Көкшетауда жаңа төселген велосипед жолдарының сапасы әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Тұрғындар түсірген бейнежазбада асфальттың жарыла бастағаны, ойықтар мен шөп басқан тұстар анық көрінеді, деп хабарлайды Esilnews.kz тілшісі.
Видео астындағы пікірлерде көкшетаулықтар наразылығын жасыра алмай отыр:
«Бұл жолды кеше ғана салған жоқ па еді?», «Бюджет ақшасы қайда кетіп жатыр?» – деген сынды сұрақтар көбейген.
Қала әкімдігі велосипед инфрақұрылымын дамытуға айтарлықтай қаржы бөлгенін айтқан еді. Алайда жолдың қазіргі күйі бұл қаржының қалай игерілгеніне күмән тудырады.
Мамандардың айтуынша, асфальттың жарылуы мен шөптің шығуы көбіне төсеу технологиясының бұзылуынан немесе сапасыз материал қолданудан болады. Бірақ жауапты кім? Әкімдік пе, әлде мердігер ме – әзірге нақты жауап жоқ.
Тұрғындар биліктен бұл жағдайға назар аударып, сапасыз жұмысты қабылдағандар мен орындаушыларды жауапқа тартуды талап етуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Бірі салады, бірі бұзады: Көкшетаудағы «мәңгілік жөндеу» қайда апарады?» тақырыбымен қаладағы сапасыз құрылыс жұмыстары туралы мақала жариялаған едік.






