0.3 C
Kokshetau
Басты бетЖаңалықтарБес ай өтті - нәтиже жоқ: Есіл ауданындағы жол мәселесі шешілмей тұр

Бес ай өтті — нәтиже жоқ: Есіл ауданындағы жол мәселесі шешілмей тұр

Сондай-ақ, оқыңыз...

Ақмола облысының Есіл ауданындағы Калачи ауылы тұрғындары жолдың қазіргі жағдайына алаңдаулы, деп хабарлайды Esilnews.kz тілшісі.

Ауыл мен аудан орталығының арасындағы жол учаскесінің тозығы жетіп, көлікпен жүру қауіпті күйге түскен. Тұрғындардың айтуынша, мұнда күніне мектеп автобусы қатынайды, алайда кей тұстарда көлік қырынан қозғалып, жолдан шығып кету қаупі бар.

«Жөндеу басталды» дегенмен, нәтиже байқалмайды

Калачи ауылының тұрғындары әлеуметтік желіде тараған бейнежазба арқылы жергілікті билік пен мердігер ұйымның жұмысын сынға алды. Олардың айтуынша, көршілес Светлое мен Иглик ауылдарының жолдары жөнделіп біткен. Ал Калачиге бағытталған жолда бір мезет көрінген техника содан кейін ізім-қайым жоғалып кеткен.

«Жолды қазып, аздап тас төгіп кеткен еді. Сол күйі қалған. Қазір ауылдан шыққан көлік шұңқырдан шұңқырға секіріп жүреді. Күн ашықта жүруге болады, ал жаңбыр жауса, жол түгел лайсаңға айналады», – дейді ауыл тұрғындары.

Тұрғындар қазір амалсыздан далалық соқпақпен қатынап жүр. Бірақ күзгі жауын мен алдағы қыс бұл бағытты да жойып жіберуі мүмкін деп қауіптенеді.

Бес ай бойы қозғалыссыз жұмыс

Жергілікті жұрттың айтуынша, жол жөндеу жұмыстары маусым айында басталған. Алайда содан бері көзге көрінер ілгерілеу жоқ.

«Техника да, адам да жоқ. Әр келген басшылар уәде береді, бірақ нақты жұмыс жүрмейді. Мердігер ұйым жұмысты созып, енді, бәлкім, қар түскенде асфальт төсейтін шығар», – дейді тұрғындар.

Ресми жауап

Осы мәселеге қатысты Ақмола облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы ресми түсініктеме берді:

«Аталған учаскеде мердігер ұйым – «Qazaq City Stroy» ЖШС орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі уақытта жолдың бұзылған тұстарын нығайту жұмыстары атқарылып жатыр. Атап айтқанда, жарамсыз топырақ алынып, оның орнына тас пен қиыршық қоспа төселуде. Ай соңына дейін бұл жұмыстар толық аяқталып, жолдың жүру бөлігі тегістеледі», – делінген хабарламада.

Алайда ауыл тұрғындары мұндай жауапқа сенімсіздік білдіріп отыр.

«Құжат жүзінде жұмыс жүріп жатыр делінсе де, көзбен көріп отырғанымыз – тек шұңқырлар мен шаң ғана», – дейді олар.

Халық сенімін іс арқылы ақтау қажет

Жол – ел тіршілігінің күре тамыры. Ал Калачи бағытымен күн сайын балаларды мектепке апаратын автобус қатынайды. Жолдың нашарлығы ең алдымен солардың қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.

Ата-аналар күн сайын балаларын жолға шығарып салғанда алаңдап отыратынын айтады.

«Бір күнде апат болса, жауапкершілікті кім алады?» – дейді олар.

Қағаздағы жоспар мен жердегі ахуал екі бөлек

Бір қарағанда, барлығы жоспар бойынша жүріп жатқандай көрінеді. Бірақ жергілікті деңгейде бұл жоспардың орындалуы қағазда ғана қалып отыр. Жөндеу жұмыстары мерзімінен кешігіп, сапасыз орындалса, мемлекет қаржысы мен халық сенімі қатар жоғалатыны анық.

Калачи халқы биліктен уәде емес, нақты іс күтеді. Өйткені кез келген жол – жай асфальт емес, ел өмірінің өзегі. Қағаздағы жол емес, халықтың аяғындағы жол түзелгенде ғана іс жүреді.

Еске сала кетсек, бұдан бұрын «Қазақавтожол»: ақша жинағанда алғыр, қауіпсіздікті сақтауда әлсіз» тақырыбымен мақала жариялаған едік.

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз