Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі әлем тарихындағы ең қанды соғыс Еуропаның қақ ортасында қайнап жүріп жатыр. Екі жақтың өлідей, жаралыдай шығыны жарты миллионнан асып түсіп отыр. Украинаның Мариуполь, Волноваха, Бахмут, Северодонецк, Авдеевка сияқты қалалары жермен-жексен болса, ондаған ауылдары да қираған үйінділерге айналды, 14 млн адам босқын болып кетті.
Қазақстан осы соғыста Ресеймен ОДКБ әскери блогында бола тұра өзін бейтарап ел ретінде жариялаған. Соғыстың қазіргі кезеңінде бұл соғыс екі жақтың соғысы шеңберінен асып кету қаупі жоғары болып отыр. Франция Украинаға әскер кіргіземіз десе, НАТО мен АҚШ әскерінің Польшада аса ірі әскери ойын өткізуі, Финляндия мен Швеция да осы ойынға қатысуы бұл жердегі әскери-саяси жағдайдың әлдеқайда күрделі сипат алып бара жатқанын көрсетеді.
Конгресстегі изоляционистік Трамптың республикашылдарымен күресуден шаршаған Байден – кәрі Еуропаның істеріне тура араласуға талпынып жатыр. АҚШ пен Францияда ықпалды диаспорасы бар армяндар ОДКБ-дан шығып кетті. Беларусь Ресейдің қолжаулығына айналғалы қашан. Осы елден кейінгі суверинитеті жартыланып қалған Қазақстан жағдайы «шаткий» болып, шатқаяқтап тұр. Біздегі де билік табиғаты Ресеймен бір болып тұрған жағдайда қазіргі шалажансар «нейтралитетін» сақтап қала ала ма, жоқ па?…
Егер, Ресейге НАТО елдері әскери соққы жасаса, Қазақстан ОДКБ келісіміне сәйкес Ресей жағында ұжымдық Батысқа қарсы соғысқа килігіп қалмай ма? Ресей Қазақстандағы азаматтық қоғамға ашықтан-ашық қысым жасап отырғаны анау. Қазақстанның өз билігі де жүйесіз оппозиция өкілдерін төтенше преске салып отырғаны тағы бар.
Өткен тарихта 1916 жылы қазақтар Ресей киліккен жаһан соғысына қатысқысы келмей көтеріліс жасаса, Екінші дүниежүзілік соғысқа екі бірдей «голодомор» мен 1937-1938-дің сұрапыл репрессиясынан кейін ұлттың бел омыртқасы үзіліп, өзіне қатысты емес соғысқа белсенді қатынасып, тағы да қырылып қалды емес пе?
Енді отыз жылдай жеке ел болып өмір сүріп келген Қазақстан тағы да Ресей үшін «русский мир» үшін соғысқа арандап қалмаймыз ба деген қорқыныш ел ішінде күшті. Бұл соғысқа қатысуға дәл қазақтың абсолют бөлігі қарсы, керісінше өз тәуелсіздігін қан кешіп, қорғап жатқан жауынгер, рухы күшті украин халқына симпатиясы зор.
Басқаны білмеймін, нағыз қазақтар украин халқын өзіне тағдырлас халық деп түсінеді. Ал шешімді Қазақстанның Ресейге көп жағынан тәуелді саяси билігі қабылдап жіберсе ше? Сондықтан, жұртшылық бұл мәселедегі Қазақстан билігінің позициясын анық білуге хақысы бар деп санаймын. Президент пен үкімет қазіргі қалыптасқан геосаяси жағдайдағы Қазақстан ұстанымын өз халқы алдында, халықаралық аренада анық, ашық жариялауға тиісті.
Ғалымтай Төлепберген, тарихшы-ғалым, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің аға оқытушысы.