27.2 C
Kokshetau
Басты бетЖаңалықтарБалуанға арғымақ жарасады...

Балуанға арғымақ жарасады…

Сондай-ақ, оқыңыз...

Қазақ батыл халық. Қазақ батыр халық. Қазақ күрескер халық. Қазақ шыншыл, талапшыл, мейірімді халық. Қазақ деген халықтың бойына құдіреті күшті Құдай тағала осыншалық мінезді, осыншалық кең жүректі берген. Елін ессіз сүйетін қазақтың батырлары, бағландары аз емес. Әлі бар. Олар даңққа, құрметке лайықты. Бірақ кейде пендешілігімізге басып, көрсек те, естісек те, білсек те ұзын-ырғақты тірліктің қамымен ескермей, елемей жатамыз.

Басқаның бақасы батпақта жатып «бақылдаса» мақұлдаушы, қолдаушы көп. Оған лайықты ізет, оған лайықты құрмет, оған лайықты баға да беріп жатамыз. Басқаның қасқасы сенің дүниетанымынды, сенің генетикалық рухыңызды қайтсын!? Қазақ қазақ болғалы батыр мен бағланына, балуан мен сайыпқыранына, әнші мен жыршысына, ақыны мен ділмәр шешеніне ерекше көңіл бөлген, айрықша құрмет қылған. Тұлпары бәйгеге шапқанда, диқаны кетпен шапқанда терлейтін халықпыз. Әр нәрсенің еңбегі бар. Ол еңбек ел үшін керек! Ол еңбек өсіп келе жатқан өскелең ұрпақ үшін керек. Ертеңгі ұрпақ елі үшін маңдай тері төгіліп жүрген азаматқа еліктейді, соған қарап бой түзейді, қалыптасады, елді сүйген, Отанына жан-тәнімен, махаббатымен еңбек сіңіретін тұлға боп қалыптасады.

Қасиетті мекен Ерейментау елі. Қанжығалы қарт Бөгенбайдың елі. Таңдайынан көсем сөз төгіліп, дүйім елді, бұқара жұртты аузына қаратып тарихта ролі зор боп алтын ғаріппен жазылған Саққұлақ бидің елінен талай -талай мықтылар, талай -талай терілігі күміспен күптелген тектілер мен ептілер шығып жатыр. Баяғыда қылышының басы қайқы боп келетін посткеңестік заманда да тектілігінен ажырамаған қанжығалар елі аға буыны салып берген соқпақ сарабдал жолдан айнымай мәртікті, жомарттықтың жолын үзбей, қайта күретамырдай қан жүгіртіп бүлкілдетіп жан бітіріп, аға жолын жалғастыруда.

Батырлардың елінен батыр да, балуан да шығуы тиіс. Өйткені, қазақ ұғымында «аруақты жер» деген саналы түрде қалыптасқан философиялық үлкен ұғым бар. Иә, бас шаһардың іргесінде тұрған Ерейментау ауданы, бұл ауданның мәрт, жомарт жандары елге көмек қылудан, оған бастама болудан әсте шаршаған емес. Қолынан келсе жарты түйір дәнді бөліп беріп, кім болса да қандай ұлт болса да ас-суына қолұшын беріп жатады.

Өйткені, сан ғасырдан бері сонау Абылайханның заманында жері үшін, ат төбеліндей қазақтың мүддесі үшін сыртқы жауға қарсы күресіп, ар-абыройын биік қойған батыр бабамыз Бөгембайдың бойындағы ҰЛЫ ҚАСИЕТ ұлық мінез иірім-иірім тарихтың қатпар жолында жоғалған жоқ. Қайта уақыт кеңістігінде өзінің жалғасын тауып, күні бүгінге дейін келе жатыр.

Ереймен елі сонымен елге танымал!.. Ереймен елі батыр бабаларымен танымал! Ереймен елі дәстүрімен, мінезімен танымал. Иә, өткенде Тайбай орта мектебінің директоры «Самбо» күресінен спорт шебері Ералинов Асқар Рүстемұлына Ерейментау ауданының экс әкімі Абай Елеманұлы Әлжанов қазақы салтпен астына ат мінгізді.
Ал енді Асқар Ералинов кім?..

Қолда бар кезінде «алтынның қадірін» біле бермейміз -ау осы. Не болмаса «ауылдағының…» деген ескі түсінік осындайда жылт етіп көрінетін сияқты. Асекең һәм Рүстемұлы жиырма екі жасында Совет Одағының спорт шебері болған адам -самбодан. Жасыратыны жоқ, ол кезде «аға ұлттың» дәурені жүріп, дүрмегі жер жарып тұрғанда біздің арамыздан шыққан қандай саңлақ болса да мұндай жетістікке жетуі үшін қаншама бейнет, мехнат көріп барып қол жеткізетін.

Әйтпесе, екінің бірінің маңдайына мұндай бақыт жазыла бермейтін. Асекең бозкілемнің үстінде күні-түні дайындалып, жаттығып ақыры Совет Одағын мойындатты, мойындады. Асқар Рүстемұлы спорттан қол үзген ғой. Тәңірдің маңдайына жазған бағы мен бақытын көрдім, осымен түйіндейін деп пендешілік харекетпен спортты тастап кетсе де болар еді. Жоқ, елін сүйген, қазағын сүйген, қасиетті Ерейментау елін жан-тәнімен жүрегімен сүйген азамат, өсіп келе жатқан жастарды тәрбиелеп, олардың жұлдызыңыз жануына ат салысып жүр.

Биыл Қазақстан Республикасының Спорт Шеберлерінің арасында болған дүйім жарыста қола жүлдені жеңіп елдің еңсесін көтеріп, рухтандырып тастады. Сонымен қатар Өзбекстанның Тәшкент қаласында болған «Азия чемпионатында» Ерейментаудың жұлдызын жағып күміс жүлдені қанжығасына байлап қайтты. Мұндайда атам қазақ «дулығалы қара нар» дейтін. Аруақ-Құдай қолдап келген Асекең алдағы күзде «Әлем чемпионатына» қатысып бақ сынамақшы. Тірлік бар жерде, тілек бар, бармақ бар жерде, білек бар дейді.

Жағымды жаңалықты естіген Абай Еламанұлы Әлжанов Ерейментау жұртшылығының атынан, Қанжығалы ұрпақтарының атынан «Ереймен елі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аманжол Әпенов екеуі балуанға барып Абай Еламанұлы салтанатты түрде ақжол тілеп арғымақ мінгізді. Ізетті ер ел бастар деген. Абай Әлжанов арғымақ мінгізсе, Аманжол Әпенов, Асқар Ералиновке «Бөгенбай Батыр» медалін табыс етті.

«Жомарт бол, жомарттық сені сүйкімді етеді» деген хадисте. Абай Әлжанов та елін сүйген азамат. Сосын барып кең жүрегімен, шын тілегімен жақсы менен жайсаңдарын құрметтеген азамат. Жақсыға жақсы жарасар деген бабалар тәмсілімен елінің мерейін көтеріп, жұлдызын жағып, жастарын тәрбиелеп, тәлім беріп жатқан Асқар Рүстемұлына тілегін тұлпар мінгізіп барып жеткізді. Алла жар болса, Асқар Рүстемұлының алар асуы әлі алда. Алдағы күзде тағы да елдің һәм Ерейментаудың жұлдызын жағатындығына Абай Әлжанов пен Аманжол Әпенов күллі қанжығалылардың атынан тілеулес болды.

Лайым жұлдызы жансын Асқардың! Ал осындай игі бастамаға мұрындық болған азаматтарға Алла жар болсын! Елдің қамын ойлайтын ерейментаудың азаматтары аман болсын!.. Елдің бірлігі, ердің түсінігінде. Елді жақсылыққа бастап, ұйытып, бірлікке шақырып, қиянаттан алыс болса, ондайларға Алла жақ. Алдағы дүйім жарыста Асқар Ералиновке тек қана жеңіс тілейміз. Батыр, Би бабаларыңызды аруағы қолдасын! Алла жар!..

Жеңіс Оспанов.

spot_img
spot_img
Мәселе
spot_img
Барлық мақалалар

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз