1992 жыл. Ол кезде кер дүниенің шеңберінен шығып, қазақ тәуелсіздігін алып кең дүниеге бет бұрған тұсы. Ауылдардың тізесі дірілдеп, жер әлемнің тең жартысы өзінің егемендігін алып, жеке ел болып -тәуелсіздігін жариялап уһ деп бел жазып, кең тыныстап отырған кезең.
Ауыл баласы Абылай-хан атындағы орта мектептің үшінші сынып оқушысы Тукенов Қонысбек Кәрімұлы, Қарағанды қаласындағы спорт мектебіне оқуға кетті. Құдай-ау, жап-жас бала, ауылдан әрі аттамаған. Ұстазы денешынықтыру пәнінің мұғалімі Әмірзада Мәулиұлы. Жұқалтаң келген бала бозкілемнің үстінде иіріген асықтай ширақ болған соң сенім артады.
Ұлт пен ұлыстың баласының басы біріккен жер. Тарихи қала. ХХ ғасырдың басында ұлт зиялылары шыққан, төңкеріс болған оның үстіне ресеймен шекаралас. Балуан болып бозкілемде белдесу екінің бірінің маңдайына жазылмаған зор бақыт. Қазақтан талай-талай балуандар шыққан. Күш атасы Қажымұқан. Балуан Шолақ, Иманжүсіп…
Қазақтың жаны күреске жақын. Қазақ күрескер рухты халық. Шынашақтай бала, уақыттың ызғарына, заманның реңіне қарамастан спорт мектебінде оқиды. Бір жағынан тоқырау уақыт. Кеңшілік болады деген бұқараның зор үміті бар. Бәрі қат, бәрі сатулы. Тек, амалын тауып мүмкінідігінше заманның ырғағымен қалай да ата-ананың үмітін ақтап аяқтау керек. Әр жағында спорт шебері болуы керек. Жақсылық Үшкемпіров шыққан қазақтың даласынан әлі де тың тұлпарлар, шын жүйріктер шығуы тиіс.
Алыста жатқан ауылды да сағынады. Ондағы алаңсыз ойнаған уақытын да сағынады. Жарайды, сағынышты тек бозкілемде жаттығып жүргенде ұмытады. Бапкері де мықты, әлсін-әлсін баладан зор үміт күтеді, арқасынан қағады «Сен әлі Әлемді бағындыратын мықты боласын!..» дейді. Соның өзі зор үміт, алға көз тігіп қиял әлемінде тамсанып «тез ержетсем» деп ынтыға түседі.
Иә, Тукенов Қоныс Кәрімұлы спорт мектебін аяқтаған соң, бірден бапкер боп шәкірт тәрбилей бастады. Әлемдік додағы өзінің шәкірттерін баптап олардың жеңісін көрді, сүйсінді. 2014-2017 жылға дейін Солтүстік Қазақстан облысының аға бапкері болды. 2017-2022 жылы Қазақстан Республикасының жасөспірімдер командасының аға бапкерінің көмекшісі болып қызмет атқарды. 2017 жылы шәкірттері 1 күміс, 1 қолаға қол жеткізсе, 2018 жылы -төрт қолаға қол жеткізді. 2019 жылы 1 алтын, бір қолаға қол жеткізіп, шәкірттері аға бапкердің еңбегінің нәтижесін көрсетті. 2021 жылы 1 қолаға қол жеткізді, Әлемнің балуандары бақ сынаған күш сайысында.
2025 жылы 17 маусым күні Қазақстан Республикасының ересектер арасындағы аға жаттықтырушысы болып Қонысбек Тукенов тағайындалды. Бүгінгі күні Щучинск қаласындағы Шаңғы базасында еліміздің төрт бұрышынан һәм әр өңірінен бозкілемнің хас шеберлерін бас бапкері Қонысбек Кәрімұлы арнайы жаттықтырып жатыр. Венгрияда Будашпент қаласында қыркүйек айында 18-21 аралығында Әлем чемпиотанына қазақстандық балуандар бақ сынамақ. Сонымен қатар, 18-22 қазан айында Загреб (Хорватияда) Әлем чемпионатында осы балуандар әлемнің мықтыларымен бәсекеге түспек.
Грек-рим күресі спорттың ең ауыр түрі. Бұл күреске әйел адамдар қатыса алмайды. Өйткені, ерлерге арналған күрес. Мен он тоғыз жасымнан бапкер боп келе жатырмын. Талай шәкірттін бабын келтіріп, бағын аштым. Мен шәкірттеріме әрі әке, әрі ағамын. Өйткені, барлығы ауылдан шыққан балалар ғой, күрес болған соң олар бірде жеңеді, бірде жеңіледі. Алдымен мен тәртіпті қатты қадағалаймын. Бауыржан атамыз айтпақшы «тәртіпке бағынған құл болмайды» деген қасаң қағиданы жадыма жақын ұстаймын.
Жақсылық Үшкемпіров ағамыз менің кумирім. Әлем чемпионатында Бас Жүлдені алып келді. Одан кейін бізде ондай жетістікке жеткен балуан жоқ. Қазір тәубе, тәуелсіз елміз. Мүмкіндік мол, спортпен айналысам деген жастарға бәрі бар. Тек ынта болу керек, құштарлық болуы керек, әйтпесе «құр кіжініп тау қопара алмайсың» менің талабым еліңді сүй, Отаныңды сүй. Туған еліңнің көк байрағын шетелде желбіреп тұрғанда жаның рақаттанып тұрады. Өйткені, сенің елің осындай биікке жетіп отыр. Сол үшін мақтану керек. Тәуелсіздігінді көзіннің қарашығындай сақтау керек. Әнұран шетелдің төрінде орындалғанда керемет ғажап әсерде боласын.
Менің шәкірттерім-менің болашағым, менің арайлы елімнің болашағы!.. Боз кілемді бағындыру үшін қаншама маңдай тер, еңбек керек, егер нық сенімді болса, кез-келген елде еліміздің көк байрағын желбірете алады, кез-келген спортшы.
Қасиетті Бурабай өлкесіне, оның үстіне өзімнің кіндік қаным тамған қасиетті өлкеге келіп «Шаңғы базасында» дайындық жүргізіп жатырмыз. Әр өңірден балуандар келді. Барлығы талай-талай күресте Әлемдік додаларда жетістікке жетіп, еліміздің мәртебесін көтерген балуандар. Ер туса-елге тыныс демекші, барлығы елге танымал балуандар. Мынау ауасы бөлек, қасиетті Бурабай өлкесінің таңғы ауасы, кешкі даласы кімге болсын зор әсер сыйлайды ғой. Барлығы жаттығу үстінде алда үлкен күш сынасатын уақыт тұр. Содан шәкірттерімнің арасынан Әлем чемпионын шығаруым керек, Алла сәтін салса!.. Жақсылық Үшкемпіровтың ізін жалғайтын талай-талай белді жігіттер бар, негізі күрес қазаққа тән спорт қой,-дейді Қонысбек Кәрімұлы.
Жеңісті күндеріңіз көп болсын!.. Жортқанда жолыңыз болып жұлдызыңыз жана берсін!.. Сіздің бүгінгі атқарып жатқан еңбегіңіздің барлығы еліміздің мерейі үшін!..
Бурабайдың Жеңісі