Арқа төсіндегі Қу тауының (Балқантау) қарсы бетінде Егештің тауы деген тау бар. Осы Қу тауы мен Егеш тауының ортасында ағып жатқан Түндікті өзені. Бір заманда атпен жүзіп өте алмайтын өзеннің суы тартылып, жаяу адам жалдайтындай күйге жеткен.
Сонау жетпісінші жылдардың тұсында Қу тауының баурайындағы Бастал ауылында тұрып едік. Ауылдың ортасынан сылдырап аққан бұлақ Түндікті өзеніне барып құяды. Қу тауының әрбір сайынан осындай бұлақты кездестіруге болады.
Әлі есімде, 1972 жылдың жазында Теміртаудан аймағына сыйлы, әріптестерінің алдында беделді, ағайынға қадірлі атақты дәрігер Әнуәрбек ағамыз кезекті еңбек демалысын алып ауылға келді. Ол кісі таза ауада, табиғат аясында серуендегенді жақсы көретін. Әнуәрбек ағамыздың жолдастары Түндікті өзенінің жағасына тіккен киіз үй мен шатырда әжелеріміз тағы да басқа жақын-жуықтар демалушы едік.
Шіркін! Қайтып оралмас балалық шақ. Әжем Күлиша Омарқызы кейін есейген шағында айта жүрсін дегені ме замандасы Егеш батыр туралы әңгіме айтып берген еді. Егештің тауының етегінен зираты мен қорымды, ертеде ауыл болған ескі жұрттың орнын көруге болады.
«Оқиға ақ қашқан жылы болды. Бесеуден, оннан болып қашқан ақтың солдаттары ауылға келіп әйелдерді зорлап білгенін істейтін. Ер азаматтарды көрсе сөзге келместен атып тастайтын. Түнде ит үрсе ақтар келіп қалды ма деп зәре-құтымыз қалмайды. Қу тауына барып тығылып жүреміз. Күндіз үйге келуге қорқамыз. Жыртық,ескі киім киіп бетімізге қара күйе жағып алатынбыз. Ақтар кездесіп қалса бізден жиіркеніп жоламасын деген мақсатта жасайтынбыз» деп әжем зобалаң замандағы оқиғаларды қозғайтын.
1920 жылы ақтар қызылдардан жеңіліп, қазақ даласын көктей өтіп қытайға қарай жөңкіле қашады. Сол кезде қазақ ауылдарын ұлардай шулатады. Үйлерін өртеп малдарын тартып алады. Осындай бір қанды қырғында иықтарына асынған мылтықтары, қолдарында жалаңдаған қылыштары бар ат соғып, арып-ашып келе жатқан бес ақтың солдаты Егештің үйіне келіп түседі.
«Егештің бет әлпеті қазаққа қарағанда ноғайға ұқсайтын. Бойшаң, ақсары өңді көзі көк кісі еді. Соған қарап өзімсінді ме ақтар алдау мен арбауға көніп, әрі сеніп қатты ұйқыға кетеді. «Ұйқы дұшпан» демей ме. Қорылға басып ұйықтап жатқан жаулардың мылтықтарын Егеш білдіртпей жинап алады. Қолын, аяқтарын байлап тастайды. Бір-бірлеп оятып сыртқа алып шығады. Мойнына, аяғына тас байлап суы жағаға буырқана соғып жатқан Түндікті өзеніне тірідей лақтырып халықты зар илеткен жендеттердің көзін жойып еді» деп әжем сол бір ауыр күндерді есіне алатын. Бұл төрт- бес жасар бала кезімде естіген әңгімелерім еді.
Әжем Күлиша Омарқызы Қарқаралы уезі Қу болысында 1886 жылы туып 1985 жылы 99 жасында өмірден өтті. «Арғын-Қарауылдың қызымын» деуші еді. «Кәпірге сенбе. Кәпірмен дос болсаң жаныңда айбалтаң болсын» дейтін. Ашаршылық жылдардағы және Ұлы Отан соғысы кезіндегі көрген қиындықтарын сөз қылатын. Сонда әкем: «кішкентай балаға қайдағының бәрін айтасыз, ол не біледі» деп ренжитін…
«Өлі разы болмай тірі байымайды» деген. Кешегі өткен ата-әжелерімізді еске алып жүргенге не жетсін.
…Ал, Әнуарбек ағамызға келетін болсақ еңбегі бағаланып Еңбек Қызыл Ту орденімен тағы да басқа көптеген медальдармен марапатталды. Қарағанды өңіріне, оның ішінде Теміртауға есімі танымал дәрігер-нейрохирург өз ісінің білгір маманы, ақ халатты абзал жан атанды. Әнуәрбек Ілдебаев ағамыз (1936-1996) кеңес дәуірінде Мәскеу, Ленинград қалаларындағы медицина саласына арналған ғылыми конференцияларға шақырылып, сол кездегі КСРО-ға есімі әйгілі академик, ғалымдармен кездесулерге қатысты.
Ия, «Дүние өтеріңде сынаптайсың, Судағы ұстатпайтын балықтайсың» деп халық әнінде айтылғандай бұл дүниенің өтерін, балалық шақтың қайтып келмесін кім білген. Түндіктінің суына шомылған сәттерді сол бір балдәурен күндерді кейде сағына есіме аламын…
ҚАСЫМЖАН Советтің Темірбегі өлкетанушы
(Қазыбек би ауылы, маусым, 2018 жыл)
Суреттерде: Әнуәрбек ағамның анасы Мәржікей әжеміз Қайырбайқызы (1894-1976), ортадағы әжеміз Зарықбек ағамыздың анасы болуы керек ол кезде бала болдым ұмытып қалыппын, оң жақта отырған әжем Күлиша Омарқызы (1886-1985) және Әнуәрбек ағамыз бен Күлқайша тәтеміз.