Бурабай ауданында кәсіпкерлер өз қаражаттарына дәрігерлік амбулаторияны жөндеп берді. Ізгі іс. Жергілікті тұрғындар риза, ал аудан әкімдігі ауыл тұрғындарының саулығы үшін алаңдаулы. Бір қарағанда бәрі дұрыс сияқты. Бірақ бұл істің екінші жағы бар екені анықталды, деп хабарлайды Esilnews.kz тілшісі.
Сөйтсек, үш медициналық нысанды жөндеу жұмыстарын меценаттар емес, «Авиценна Бурабай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқаруы тиіс болған. Өйткені аталмыш ұйыммен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) аясында жасалған келісімшартта мұндай міндет нақты көрсетілген.
Үміт пен уәденің арасы алшақ
Сегіз жыл бұрын осы серіктестікке үлкен сенім артылып, аймақ медицинасын дамытуда жаңа кезең басталады деген үміт болған. Алайда жылдар өте келе жарқын ұрандардың соңы «мылтықсыз соғысқа» айналғандай.
Кезінде COVID-19 індеті кезінде қаржы заңсыз жұмсалғаны үшін екі басшысы сотталып, абақтыға жабылғаны белгілі. Бірақ компанияның өзі, не оның иесі, жауапқа тартылған жоқ.
Бұл жағдай жұртшылықтың орынды сұрағын тудырды: қалайша мемлекеттің миллиардтаған қаржысы жұмсалып, ақыры меценаттардың мойнына артылды?
Сот шешімі және жаңа үміт
2025 жылдың наурыз айында Астана қаласының соты Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының «Авиценна-Бурабай» компаниясына қарсы талабын қанағаттандырған. Сот шешімімен компания медициналық техника сатып алып, өз міндетін орындауға тиіс болды.
Сонымен қатар ҰҚК департаменті бұл серіктестіктің депозиттік шотына 738 миллион теңге көлемінде бұғат қойған.
Жақында аталған ғимараттар — балалар консультациясы, емхана және Морозов көшесіндегі тағы бір нысан ауданның иелігіне қайтарылады деп жоспарланып отыр. Осылайша, жер учаскелерімен бірге ғимараттардың өзі де мемлекет меншігіне өтпек.
Жаңа басшыға – ескі мұра
Бұл даулы мәселе қазір облыстың жаңа бас дәрігері Нариман Ермекке жүктеліп отыр. Ол Мемлекеттік басқару академиясында білім алған тәжірибелі маман. Енді соның бар білімі мен кәсіби әлеуеті осы күрделі түйінді тарқатуға жұмсалмақ.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл істі толық тексеріп, әділ шешім қабылдайтынын айтады.
«Барлық тараптың мүддесі ескеріледі. Ең бастысы – тұрғындар мен медицина қызметкерлері зардап шекпейді», – дейді басқарма басшысы Нариман Ермек.
Түйін
Мәселе бір күннің еншісінде емес. Бірақ аймақтың беделіне, тұрғындардың сеніміне әсер ететін маңызды бағыт – денсаулық сақтау жүйесінің адалдығы. Мемлекет қыруар қаржы бөлді, халық үміт артты. Ал оның жемісі неге бұлай болды?
Бұл сұрақтың жауабын Бурабай ғана емес, бүкіл өңір күтіп отыр.