17.7 C
Kokshetau
Басты бетЗерттеуАуылым Бүркіттінің баурайында

Ауылым Бүркіттінің баурайында

Сондай-ақ, оқыңыз...

…19 жылдың күзі еді. Аспан бұлтты. Шағын шаһардың ортасында базардың қасында тұрмын. Ойым онға бөлінген. Санамда сан сұрақ. Тағдыр Тәңірдің жазғаны дедім аспанға қарап, сол күні аспан бұлтты еді. Қаншама жинаған еңбегім, дүниемнің бәрі біреудің қолында қалып барады. Қаншама уақыт бойы маңдай тер, табан ақы, үш жұмыс істеп жүріп жеткен жетістігім бұл! Көз алдыма еріні шүртиген, жыланкөз, иемек иек, жалбыр шаш кексе әйел, сосын тұзкөз, шашқабас елестеді. Ертеңнен салып,кешке озған уақыттың жемісін жеп қалдым. Анам марқұмның бейнесі елестеді «Балам-ай, сен осы мамандықты дұрыс таңдадың ба, сөз өнерінің жүгі ауыр!..» деген. Үнсіз апам үйіне бардым.

Есіктен кірдім. Әкем отыр;-Обалына мен қалдым, жез қарғылы құба арлан қорашыл төбет боп, көзіне жайдың оғын түсірген екен балам, елдің алдында болмасаң да, ортасында жүрген азаматсың ғой ащыға құмартып, қадір -қасиетінді жоғалтып мына өмірден баз кешіп кетпе! деді. Үнсіз тілімді тістедім.

Жоқ, жоқ мен бұл қиындықтан өтемін. «Шағырмақ бұлт жай тастар» деген. Шығам бұл зындан қараңғылықтан екі шекем сыздап, жүрегім аузыма тығылып ұзақ отырдым. Сол түні қарашаның қары қалбалақтап жауып соңы боранға ұласты. Ау-уу… Дүр дүние!.. Жалған дүние!.. Ауылым туралы кітап жазам деген қаншама құнды материалдар бөлмемде қалды. Жазу үстелімде. Қаншама папкілер. Құдай-ау, жүйрік уақыттың көшімен ілесіп өзіме кабинет істеп ап, тек шығармашылықпен айналысам ба деген жоспарым бәрі әдірәм қалды дедім, күбірлеп уһілеп отырып, темекі шектім тыста тұрып, аспан бұлт. Ай жүзін жасырып маған күліп тұрғандай болды.

Қаншама кітаптарды сұрыптап, ауылымның арғы-бергі тарихын, жинақтадым. Ораз Баба. Абылай. Кенесары. Апақай қыз қыраты. Азан ақын. Әмина ақын Қалия ақын. Саттар Сейтқазин, Нұрмияш Көбенов. Оңайбай. Қызыл зират. Тәжіғұл т.б .
Сонау қасиетті Атыраудан ол кезде атақты мұнайшы ағам хабарласып;-Сенің жазғандарын ғаламат, кітабын бар ма? деп телефонның ар жағынан сұрады.
Әні -міне кітап шығарам ба деп дайындалып жүргем. Туған ауылымның аптал азаматтарын келесі ұрпақ ұмытпасын деп. Бәрі қалды. Хош. Енді Алла сәтін салса бастадым.

Баяғыда облыс орталығында я болмаса осы шағын шаһарда ауылдың баяғыда көшіп кеткен ағаларды көргенде сәлем бергенде «кімнің баласысың?» деп сұрап жатқанда өкпелеп қалушы едік.

Әдейі танымай отыр деп. Сүйтсек, ол хәл біздің де басымызға келді. О құдірет ауданда бір сайыс боп жатыр. Мен қазылар алқасындамын. Газет шаруасымен бір жерге баруым керек еді «Абай оқулары» білем. Өзімнің ауылымның баласын танымай ұятқа баттым. Бір уақытта айналайын өр қарындасым.

-Аға, елден кеттім деп ауылды ұмыттыңыз ба? деді. Төбемнен жай оғы түскендей сілейдім де қалдым.
-Кімнің баласысың? сұрадым.

Әкесінің есімін айтты. Ұят болды қарындасым. Келесі жолы міндетті түрде есімде жүреді дедім, қара жердің саңылауы болса кіріп кете жаздап.

…95 жыл. Сәуір айы. Күн маужырап тұр. Ағам Отан алдындағы борышын өтеуге кеткелі жатыр. Тәжік- ауған жерінде соғыс боп жатыр. Балаларды сол жаққа еркімен жіберіп жатыр деген әңгіме бар. Бәленше ауылдан бір жігіт сол жақта оққа ұшыпты деген дақпырт дүңк ете түсті. Ағам және тағы екі құрдасы үшеуін елордаға жібертем деп Әйтен ағам ақ Мәсківичті гүрілдетіп әкем екеуі Көкшетауға тартады. Кешке келеді.
Серікбай Садуақасовға бардық. ОблВоенкомға бірақ кірді. Келісті. Ойбай Серікбайдың беделі мықты дейді. Серікбай кім, ол кісі кім боп істейді, қандай қызметі бар, ол кезде далада ойын қуып, асық ойнап көшенің шаңына бөгіп жүрген баламыз бәлендей мән бермейміз. Ақыры, Серікбай Садуақасов Астанаға үш жігітті әскерге жібертті. Бертін ес білдік, ат жалын тартып газетте жұмыс істеп жүрдік.

Ауыл туралы жазсам ба деймін дедім әкеме екеуміз қою шайды сораптап отырып.
-Жаз,- деп біраз адамның есімін атады. Айтпақшы Есімсейіттің Серікбайың жазшы.

Баяғыда ағаңды әскерге жібергенде жеңгей Жібек екеуі күн барсақ та, түн барсақ та қонақ қылып күтуші еді. Бір шақырып ас бере алмадым,-деді.

Ол кісі біздің ауылдыкі ме?
-Иә, Таңатарды білесің ғой, соның ағасы. Таңатар аға, әкеммен көңілі жақын болды. Марқұмның мінезі тік еді. Ақ жигулиімен әкем Көкшетауға апар десе де, ауданға апар десе де кеп алып баратын. Сол Таңатар марқұмның ағасы ғой деді әкем.

Одан бері бес жыл өтіпті. Бес жыл. Құдай-ау асау уақыттың жүрісі көз ілеспейді. Өткен жылы Көкшетау шаһарында аға буынмен бір дастарқанда әңгімелестік. Баяғы Фрунзе. Қазіргі Абылай-хан ауылы ғой. Серікбай Садуақасовпен дос болғам деді бір кісі. Тағы да Серікбай ағаның есімі аталды.Көз алдыма әкем марқұмның бейнесі елестеді.
Ым…м…дедім.

Күнделік
19.11. 2019 ж.

Садуақасов Серікбай қажы

Көл бұлқынып көңілден,
Көбігі асып төгілген.
Сенің жүгің тасты езіп,
Қабырғасы сөгілген.

Н. Көбенов

Абылайхан ауылының тумасы

Әлқисадан бастайық. Бүркіттінің баурайында Абылай-хан деген ауыл бар. Бурабаймен шектесіп жатқан ауылдың тарихы да тереңде. Үлкен ауыл. Мінезді ауыл. Ірі ауыл. Қазақы ауыл. Жатқа жерді де бермейді, жатқа елді де билетпейді. Жұмылып жұдырық боп отырған ауыл. Қақылдап келгенде, бақылдатып мақұлдатып кері қуатын мықты ауыл. Тарихы тым тереңде дейтінім, сан ғасырдан бері киелі жердің төсінде талай-талай тектілер, мықтылар жүрген.

О құдіретті айтсайшы. Сонау ықылымда һәм Сақ пен Ғұн заманында осы ауылдың орнында шаһар болса керекті. Бұны ана жылы жер қазып, ескі қорымды зерттеп жүрген археолог зерттеуші жігіт айтты. Солай деген болжам бар деп. Содан бері адамзаттың дәуірімен жасасып келе жатқан ауылдан талайлар шықты. Ауылдан қанат қағып ХХ ғасырдың бейнетін бастан кешіріп бүгінде дүние салып, артында ізі ұрпағы қалған аға буынның басынан кешпеген, көзбен көрмегені жоқ.

Бұған тағы да арнайы тоқтала жатармын. ІІ дүниежүзілік соғыс басталған жылы ғазауат майданға Фрунзе ауылынан қаншама азаматтар аттанды. Артыңда жары, баласы, анасы қалды деп мүсіркеген, аяған үкімет болған жоқ. Еркек тоқты құрбандық. Жау жағадан алып жатыр. Демек, Отанды қорғау борышы деген ұранның жаһанды жарып тұрған уағы.

Қырқыншы жылы дүниеге келген Серікбай Садуақасов соғыс басталған жылы не бәрі бір жастағы бала еді. Дүниенің дүбірі қатты. Адамның қаны судай төгіліп жатыр. Батыс жақтан төніп келе жатқан Гитлердің армиясы. Ертеңгі таң қалай ататындығы бір құдайға аян. Бір жаста бесікте жатқан Серікбайдың әкесі Есімсейітте соғысқа кете барады. Әлемде «Соғыс» боп үміт пен үрей қатар жаһанды кезіп жүр.

Бесіктегі бала асқар таудай әкенің ғазауат майданына кеткендігінен бейхабар! Ал соғысқа кеткен әкенің тағдыры не болмақ? Алты айлығында уілдеп жатқанда Серікбай ағаның анасы дүние салған, сүйтіп ана деген қасиетті ұғым тек санасында сағыныш боп қалды. Мұндай аянышты көріністе ұлы Мұқағали ақынның өлеңі тіліне оралады.

Үрейменен өтеді ылғи тұнжыраған түндерім.
Сол сәбиді әлдилеген адамзатпен біргемін.
Қарғыс атсын!
Атсын қарғыс!
Түнге айналып күндері,
Сол сәбиді ұйқысынан шошытса егер,
Кімде-кім!

Тасыраң жынды ғасыр. Жын-жыбырлар билеген заман. Тұтас мемлекетті азулы қорқаулар, қатігездер билеп-төстеп отыр.

Әке соғыста. Тағдыры не болмақ? Егер, жау оғынан мерт болса, бір жастағы бесіктегі баланың маңдайына Жаратушы ие қандай бақыт сыйламақ, әлде бақыт емес сор мен бейнетті мәңгілік жазып қоймақ па!?Бұл тағы да ұлы уақыттың еншісінде.

Құдай жар болған шығар я аяған шығар, я болмаса мына жақта бесіктен белі шықпаған сәбиін қалды деген болар, әйтеуір әкесі соғысқа жарамсыз боп, төрт жылдан соң, бір қолдан айырылып елге оралады. Жүдеген ауыл. Жетім мен жесір, қаусаған қарт. Заман күйіп тұр. Іргесі іріп тұр, қабырғасы босап шіріп тұр. Тыраштанып ел отыр. Батыс жақта соғыс жүріп жатыр.

Өмір мен өлімнің, от пен оқтың ортасынан келген Есімсейіт ардагер, анасынан алты айлығында қалған ұлының маңдайына күн сүйгізбей тәрбиелейді. Қазынаның жұмысынан қаншалықты шаршап келсе де, алдынан шыққан ұлына мейірлене қарап, әрдайым ақылын айтады, үлкендерше сырласады.

Соғыс аяқталды. Елді қорғау жолында Отан үшін отқа түскен азаматтар келе бастайды. Алты айлығында анасынан жетім қалған Серікбай Садуақасовтың арманы қалай да оқу еді. Көкшетауда интернатта орналасып оқымақша болады. Бірақ ол жерде тек «тұлдыр жетімдерді» ғана қабылдайды екен. Әкесі тірі. Ақыры Бүркіттінің баурайындағы ауылға келеді. Ауылдың басқармасы Көкіш Сыздықов деген азамат. Соғыс бітіп, қыр гүлдеп, өмір жаңарып, дүниеге сәбилер кеп, өткен шақтың қиындығы мен қызығын ел аһілеп отырып еске алып жатқан мезет.

Ауылға келіп механизаторларды даярлайтын курсқа сұранады.

Құдай-ау, әлі бозөкпе бала, буыны бекімеген. Бұл курсты аяқтар, оқыр бірақ ауыр трактордың рөліне қалай ие болмақ? Әлде, әрі қарай темір тұлпарды тізгіндеп құлағында ойнай ма екен деген ауыл басшыларының санасында сұрақ тұрады.

«Ленин орденінің» иегері Көкіш Сыздықовқа, Серікбай Садуақасов кіріп оқуға жіберуін сұранады. Ауыл басшысы үнсіз тыңдайды да. Есепші Сейтмағанбет Қазыбаевқа тілдей хат жазып береді «Мына баланы механизаторлардың курсына жібер!» деген. Көңіл шіркін алып ұшып Сейтекеңге бармай ма?

Хатты оқиды. Оқиды да;-Айналайын-ау сені әлі баласың ғой, қайдағы курс, сенен қандай механизатор шығады? деп таңырқайды.

-Жоқ аға мен барамын, оқимын, әлі ақ маңдай алды механизатор боламын!-деп уәдесін береді.

Қаршыға әлсіз болса қаз алмайды демеуші ме еді. Механизатордың курсында ең жасы Серікбай Садуақасов болады. Трактордың бүге-шігесін қарау, оның тілін түсіну оңай ма емес. Бірақ талпыну керек, ұмтылу керек.

Осы сәтте Хрущевтің Қазақтың даласына сұқ көзін қадап тың иегеру арқылы жаңа реформаны қолға алып жаңаша жарлық береді. Тың және тыңайған жерді иегеру керек.

Ауылдың қазіргі аға буынының айтуына қарағанда соғыстан кейін елдің жәйі өте мүшкіл бопты. Өйткені, колхоз жұмысы тұралап қалған. Әрине, тұралайды әрбір он жыл сайын қиямет соғыс, ашаршылық, қудалау, қуғыннан зәре-зап боп қалған. Елу төртінші жылы Фрунзе ауылының егістік даласына мыңдаған тонна дән егілді.

Механизаторлар курсын бітіріп келген жігіттер білек сыбанып еңбекке араласты. Дала гүлденіп, нұрланып шыға келді. Қым-қуат дүбірлі дүниенің ішіне білек сыбанып кіріскен Серікбай Садуақасов темір тұлпарды ойнақтатып кең даланың төсінде жүреді.

Кеше ғана баласынып; «апыр-ай трактор жүргізу қиындыққа соқпай ма?» деп аяған ағалардың алдында берген құдай аты -уәдені қалай да орындап, алдыңғы қатардан табылам деген зор мақсаты сенімі болды.

Қиындық көрмей байлық келмейді.

Шыр етіп жарық дүниеге келгенде аяулы анасынан айырылды. Дүниеде анаңнан артық қасиетті жан бар ма?

Әрине жоқ! Жетім қозы жетілер де отығар, отығар да қатарға қосылар деген. Әкесі алапат соғыста жүріп, баласын уайымдап көппен көрген ұлы тойды басынан кешірді.

Бұл азамат боп ат жалын тартып мінді. Алдыңда қаншама асулар тұр. Арман ұзақ. Жалындаған жас жігіт темір тұлпарды тізгіндеп отырып, Бөрікталдың төбесіндегі жалғыз шынарға көз тігіп, Қосқызылдың шоқ ағашына сүйсіне қарап, сағым ішінде бұлдырап көрінетін Қаратал мен Қарабатырдың жалпағынан жатқан даласына сүйсіне қарады. Дүр дүние. Әлі ақ мен қатарға қосылам. Айқай дүние! Анамның жетпеген арманына МЕН жетем!..

Кешегі хандар мен бектер, төре мен төлеңгіттер, көсемдер мен билер бас қосқан Дәшті Қыпшақтың кең даласының бір пұшпағы Абылай ауылының қыр-қыраты трактор тізгінің ұстап кең далада ойқастап жер жыртып, дән сеуіп жүрген азаматтың алдында әлі де алар асуың бар дегендей үнсіз мүлгіп тұрды.
(жалғасы бар)

Бурабайдың Жеңісі.

spot_img
spot_img
Мәселе
spot_img
Барлық мақалалар

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз