Әлеуметтік желі – бүгінде танысу алаңы ғана емес, қылмыскерлер үшін де оңай олжаға айналып отыр. Көкшетауда құқық қорғау органдары фейк аккаунттар арқылы жүйелі түрде бопсалау жасаған екі азаматтың қылмыстық әрекетін әшкереледі.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының мәліметінше, күдіктілер кемінде үш эпизод бойынша заңсыз әрекетке барған. Олар Instagram және басқа да әлеуметтік желілерде қыздардың атынан жалған парақшалар ашып, аңғал жастармен танысқан. Кейін «жеке кездесу» сылтауымен оларды алдын ала белгіленген жерге шақырған.
Алайда романтикалық кездесу үмітімен келген азаматтарды мүлде басқа көрініс күткен. Күдіктілер өздерін бұрынғы құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырып, «заң бұздың», «жауапқа тартамыз» деген желеумен қорқытып-үркіткен. Кей жағдайда күш қолдану қатері де айтылған.
Осындай қысым мен психологиялық қорқыту нәтижесінде үш жәбірленушіден жалпы сомасы бір миллион теңгеден астам ақша бопсаланған.
Жедел ақпарат негізінде жүргізілген арнайы іс-шаралар барысында күдіктілер кезекті ақша алу кезінде қолға түсті. Қазіргі таңда барлық фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Бұл оқиға – әлеуметтік желідегі бейқамдықтың қаншалықты қауіпті екенін тағы бір мәрте көрсетіп отыр. Құқық қорғау органдары азаматтарды виртуалды таныстыққа сын көзбен қарап, бопсалау мен қорқыту белгілері байқалған жағдайда дереу полицияға жүгінуге шақырады.









