-20.8 C
Kokshetau
Басты бетКөзқарасХомейнидің басына қара бұлт үйрілді

Хомейнидің басына қара бұлт үйрілді

Сондай-ақ, оқыңыз...

Қазір әлем елдерінің назары Ирандағы оқиғаларға ауған. Халық наразылығы елдің барлық аумақтарында өтіп жатыр. Иран астанасы Тегеранда жарты млн-нан астам адам наразылық шеруіне шыққан. Уақыт өткен сайын  жағдай шиеленісіп, бейбіт шеру қарулы  төңкеріске ұласу қаупі күшеюде. Ресми емес ақпарат көздерінің хабарлауынша, 30-дан астам мешіт өртелген.

1978-79 жылдардағы монархиялық Иран мемлекетінде болған революцияның нәтижесінде билікке аятолла Хомеини келген еді.  1979 жылы өткізілген референдум нәтижесінде  Иран ислам республикасы құрылды. Сөйтіп, елдегі билік түгелдей дінбасыларының қолына өтті. Әлемдегі  мұнай өнімдері қоры бойынша бай елдердің бірі саналатын Иран толықтай діни мемлекетке айналды. Шах Пехлеви Риза АҚШ-қа барып паналады.

Ислам дінін ресми дін ретінде қабылдап, шариғат заңына көшкен Иран мемлекеті көтеріліске шыққан қара халықтың күткеніндей игілік әкелген жоқ. Керісінше, адам құқықтары, әсіресе әйелдердің құқы қатты шектелді. Әйелдер бет-ауыздарын тұмшалап, паранжы киюі, мемлекеттік түрлі қызметтерге араласпауы тиіс болды. Билікті қолына алған дінбасылары  табиғат байлығын халықтың тұрмысын көтеруге емес, қаруланып, әскер саласын күшейтуге жұмсады. Сөйтіп, халық революциясының жемісін ат төбелендей аз дінбасылары иеленді.

Иран ислам мемлекеті өзінің құрылған кезінен бастап айналасындағы елдермен қырғи-қабақ қатынасқа көшті, ал 1980 жылы іргелес Ирак  мемлекетіне баса көктеп кіріп, мұнайлы аймақты өзіне қаратуға күш салды. Екі мұсылман мемлекетінің арасындағы соғыс 1988 жылға дейін, яғни сегіз жылға созылды. Иран осы жылдар ішінде 1,5 млн-дай сарбазынан айрылды және мұнайлы аумақты басып алу мақсатын орындай алмады.

Иран республикасы өзінің әскери қуатын арттыруға қыруар қаржы жұмсап, өз ядролық қаруын жасауға кірісті. Осыған орай, әлем қауымдастығы бейбітшілікке қатер төндіруші мемелкет ретінде Иранға ауыр санкциялар салды. Соның салдарынан  ел бай мұнай қорының игілігін көре алмады. Қыруар қаржы қорғаныс саласына жұмсалғандықтан, елдің экономикалық дамуына көңіл бөлінбеді. Шах билігі кезінде әлемдегі ең алдыңғы қатарлы бақуатты мемлекет болған Иран көп ұзамай экономикасы мешеулеп, халықтың тұрмысы нашарлай  түсті. Осыған шыдамаған қарапайым халық тарапынан болған наразылықтардың бәрі қарулы күшпен аяусыз басылып-жаншылып отырды.

Биылғы жылдың қаңтар айының басында басталған елдегі наразылық толқулары бұрын-соңды болмаған кең ауқымды қамтыды. Тұрмыс тауқыметін аяусыз тартқан  ашынған қара халық  жаппай наразылыққа шықты. Наразылық ауқымы бүкіл елді қамтуда. Ресми емес деректерге қарағанда  биліктің қарулы күштері тарапынан болған жазалау шаралары салдарынан мыңнан астам адам қаза тапқан. Ашынған халық мешіттерді өртеп, сауда үйлерін тонап, тәртіпсіздік белең алуда. Полиция құрамаларының арасында халық жағына шығып жатқандар да бар.

АҚШ президенті Трамп егер Иран билігі халыққа қарсы қару қолданар болса, АҚШ халықты қорғап, қарулы күштерін елге енгізуге әзір деген мәлімдеме жасаған еді. Дегенмен де, Иран билігі тарапынан қару қолдану күшейгеніне  қарамастан, АҚШ әзірге  әрекетсіз бақылаушы ретінде қалып отыр.

Қазақта «молданың істегенін емес, айтқанын істе» деген сөз бар. Иран елінің басшысы  тоқсан жастағы аятолла Хомеинидің 11 әйелі, 83 кәнизәгі (күңдері) бар екен. Кәнизәктерінің ең жасы 13-15 жаста деседі. Соншама қыз-келіншекті сарайына қамап, гарем ашқан молда шал немере-шөбересімен жасты қыздарға  нәпсісі қалағанды  жасап жатыр. Осындай адам елге қалай билік жасап, басқаларға не үлгі-өнеге көрсете алады?

Ирандағы қазіргі қалыптасып отырған жағдай ислам мемлекетін құрып, шариғат заңын енгізуді армандайтындарға ащы сабақ болуы тиіс. Жасыратыны жоқ, біздің елімізде де мешіттер санын көбейтіп, діни билікті күшейтуді,  мүмкін болса ислам мемлекетін құруды армандайтындар аз емес. Ондайлар өз ойларын жасырмай айтып та жүр, тіпті қолдарына қару алып, билікке қарсы күрескісі келген оқиғалар да болған. Сақал қойған діндар жастар мен бет-ауыздарын паранжымен тұмшалаған әйелдер қатары көбейіп барады. Ислам мүддесін қорғаймыз деп Сирияға кетіп, бастарын қатерге байлаған қазақ жастары да аз емес.  Осы жайлар ислам радикализмі аталған бұл қатерлі құбылыстың елімізде бой көтергенін аңғартады.

Бар билікті қолына алып, елді түгел шариғат заңымен жүруге көшірген Иран мемлекетінің қазіргі ахуалы  діннің билікке келуінің қаншалықты қатерлі екендігін анық көрсетіп берді. Осы орайда, біздің билік көрші қырғыз және өзбек елдеріндегі сияқты  әсіредіндарлардың қызметіне қатаң шектеу қоятын заңдар қабылдауы қажет.

«Мешіттер көбейіп, ислам дінін ұстанушылар қатары өсті деп қуанып едік, сөйтсек бұл елімізге үлкен залалын тигізетін құбылыс болып шықты» деген еді абыз жазушы Мұхтар Мағауин.   Әсіредіндарлардың билікке келуінің қаншалықты залалы болатынын Ирандағы жағдай анық көрсетіп отыр.

Иранда болып жатқан төңкеріс қалай бітеді, халық жеңіске жетіп, зайырлы мемлекет орныға ма, жоқ дінбасылары қарудың күшімен халықты қызыл қанға тоғытып, биліктерін сақтап, қаратүнек қоғам әлі жалғаса ма, оны уақыт көрсетеді.

Қалкөз Жүсіп.

 

 

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз