Ақмола облысының Бұланды аудандық соты Макинск қаласының 21 жастағы тұрғынын әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды. Ол автожолда ұсақ бұзақылық жасаған, деп хабарлайды Esilnews.kz соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға Макинск қаласының орталығында болған. Жас жігіт өз көлігімен жолдың мұз болып жатқанын біле тұра, әдейі қауіпті маневрлер жасаған — көлігін айналдырып, «сегіздік» салып, қарсы жолаққа шығып отырған. Оның әрекеттері бейнежазбаға түсіп қалған.
Сот дерегінше, жүргізушінің бұл қылығы жол қозғалысы ережелерін бұзып қана қоймай, айналасындағыларға құрметсіздік танытқан және қоғамдық тәртіпті бұзған. Басқа жүргізушілер қауіпті әрекеттерге назар аудартпақ болып, оған дыбыс белгісімен ескерту жасаған.
Сот отырысында 21 жастағы жігіт кінәсін мойындады. Сот оның өз әрекетінің салдарын бағаламағанын, мұз жолда көлікті басқара алмай қалу қаупін елемегенін атап өтті.
Барлық мән-жайды ескере отырып, сот оған 5 тәулікке әкімшілік қамау жазасын тағайындады.






