23 қыркүйек күні кешкісін Атбасар – Қийма трассасында, Ащыкөл ауылының тұсында «Volkswagen Golf» пен «Lada Granta» көліктері соқтығысты.
Апат салдарынан сегіз адам зардап шекті. Олардың арасында әйел адам ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр. Жедел жәрдем жеткенше 11 жастағы қыз бала алған жарақатынан көз жұмды.
Тағы үш бала – 2016, 2017 және 2023 жылы туғандар – бастапқыда Атбасар ауруханасына жеткізілді. Кейін оларды медициналық авиация арқылы Көкшетауға, Ақмола облыстық балалар ауруханасына апарды. Сондай-ақ Сергеевка ауылынан шыққан қыздың да жағдайы ауыр: дәрігерлер бас сүйек-ми жарақаты мен көптеген сынық анықтады.
Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Тәртіп сақшылары жүргізушілерге жолда жылдамдықты асырмауды және көліктің техникалық жағдайына мұқият болуды ескертеді.