсенділік танытқаны есімізде. Жүк автокөліктерімен апаттан зардап шеккендерге жіберіліп жатқан қайрымдылық көмек жайындағы видеохабарлар барлық телеканалдардан, одан қалды әлеуметтік желілерден үзбей берілді. Соны көргенде апаттан зардап шеккендердің жағдайы жаман емес екен-ау, деген ой келетін. Қазақстанды қойып, көрші елдерден де қайрымдылық көмек ағыл-тегіл келіп жатты.
Дегенмен де, көп ұзамай қайрымдылық қоры арқылы берілуге тиіс көмектің зардап шеккендерге жетпей жатқаны жайында апат болған аймақтардың тұрғындары тарапынан айтылған өкпе-реніштер естіле бастады.
Ақпарат құралдарының айтқанына сенсек, апаттан зардап шеккендерге көмек жан-жақты көрсетіліп жатыр. Ал апат аймағында тұратын адамдардың айтуынша, ешқандай да көмек алмаған. Осыған орай, алдымен кейбір қоғамдық ұйымдар мен жеке блогерлер мәселенің анық-қанығына жету үшін журналистік зерттеулер жүргізсе, кейін келе былық-шылықтың беті ашыла бастаған тұста іске құқық қорғаушылар араласты.
Сөйтіп, апаттан зардап шеккендерге арналған көмекті жымқыру фактісі анықталып, қор басшысы Перизат Қайраттың қамауға алынғаны жайында ақпарат берілді. Сол тұстағы ақпарат құралдарының жазғандарына сенсек, Перизат Қайрат қордың 3 млрд теңгедей ақшасын жеп қойған. Жалғыз емес, әрине, онымен бірге туыстары мен жақын таныстары да болған.
Қайрымдылық көмек ретінде жіберілген киім-кешек, азық-түлік, басқа да заттарды Перизат Қайрат туыстары арқылы сауда орындарына көтере сатып, қолма-қол ақшаға айналдырып отырған. Қордың ақшасына ол ірі қалалардан көптеген пәтер сатып алып, қымбат туарлар алған және шет елдерде қыдырған.
Бір сөзбен айтқанда, қайрымдылық қорының ақшасын жеке меншігіндей пайдаланып, ойына келгенді жасаған. Тінту барысында оның үйінен бағасы аса қымбат ондаған әйелдердің қол сөмкелері, басқа да брендтік тауарлар табылды. Милиондаған теңге тұратын сонша затты оның өз ақшасына алмағаны, қордың меншігіне қол сұғу арқылы тапқаны айтпаса да түсінікті жай.
Қайрымдылық қорының милиардтаған ақшасын жеп қойған Перизат Қайраттың соты басталып, бұл істің көлеңкелі тұстары анықтала бастады. Үйінен қыруар зат түріндегі айғақтардың табылғанына қарамастан, Перизат Қайрат қылмысты мойындамайтынын ашық айтып отыр.
Ол бұл іске «Нұр-Отан» партиясының бұрыңғы басшыларының бірі Бауыржан Байбектің де қатысы бар екендігін жайып салды. Жауап берген куәлардың сөзіне араласып, оларға былай сөйле, былай деп айт деп ақыл үйреткен жауапкерге судья ескерту жасап, заңға бағынуын сұрады.
Үйінен милиардтаған теңге тұратын түрлі қымбат заттар табылғанына, басқа да айғақтардың барлығына қарамастан, Перизат Қайрат қылмысты мойындамай, өзін жазықсыз зәбір көруші ретінде ұстауда.
Жалпы, қарапайым пенделердің түсіне де кірмейтін деңгейдегі қыруар қаржыны ұрлап, сотқа тартылған жемқорлардың бір де бірі өз кінәсін ашық мойындамапты.
Айғақтармен, куәлармен дәлелденген істен жалтарып кетпек болып жанталасатын сондай жемқорлардың ісі қайран қалдырады. Көге көрініп тұрған қылмысты жасаған жоқпын дейтін адамның сондай қылмысын сезінбейтіндігі және болашақта мүмкіндік болса қылмысты тағы да қайталап жасайтындығы дау туғызбас шындық.
Қалкөз Жүсіп.