-29.9 C
Kokshetau
Басты бетЖаңалықтарКреатив емес, қауіпсіздік керек: Щучинск трагедиясы кімнің салғырттығын көрсетті?

Креатив емес, қауіпсіздік керек: Щучинск трагедиясы кімнің салғырттығын көрсетті?

Сондай-ақ, оқыңыз...

Ақмола облысының төтенше жағдайлар департаменті соңғы кезде қауіпсіздік тақырыбын креативті роликтер мен жарнамалық акциялар арқылы насихаттауға ерекше көңіл бөліп жүргені байқалады. Әрине, халыққа ескерту жасап, алдын алу шараларын түсіндіру маңызды. Бірақ бір сұрақ туындайды: креативті жарнама жасағанша, нақты қауіп төндіріп тұрған нысандар неге тексерілмейді?

Щучинск қаласында болған қайғылы оқиға осы сұрақты тағы да өткір қойып отыр. Газ-ауа қоспасының жарылысы салдарынан 7 адам қаза тауып, ондаған адам жарақат алды. Бұл жай ғана оқыс жағдай емес, бұл – жүйелі бақылаудың әлсіздігін көрсететін трагедия.

Тұрғын үйлерге жапсарлас салынған дәмханалар, кәуапханалар, түрлі қоғамдық тамақтану орындары жыл сайын көбейіп келеді. Мұндай нысандарда газ баллондары қолданылады, өрт қауіпсіздігі талаптары сақталуы тиіс. Алайда іс жүзінде олардың бәрі бірдей қатаң тексерістен өтеді деп айту қиын.

Жарайды, жеке тұрғын үйлерді түгел тексеруге төтенше жағдайлар қызметінің уақыты мен адам ресурсы жетпейді делік. Бірақ курорттық аймақтағы бизнес нысандары – адамдар көп жиналатын орындар. Мұндай нысандарды жүйелі бақылауда ұстау – тікелей осы саланың міндеті.

Егер тексеріс жүргізілмесе – бұл салғырттық.
Егер тексеріліп, бірақ көз жұма қаралса – бұл жауапсыздық.

Жарылыстан кейін өртенген ғимарат ішінен бір емес, бірнеше газ баллонының табылуы жағдайдың қаншалықты бақылаусыз кеткенін көрсетеді. Бұл – қауіпсіздік талаптарының өрескел бұзылуы ғана емес, адам өміріне қауіп төндірген бассыздық.

Осындай жағдайда қоғамда заңды сұрақ туындайды:
Бұл нысан бұған дейін тексерілді ме? Егер тексерілсе, неге қауіпті жағдай анықталмады?

Егер бақылау болмаған болса – онда жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға берілуі тиіс. Ал егер тексеріс жүргізіліп, бірақ заң бұзушылықтарға көз жұмылған болса, онда мәселе одан да күрделі.

Трагедиядан кейін кінәлілерді тек нысан иелерінің арасынан іздеу жеткіліксіз. Қауіпсіздікті бақылауға міндетті органдардың әрекеті де мұқият тексерілуі тиіс. Қажет болса, жауапты тұлғаларды жауапқа тартып, тіпті қылмыстық іс қозғау мәселесін де қарастыру керек.

Өйткені қауіпсіздік – жарнама немесе шоу емес.
Қауіпсіздік – адамдардың өмірі.

Ал адамдардың өмірі ешқандай креативтен қымбат.

Еске сала кетсек, бұдан бұрын «Тұрғын үйге жапсарлас салынған дәмхана: қолайсыздық па, әлде қауіп пе?» мақала жариялаған едік.

 

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз