-6.8 C
Kokshetau
Басты бетЖаңалықтарХалық батырының сөзі – халыққа өнеге ме?

Халық батырының сөзі – халыққа өнеге ме?

Сондай-ақ, оқыңыз...

Ұлт тарихында ел атын асқақтатқан тұлғалар бар. Олар – тек спорт аламанында, өнер бәйгесінде, ғылым сахнасында жеңіске жеткендері үшін ғана емес, сонымен бірге ой-пікірімен, азаматтық келбетімен де биік тұратын жандар. Өйткені халық алдында жүрген әрбір тұлға – халықтың айнасы, ұрпақтың ұстазы, деп хабарлайды Esilnews.kz тілшісі.

Алайда соңғы күндері Олимпиада чемпионы, халықтың батыр ұлы Ермахан Ыбрайымовтың сұқбат барысында көпшілікке айтқан сөзі жұртшылық арасында үлкен таңданыс пен терең өкініш туғызды. «Ер адам көп әйел алса, жұбайын тек хабардар етсе жеткілікті, келісім қажет емес» деген мазмұндағы пікірі қоғамды ойландырып қана қоймай, жастарға берер өнегесінің қандай екенін қайта сұратты.

Жарайды, әркімнің жеке тағдыры бар, шаңырағы бар. Бұл – дау емес, тіршілік. Бірақ сол жеке өмірді халыққа жария қылып, оны заңдылық секілді ұсыну – ұлттық санаға сын емес пе? Біз ардақты спортшылардан отансүйгіштік пен рухани биіктік күтеміз. Ал жұрт алдында «бәйбіше – тоқал» әңгімесін тарқату – базардағы бейресми өсекке ұқсап кетпей ме?

Ең қиыны – бұл сөз жастардың санасына сіңіп кетуі мүмкін. Бүгінгі жас «халық батыры осылай айтты» десе, ертең отбасы институтына жеңіл қарайтыны анық. Қазақ қоғамы ғасырлар бойы шаңырақтың берекесін, әйел мен ердің сыйластығын, ата-ана мен бала арасындағы тәрбиелік сабақтастықты жоғары қойған. Сол қасиетті ұстанымды 21 ғасырда тұрып, 18 ғасырдағы «тіршілікпен» алмастыру – ақылға да, арға да сыймайтын құбылыс.

Тоқал алу – өнер де емес, мақтаныш та емес. Бір емес, он тоқал алса да, оны жаһанға жар салу – ұрпаққа өнеге емес, өткеннің елесін дәріптеу ғана. «Бәйбішем осындай, тоқалым мұндай» деп ел алдында әңгіме қылғанша, мықты спортшы болсаң – шәкірт тәрбиеле, елге чемпиондар сыйла. Жастарға спорттағы биік жолыңмен, қайсар рухыңмен, ұстаздық өнегеңмен мақтансаң – міне, нағыз ерлік сол болар еді!

Халықтың сеніміне ие болған азаматқа айтылар талап та бөлек. Өйткені, елдің қаһарманы – тек спорттағы жеңісімен ғана емес, сөзі мен ісімен де биікте болуы тиіс. Әйтпесе, халықтың үмітін ақтамау – елге жасалған қиянаттың ең ауыры.

Ертеңгі елдің ері боламын деген әрбір азамат – сөзі мен ісінде халықтың абыройын ойлауға тиіс.

Еске сал кетейік, бұдан бұрын «Үлкеннен ұлағат кетсе, кішіден ізет кетеді» тақырыбымен мақала жариялаған едік.

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз