Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында ел егемендігі мен жер тұтастығын нығайтудың басты кепілі – бірлік пен ішкі тұрақтылық екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, бүгінгі патриотизм жасампаздықпен, жаңашылдықпен және ел дамуына нақты үлес қосудың маңызымен өлшенеді. Бұл – қоғам санасында жүріп жатқан оң өзгерістердің айқын көрінісі.
Осы ой-тұжырымдар қазіргі қоғамдық жағдайда этносаралық келісімді сақтаудың маңызын тереңірек түсінуге жетелейді. Қоғамдағы татулық пен өзара сенім – тұрақты дамудың басты шарты. Қазақстан секілді көпэтносты мемлекет үшін бірлік мәселесі ешқашан өзектілігін жоғалтпайды. Керісінше, жаһандық сын-қатерлер күшейген сайын бұл бағыттағы жүйелі жұмыс одан әрі маңыз ала түсуде.
Этносаралық қақтығыстардың алдын алу жөніндегі кешенді жоспар аясында қоғам санасында ел бірлігі, ортақ құндылықтар, азаматтық жауапкершілік сияқты негізгі нарративтерді орнықтыру қажет. Бұл – кез келген арандатушылыққа, жалған ақпаратқа қарсы тұрудың ең тиімді жолы. Мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы ашық диалог қоғамдық келісімді нығайта түсетіні анық.
Қазақстан халқының бірлігі мен достығын бекемдеуде мемлекеттік тіл – қазақ тілінің орны ерекше. Қазақ тілі – ұлтты ұйыстыратын, түрлі этнос өкілдерін ортақ мәдени кеңістікке біріктіретін маңызды фактор. «Қазақ бар жерде тіл бар, тіл бар жерде қазақ бар» деген қағида бүгінгі қоғам үшін де өзекті. Мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірде кеңінен қолданылуы – азаматтық тұтастық пен өзара түсіністіктің нақты көрінісі. Этномәдени бірлестіктер өзара байланысатын ұжымдармен бірге тілдік және тәрбиелік жұмысты жандандыру арқылы бұл міндетті жүзеге асыруы тиіс.
Ақмола облысында бұл бағытта бірқатар нәтижелі жұмыстар атқарылып келеді. «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігі мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, мәдени диалогты дамыту, жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеу бағытында жүйелі жобаларды жүзеге асыруда. Тілдік курстар, мәдени-танымдық іс-шаралар, пікір алмасу алаңдары этносаралық татулықты нығайтуға нақты үлес қосып отыр.
Бірлік пен қоғамдық келісімді сақтау – тек мемлекеттік құрылымдардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Өзара құрмет, заңға бағыну, ел тағдырына немқұрайлы қарамау – шынайы отаншылдықтың белгісі. Қоғамдық тұрақтылық күнделікті өмірде, адамдардың іс-әрекетінде қалыптасады.
Қорытындылай айтқанда, бірлігі бекем ел ғана кез келген сын-қатерге төтеп бере алады. Ел тыныштығын сақтау, қоғамдық келісімді нығайту – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз. Мемлекеттік тілдің дамуы мен қолданылуы – осы бірліктің басты кепілі. Бұл – тәуелсіз Қазақстанның болашағына бастайтын сенімді жол.
Марат Қойшин, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Ақмола облысындағы «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.








