Ақмола облысының Біржан сал ауданының орталығы – Степняк қаласының тұрғындары қоңыр күзде қынжылып отыр. Қыс таяп қалды, алайда коммуналдық түйткілдер шешілер емес.
Соңғы жеті жыл бойы қаладағы орталық көшелер мен шағын ауданның тұрғындары септиктің тасуынан зардап шегіп келеді. Сасық иіс күндіз-түні қала ішінде тұрып, жолмен жүру де, көлік айдау да қиынға соққан.
«Бұл лас су қайдан шығып жатыр – ешкім білмейді. Бірі коммуналшылардан көреді, бірақ бізде бар-жоғы бір ғана ассенизатор машинасы бар, ол да үнемі істен шығады», – дейді жергілікті тұрғындар.
Кәріз суы жайылған аумақта екі балалар алаңы, жақын маңда мектеп пен аудан әкімдігі орналасқан.
«Үш қабатты үйлердің кәріз сулары жеке секторға ағып жатыр, ал санитар дәрігерлер үндемей отыр», – деп ашынады тұрғындар.
Бұл мәселені тұрғындар әлеуметтік желіде де жазды.
«Жыл сайын бір сылтау. Бірде қаражат жетпейді дейді, бірде құрғақ уәдемен шығарып салады. Біз осы сасық иіске тұншығып болдық», – деп жазады степняктықтар әлеуметтік желіде.
Тұрғындардың айтуынша, мәселені жаңа септик қана шеше алады. Алайда оны кім орнатып, қаланы сасық судан арылтады – әзірге беймәлім.
Ал қыстың аязы түскенде, көшелерді «сары мұзға» айналдырған лас ағын қатып, маскасыз сыртқа шығу тіпті мүмкін болмай қалуы ғажап емес.